Шиелі кентінде 18 пәтерлі үй пайдалануға берілмек

1250

0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Шиелі ауданының әкімі Қамбарбек Мүбараковты  қабылдады. Кездесуде Қ.Мүбараков аудандағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын баяндап, макроэкономикалық көрсеткіштеріне тоқталды.

Шиелі ауданында ағымдағы жылы өнеркәсіп орындары арқылы 33,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 13,5 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 167,1 пайызға артқан.

Биыл ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің саны 5 180 субъектіге жетіп, өткен жылға қарағанда 108,9 пайызға артқан. Кәсіпкерлік саласы бойынша барлық мемлекеттік бағдарламалар аясында 747 жоба  қаржыландырылып, жоспар 106,1 пайызға орындалған.

Ауыл шаруашылығы бойынша аудандағы құрылымдар 30 млрд 653 млн теңгенің өнімін өндірген.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Шиелі кентінде
 үш қабатты 18 пәтерлі 5 тұрғын үйдің және бір қабатты 25 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада үш қабатты 18 пәтерлі 1 тұрғын үйді пәтер иелеріне табыстау жоспарлануда.

«Өңірлерді дамытудың 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Тартоғай және Сұлутөбе елді мекендерінің ауыз сумен қамту жүйелерінің және бас су қоймасының құрылыстары жүргізілген.

Жақын күндері Жаңатұрмыс ауылдық округі бойынша 205 тұрғын үй табиғи газға қосу жоспарланған.

«Самара-Шымкент-Майлытоғай» автомобиль жолы орташа жөндеуден өткізілген. «Жиделіарық елді мекеніне кіре беріс» автомобиль жолына орташа жөндеу, «Самара-Шымкент» автомобиль жолының ауданға қатысты 6,5 шақырымын қайта құрылымдау жұмыстары жүруде.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында және аудан бюджетінен Шиелі кенті бойынша ұзындығы 23,5 шақырым 68 көшеге және 11 елді мекенде ұзындығы 23 шақырым 27 көшеге  күрделі, орташа және жай жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты қашықтықтан оқитын оқушылар үшін электронды техникалар алынып, үкімет резерві қорынан бөлінген қаржыға 730 планшет, 290 компьютер жеткізіліп, құрылғысы жоқ балаларға таратылған.

Кездесу соңында өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Шиелі ауданы әкімі Қамбарбек Мүбараковқа ауданның экономикалық көрсеткішін арттыру бағытында бірқатар тапсырма беріп, эпидемиологиялық ахуалды ұдайы назарда ұстау қажеттігін жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<