Салдармен емес, себеппен күресу керек

708

0

Қызылордада тілсіз жау тыйылмай тұр. Коронавирус пандемиясы кезінде карантин талабын бұзғандарды анықтауда алғашқыдағыдай қарқын жоқ. Бұл мәселелер облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет төрағалық еткен мәжілістің өзегі болды.

Мамандар өрттің шығу себебін көбіне тұрғын­дар­дың өзіне әкеп тірейді. «Өйт­кені қауіпсіздік талап­та­рын сақтамайды» дейді. Негізгі себеп ретінде электр желісінің тұйықталуы, үйде­гі пеш пен газ қондырғы­ла­рындағы ақау айтылып жүр.

– Жылу беру маусымы басталғалы тұрғын үй сек­торларында 167 дерек тір­келді. Қаза тапқан 4 адам­ның 3-і, жарақат алған 2 адамның 1-і – бала, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жауапты сала өкілдерінің шұғыл жиналуына бір жа­ғынан күні кешегі қайғылы жағдай себеп болды. Қы­зылорда қаласының «Қызыл­жарма» қыстағындағы үй­лер­дің бірінен шыққан өрт 1 жастағы сәбидің өмірін жал­мады. Құтқарушылар жа­лынға оранған орыннан әйелді және оның 4 қызын шығарып үлгерген.

Облыстық төтенше жағ­дайлар департаменті бас­ты­ғының міндетін атқа­ру­шы Руслан Қайрақбаев де­партамент қызметкер­ле­рінің тұрғындарға сақтық шараларын түсіндіруінің ке­мі жоқ екенін жеткізді.

– Көмірқышқыл газын анықтайтын 3838 құ­рыл­ғы сатып алынып, оның 3723-і көпбалалы және қалтасы кө­термейтін отбасылардың үй­леріне орнатылды. Соның арқасында 3 отбасының қай­ғылы жағдайдан аман қалғанын айтпасқа болмай­ды, – деді ол.

Төтеншеліктердің аяғы­на оратылатын кедергі аз емес. Мысалы, кейбір ау­лалар мен үйлердің кіре­бе­рістерінде темір пли­та, бетон қоршау тұр. Қы­зыл­орда қаласындағы Сыр­да­рия өзенінің сол жаға­ла­уындағы тұрғын үйлердің аулаларында су көздері жоқ. Көше бойында өрт гид­ранттары болғанымен, іске алғысыз.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша облыстық санитарлық-эпидемио­ло­гия­лық бақылау департа­мен­тінің басшысы Динара Жаңабергенова карантиндік шектеудің сақталуын бақы­лайтын мониторинг топта­ры­ның жұмысын сынға алды.

– Жыл басынан бері осындай 24 топ 1060 ны­санда рейдтік тексеру жүр­гізді. Нәтижесінде Қызыл­орда қа­ласы мен Сырдария, Жала­ғаш, Жаңақорған ау­дан­дарында отбасылық-ме­ре­келік шара жасаудың 8 дерегі тіркелді. Қалған ауданда заңбұзушылықтың анықталмауы күмәнді, – деді департамент басшысы.

Кафе, мейрамхана, ком­пьютерлік клубтарда – 27, балабақша мен мектептерде 9 дерек тіркелді. 38 жеке, 4 заңды, 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мәжіліс қорытынды­сын­да облыс әкімінің орын­басары құзырлы орындарға өрттің салдарымен емес, себебімен күресуді тапсыр­ды. Ал мониторинг топта­рының жұмыс қарқынын күшейту керек. Өйткені Ден­саулық сақтау министр­лігі алдағы айда корона­ви­рустың өршуі мүмкін екенін болжап отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<