Ширек финалға қай құрамалар шықты?

597

0

Катар жерінде өтіп жатқан футболдан Әлем чемпионатында плей-офф сатысындағы ойындар бүгін мәресіне жетеді. Қазірге дейін ширек финалға жолдама алған екі құрама қатарына тағы екеуі қосылды.

1/8 финалдағы алғашқы кездесуде Нидерланд пен АҚШ құрамалары шеберлік байқасты. Екі құрама бұған дейін алты мәрте кездескен. Оның бесеуінде нидерландтық футболшылар жеңіске жетсе, біреуінде американдық құрама басым түсті.

Кездесу барысында нидерландтық футболшылар шабуылға көбірек шықты. Бірінші кезеңде олардың тарапынан гол соғатын бірнеше мүмкіндік болған еді. Осындай сәттердің бірінде Мемфис Депай 10-минутта есеп ашса, Дейли Блинд  46-минутта есепті еселеді. Екінші кезеңде америкалық Хаджи Райп есеп айырмасын қысқартты. Ал 81-минутта нидерландтық Дензел Думфрис мергендік танытты.  Осылайша Нидерланд қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсіп, ширек финалға жолдама алды.

Ал тағы бір ойында Аргентина құрамасы Австралияның осал тұсын тапты. Қарсыластарынан 2:1 есебімен басым түсіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Аргентина шабуылшысы Лионель Месси өз спорттық жолында Аустралиямен матчта мыңыншы рет жасыл алаңға шықты. Спорттық мансабының басым бөлігін Испанияның «Барселона» клубында өткізген ол атақты команда құрамында 778 кездесуде доп тепті. Лионель қазіргі клубы Францияның «ПСЖ» командасында 53 ойында алаңға шықты. Сонымен қатар ұлттық құраманың жейдесін 169 рет киді.

2018 жылғы Әлем чемпионы Франция 1/8 финалда Польшамен шеберлік байқасты. Матчты француздар қарқынды бастаса, поляктар да қарап қалмады.

Ойынның 44-минутында Килиан Мбаппеден пас алған Оливье Жиру Польша қақпашысы Войцех Щенсныдан айласын асырып кетті. Бұл – оның Франция құрамасы сапындағы 52-ші, рекордтық голы еді. Екінші кезеңде 74-минутта француздар қарсы шабуылды сәтті ұйымдастырды. О.Жиру допты оң қапталдағы Усман Дембелеге жылжытты. У.Дембеле сол қанаттағы К.Мбаппені тапты. Мұны мүлтіксіз пайдаланған Килиан есепті 2:0-ге жеткізді. Сөйтіп ол Әлем чемпионаттарындағы сегізінші голын соқты. 91-минутта К.Мбаппе тоғыздықты дәл көздеді. 23 жастағы футболшы  осы  чемпионатта 5 голмен жеке-дара мергендер көшін бастады.

Матч соңында венесуэлалық Хесус Валенсуэла Франция қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Роберт Левандовскийдің тепкен добын әуелі У.Льорис қақшып алды. Бірақ төреші Р.Левандовскийге пенальтиді қайта орындатты. Бұл жолы 99-минутта Польша капитаны мүлт кетпеді. Осылайша Франция қарсыласын 3:1 есебімен жеңіп, жарыстың 1/8 финалына жолдама алды.

Англия мен  Сенегал кездесуі барысында құрамалар тезірек  гол соғуға  тырысқан еді. Десе де, бір-бірінің қақпасына жасалған шабуылдар аяқсыз қалып жатты. Осындай сәттердің бірінде англиялық Джордан Хендерсон 38-минутта соққан гол өз құрамасын алға шығарды. Ойынның 48-минутында Гарри Кейн мергендік танытып, Тұманды Альбион елі құрамасының басымдығын арттырды. Ал 57-минутта Букайо Сака қорытынды есепті белгіледі. Осылайша Англия қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсті.

Англия құрамасы әлемдік мундиальда жеңімпаз болуды алдына мақсат етіп қойған жайы бар. Ағылшындар мұндай жетістікке жалғыз рет – сонау 1966 жылы қол жеткізді. Чемпион атануға аталған құраманың барлық мүмкіндігі бар.

Жарыстың аталған сатысында 5 желтоқсанда Жапония мен Хорватия, Бразилия мен Оңтүстік Корея құрамалары кездесті. Ал 6 желтоқсанда Марокко мен Испания, Португалия мен Швейцария ¼ финал жолдамасын сарапқа салады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<