Шілденің шайына келіңіз

2261

0

Бұрын Сырдың бойын шілде шыққаннан ыстық қысатын, биыл бұл қысым маусымнан басталып кетті. Арасында бір-екі күн ғана желкемдеп, алдап қоятыны бар.

Ал, соңғы апта тіпті сорақы. 45-46 градус ыстық деген гидрометцентр хабары жанқалтамызда жүр, әй, бірақ, оны көлеңкемен есептеген дейді. Сонда бізде елуден әрі. Бірақ, біздің Қызылорда жұрты елу градусыңды елемей, самаурынның құлағынан ыстық шайды бұлақша ағызып, бұрқыратып әңгіме соғып отыра береді.

Біз расында да төзімділік жағынан әлемде бірінші орын алатын халықпыз-ау. «Шілде» сөзі арап тілінен аударғанда «қырық» деген мағына береді-міс. Бұрын қазақтардың мұсылмандық ұғымында «шілдеге түсу» деген болған. Медресе бітіріп, шатырхат алған үздік шәкірттер – дәруіш, сопы, ақындар жер астына түсіп, қырық күн бойы ешкімді көрмей, сөйлемей, тек Алламен ғана үнсіз тілдескен. Мұны қазіргіше медитация деуге болады. Соған төзген қазақпыз. Түркістан маңында, Қарнақ елді мекенінде сол ескі медресенің орнындағы қылует әлі күнге бар дейді, көргендер.

Әуелде қырық күндік мезгіл ретінде айтылып, кейін отыз күндік ай ретінде қолданылып, қалыптасып кеткен шілдені қазақ «ұлы шілде», «кіші шілде» деп екіге бөледі. Есепшілердің айтуынша, жаздың ыстығы мен қыстың суығы қырық күндік уақытпен есептеледі. Халық астрономиясында «қырық күн шілде» дейтіні сол.

Жазғы шілде 25 маусым мен 5 тамыз арасындағы жаздың ең ыстық қырық күні болса, қысқы шілде 25 желтоқсан мен 5 ақпан аралығын құрайды. Бұл табиғат құбылыстары Үркердің жерге енуі мен тас төбеде шақырайып тұру уақытымен пара-пар есептелген. Алайда, шілде сөзі қыстың емес, жаздың екінші айын атауға негіз болған. Қазақтар үшін қыстың ызғарынан гөрі, жаздың ыстығына төзу шыдамдылық сипаты секілді. «Қырқына шыдап, қырық біріне шыдамайсың ба?» деудің сыры осында.

Негізі шілде – табиғат үшін тамаша ай. Құстардың көбейетін, егіннің балбырап пісетін шағы. Құдай «Алаштың анасына» үйіп-төгіп берген. Дәл осындай ыстық өзге өңірде болмайды, болмаған соң жер мен күнді тел еметін тәтті жеміс өсіре алмайды. Ал, Сырда өсетін мұндай жемістің – қауын, қарбыз, шие, өрік, қияр, қызанақ (тізімді толтыра беріңіз) адам ағзасына қаншалықты пайдалы екенін, тіпті оның қырық ауруға шипа беретінін білімді дәрігерлер айтсын. Ыстық ауа – жел-құздың да емі.

Ауа-райының қосу 40 градустан жоғары деңгейі адам ағзасына ыстық су ішкендей әсер береді екен.

Шығыс ілімі бойынша, мәңгілік жастықтың құпиясы нақ ыстық суда сақталған. Бұл – қайнап басылған су емес, дәл 40-45 градус температурадағы су. Тибет дәрігерлері ашқарынға ішілген бір кесе ыстық су адамның өмір жасын ұзартады деп тұжырым жасаған. Оның себебін ыстық су түн ішінде жиналған асқазандағы зиянды микробтарды өлтіреді деп түсіндірген. Сондай-ақ, бұл бас сақинасынан, қан қысымының жоғарылауынан, қаназдықтан, семіздіктен, буындардың қабынуынан айықтыратын тәсіл болса керек. Мұны айтып отырған Тибет медицинасының бүкіл әлемде мойындалғанын бәріміз білеміз. Осыны маңдайға алған қытайлар дәмханаларда тамаққа тапсырыс әкелместен бұрын бір кесе ыстық су ішуге дағдыланыпты. Ал, Құдай бізге бұл нығыметті жаз ыстығы мен еуропалықтар сияқты салқын сусын іше бермей, ыстық шайға құмарландыру арқылы өзі беріп тұр.

Қазір түскі астың кезі, ыстық шай болмаса етке тәбет жоқ.

Дүйсенбек Аяшұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<