Спорт  жанкештілікті қажет етеді

141

0

Грек-рим күресінен Олимпиаданың қос дүркін жүлдегері, екі мәрте Әлем чемпионы Ақжол Махмұдов Сыр өңіріне келді. Облыс орталығында өткен Тәйімбет Көмекбаев атындағы турнирге арнайы қонақ болған саңлақты аз-кем сұхбатқа шақырып, әлемде күрес спортының дамуы жөнінде

ой бөліскен едік.

– Кейінгі жылдары бауырлас қырғыз елінде балуандық өнер­дің кеңінен қанат жа­йып келе жат­қа­нын байқау қиын емес. Олим­пиада және Әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар бар. Күрес­тің осылайша қарқынды дамуына қандай жағ­дайлар әсер етті?

– Қазақ халқы секілді біз де ба­луандыққа бейім болып келеміз. Сан алуан сайыстан бөлек, ірі жиын-тойларда арнайы жарыстар өткі­зі­ліп тұ­рады. Осындай себептермен күреске қы­зы­ғушылық білдірген жастардың қатары жыл­дан-жылға көбейіп келеді. Солардың бірі ретінде өзімді айта аламын. Аға буынға еліктеп өстік. Олардың тәжірибесін үйренуге ты­рыстық. Ше­берлігімізді шыңдадық. Өз еліңнің атынан шық­қаннан кейін намыстың туын төмен түсірмеуге тырысамыз. Қай кезде де есімізден елдің сенімі, үміті мен аманаты шықпайды. Сон­дықтан боз­кілем үстіндегі белдесу барысында күш-жігерімізді аянып қалмаймыз. Спорт жанкештілікті қажет етеді. Әр жетістікке маңдай тер­ді төгу арқылы жетуге болады. Еш­қандай еңбексіз шыңды бағындыру мүмкін емес.

Қырғызстанда мемлекеттік дең­гей­де күрес түрлерін дамытуға көңіл бөлінген. Оған қар­жылай көмек жа­салады. Балуандар үнемі да­йын­дыққа ден қойып, уақытын тиімді пайда­лануға тырысады. Бұл біз үшін жазылмас қағидаға айналған. Сондай-ақ бізде білікті бапкерлер саны жылдан-жылға артып келеді. Келешекте де көпшілікті толайым табыстармен қуанта аламыз деген ойдамыз.

– Биыл күрес түрлерінен Азия чем­пионатында қырғызстандық спорт­шылар үздік алтылықтан кө­рін­ді. Оны жоғары жетістік ретін­де бағалауға бола ма?

– Рас, құрлықтық додадан қор­жынымыз бос қайтқан жоқ. Оған шү­кірлік етуге болады. Десе де жарыстан бұрын бапкерлер алдымызға үлкен мақсат қойған еді. Оны орындай алған жоқпыз. Ендігі кезекте сол қателіктерге жол бермеуге тырысамыз.

–  Белдесулерде қазақстан­дық балуандармен жолың жиі то­ғысып жатады. Олардың ше­бер­лігін, тә­жірибесін қалай баға­лай­сың? Кім­дерді ерекшелеп айтуға бо­лады?

– Біз жарыс барысында бір-бі­рі­мізге қарсы­ласпыз. Ал өмірде достық қарым-қатынас үзілген емес. Қазақ­стандық балуандардың да шебер­лігін жоғары деп айта аламын. Әлемдік деңгейдегі бәсекелерде үздіктер қа­тарынан көрініп жүрген жігіттер аз емес. Мәселен, жерлестеріңіз Айдос Сұлтанғали талай жарыста топтың алдында болды. Қазір бәрін тізіп айтып шығу мүмкін емес шығар. Мен олардың қабілет-қарымын өте жоғары деп бағалаймын. Кейде жеңіспен бірге сәтсіздік те қатар жүреді. Балуандар бір жарыста қарсыласына есе жіберсе, енді бірінде чемпиондық атаққа қол жеткізеді. Қашанда біз үшін жанкүйердің қолдауы ерекше. Ол бізді жігерлендіреді. Жетістікке жетелей түседі.   

Жалпы, әлемде күрес түрлері жо­ғары баға­ланады. Алдыңғы қатар­да кө­рініп жүрген мемлекеттер бар­шы­лық. Азия құрлығында Иран, Жапония балуандары үздік үштіктен төмен түсіп көрген емес. Сондай-ақ Өзбекстан, Қазақстан спортшылары да жеңімпаз тұғырынан жиі көрініп келеді. 

– Рақмет.

Сұхбаттасқан

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<