Сенбілік сауда қызып тұр

683

0

Өткен сенбі күні облыс орталығында Жаңақорған ауданы және «Байқоңыр» ӘКК» АҚ ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Мұнда шаруалар жаз бойы баптаған өнімін қала тұрғындарына әдеттегі нарықтан 10-15 пайызға төмен бағада саудалады. Бұл жолы жаңақорғандықтар 25 көлікпен азық-түлік әкелді. Нақтырақ айтсақ, ауданнан 25 тоннадан астам күріш, 25 тоннаға тарта картоп, 15 тонна қауын мен қарбыз, 15 тонна асқабақ, 10 тонна пияз, әрқайсысы 5 тоннадан сәбіз бен көкөніс өнімдері жеткізілді.

Астана даңғылында ұйымдастырылған жәрмеңкеде жергілікті картоп, асқабақ, пияз, сәбіз өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Әсіресе, тұрғындар Жаңақорғанның брендіне айналған қауын мен қарбызын кезекпен алды. Бұған қоса, Жаңарық, Қыркеңсе, Аққорған ауылдық округтерінен жеткізілген күріш сауда легін көбейтті. Орайы келгенде айта кетейік, мұнда картоптың келісі 140, сәбіз 150, пияз 70-80, қауын мен қарбыз 70-80, асқабақ 100, қызанақ 200, қияр 260-300, күріштің келісі 280 теңгеден сатылды.

Таңсәріден басталған сауданың көркі сағат санап қыза түсті. «Байқоңыр» ӘКК» АҚ ұсынған өнімдерге ағылған жұртшылықтың да қарасы қалың. Олар да әкелген өнімінің біраз бөлігін санаулы сағатта өткізді. Мұнда азық-түліктің ішінде ет, балық, сүт өнімдері, көкөніс, бақша дақылдары жақсы өтті. Әсіресе, данасы 29 теңге тұратын жұмыртқаға кезекке тұрғандар көп.

Осылайша, ауылдағы ағайын бейнетпен өсірген өнімін қала халқына ұсынды, ал сапалы өнім мен баға шарықтаған тұста қалтаға ауырлық түсірмей, елдің дәмін татуға мүмкіндік алған тұрғындар шаруаларға ризашылығын білдірді.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<