Сенсация жалғасуда

538

0

Катар жерінде футболдан Әлем чемпионаты жалғасуда. Бәрін айтпай, маңызды ойындарға тоқталып өтейік. Апта аяғында нағыз алыптар кездесті. Нақтырақ айтсақ, Е тобындағы басты кездесу Испания және Германия құрамасының арасында өткен болатын.

Ханс Флик шәкірттері үшін бұл ойын өте маңызды еді. Себебі мұның алдындағы ойында Жапонияға 2:1 есебімен жол беріп, ұятты жағдайға қалғаны бар. Ұятты дейтініміз, неміс мәшинесі әлем футболында мундиальді  4  мәрте  жеңген  фаворит құрама саналады. Ал бұл матчта жеңіліс тапқан жағдайда плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігі тіпті азаятын еді. Бір жағынан, Испанияның бұл чемпионатта өзгелерден ойыны бір бас жоғары. Оны Луис Энрика шәкірттері алғашқы турда-ақ байқатқан. Өйткені Коста-Риканы 7:0 есебімен ойсырата жеңіп, турнирлік кестеде көш бастаған еді.

Қош. Ойынға ойысалық. Қос құрама әдемі ойын өрнегін көрсеткенімен, бірінші таймда есеп ашылмады. 40-минутта Антонио Рюдигер гол салды. Осы тұста команда жанкүйерлері демін ішке тартып, бір қуанған. Алайда неміс қорғаушысының офсайдта қалуына байланысты гол есепке алынбады. Екінші кезеңді қос команда әдемі пас, жойқын шабуылдармен бастады. Соның арқасында 62-минутта испандар алға шықты. Сол жақ қанаттан Жорди Альба асырған допты Альваро Мората қақпада тулатты. Бұл бір «Реал Мадрид» пен «Барселона» командаларының «Эль-классикодағы» үндестігіндей болды. Бірақ кездесудің 83-минутында алаңға тыңнан қосылған Никлас Фуллкруг таразы басын теңестіріп кетті. Осылайша, матч 1:1 есебімен аяқталды.

Иә, екі турдан соң Испания құрамасы Е тобында төрт ұпаймен көш бастап тұр. Бұл топтағы екінші ойында Коста-Рика құрамасы Жапонияны минималды есеппен тізе бүктіріп, топтағы жағдай шиеленісіп кетті. Матчтағы жалғыз голды 81-минутта Кейша Фуллер соқты. Қазір Жапония мен Коста-Риканың еншісінде үш ұпай бар. Ал Германия бір ұпаймен соңғы орында келеді. Енді немістер топтан шығуы үшін Коста-Риканы жеңуі қажет. Ал Испания жапон футболшыларынан басым түсуі керек.

Бұл Әлем чемпионаты сенсацияға тола болды. Соңғы онжылдықта бабы мен бағы қатар шауып, тәуір нәтиже көрсетіп жүрген команданың бірі – Бельгия құрамасы. Мақтаулы команда бірінші турда Канаданы  1:0 есебімен жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінген. Алайда екінші кезеңде Африка құрлығынан келген, көбісі ортанқол ұжымдардың қатарына кіргізетін Мароккоға оңбай есе жіберді. Сөзсіз матч бойы басымдық еуропалықтардың еншісінде болды. Алайда бірінші ойынында Хорватиямен 0:0 есебімен тең түскен марокколық футболшылар азулы қарсыласына тегеурінді қарсылық көрсетті. Жалпы, мұндай бәсі жоғары бәсекеде абай болмасаң, қай құрама да қапыда қалдыруы мүмкін. Сондай ұрымтал сәтті марокколықтар өз пайдасына шешіп кетті. Ойынның 73-минутында айып добын орындаған Абдельхамид Сабири бельгиялық қақпашының осал тұсын тауып, командасын алға шығарды. Ал 92-минутта Закария Абухляль керемет гол соғып, доп айырмасын еселеді. Қорытынды есеп – 2:0.

Ал бұл күнгі тағы бір ойында ірі есеп тіркелді. Бұл – Хорватия мен Канада арасындағы матч. Ойын небәрі екінші минутында канадалық сол жақ қорғаушы Альфонсо Дэвис есеп ашқанмен, бірінші таймда есеп 2:1 болып, хорваттардың пайдасына шешілді. Ал екінші таймда Модрич бастаған жігіттер қарсылас қақпасына тағы да екі гол тоғытты.

Айтпақшы, С тобында да тамаша ойын болды. Соның ең айтулысы – Аргентина мен Мексика құрамалары арасындағы ойын. Өздеріңізге белгілі, азуын айға білеген аргентиналықтар алғашқы турда-ақ сүрінді. Кімнен, қалай сүрінді? Ең қызығы да – осы сауал. Жалпы, Әлем чемпионаты емес, жай жолдастық кездесудің өзінде ешкім ескере бермейтін Сауд Арабиясына есе жіберді.

Енді қателессе, бұдан былай қайтып Әлем чемпионатында ойнамайтын Мессидің арманы біржола тапталатын еді. Оның үстіне, келесі ойында жеңіске жетпесе, бұл ұжым жарысты жалғастыру мүмкіндігінен айырылып қалатын. Соны аңғарған Месси бастаған футболшылар Мексиканың осал тұсын табуға бар күшін салды.

Жанкүйерлер тосыла күткен кездесу барысында дәл осындай жағдай көзге ұрып тұрды. Алғашқы минуттан алға ұмтылған аргентиналықтар Мексика қақпашысы Гильермо Очоаның осал тұсын табуға тырысты. Аргентина шабуылына лайықты төтеп бере білген мексикалықтар бірнеше қолайлы сәтте алға қарай ұмтылып көрді. Дегенмен бірінші кезеңде таблодағы есеп өзгерген жоқ.

Екінші таймда аргентиналық футболшылар есепті ашуға күш салды. Десе де біраз уақытқа дейін дегеніне жете алмады. Тек ойынның 64-минутында Лионель Месси алыстан тепкен добын қақпа торында тулатты. Осыдан соң мексикалықтар қарымта шабуыл ұйымдастырып,  бірнеше мәрте әдемі соққылар жасады. Бірақ бұдан өзгерген ештеңе жоқ. Керісінше, 87-минутта Месси шеберлігімен тағы да көзге түсті. Ол құрамадағы әріптесі Энцо Фернандеске пас шығарып, соңғысы оны голға айналдырды. Осылайша, Аргентина қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Алдағы Польша құрамасына қарсы ойын аргентиналықтар үшін шешуші ойын болмақ. Роберт Левандовский бастаған жігіттер үшін де солай. Өйткені олардың еншісінде қазір 4 ұпай бар. Ал Аргентинада 3 ұпай.

Орайы келгенде айта кетейік, 2 тур барысында екі команда Әлем чемпионатындағы жорығын аяқтады. Олар – алаң қожайыны Катар мен мұхит асып келген  Канада құрамалары. Сондай-ақ, бір команда мерзімінен бұрын 1/8 финалға шығып қойды. Ол – D тобында Данияны 2:1 есебімен жеңген Франция құрамасы. Енді Килиан Мбаппе еңбегі біразға дейін ел аузынан түспейтін секілді.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<