Студенттік өнер фестивалі қорытындыланды

1081

0

Облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен өткен «JASFest – 2023» студенттік өнер фестивалі өз мәресіне жетті. Фестиваль талантты жастардың шығармашылық шыңдалуына жол ашып ғана қоймай, музыкалық мәдениет пен өнерді жандандыруға, жаңа таланттарды ашуға және қолдауға бағытталды. Жастардың рухани әлеуетін көтеріп, шығармашылық өсуіне мол мүмкіндік қарастырылған өнер додасына аймақтағы 15 оқу орны қатысуға өтініш білдірді.

Өнер додасында жастар эстрада және заманауи әндер, дәстүрлі және заманауи билер, күй өнері, поэзия жанры, бейнероликтер байқауы, жайдарман, театрландырылған көрініс жанрлары бойынша сынға түсіп, өзара жеңіс тұғырына таласты.

Өнер фестивалінің жастар орталығында ашылу салтанаты өтіп, орталық директоры Талғат Тілес барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Құрметті дарынды да талантты жастар! Еліміздің ертеңі, мәдениет пен өнердің жанашырлары! Бүгін баршамыз облыстық өнер фестиваліне жиналып отырмыз. Сыр елінің өзі мәдениет пен дәстүр, ұлттық өнер ошағы іспеттес. Түркі жұртын тоғыстырған дәстүрлі өнердің түп-тамыры орналасқан қасиетті мекен. Талай дүлдүлдер, ақын-жырау, сал-серілер туған топырақ. Сол серілердің жалғасы өнерлі жастар – сіздерсіздер. Бүгін сынға түскелі отырған барша өнерпаздарға сәттілік тілеп, жеңіс тұғырынан көрінулеріңе тілектеспін , – деді Т.Тілес.

Алғашқы күні дәстүрлі және заманауи ән жанры бойынша 9 қатысушы өзара бақ сынады. Ән сайысына Мәдениет қайраткері, облыстық филармония артисі Үміт Медеуова, әнші Бекзат Молдабергенов және облыстық филармония конференсьесі Амандық Жаппарбердиев қазылық етті.

Нәтижесінде «JASFest – 2023» студенттік өнер фестивалінің бас жүлдесін М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжі жеңіп алса, II орынды Қызылорда жоғары көпсалалы колледжінің талантты жастары иеленді. Ал III орын «Болашақ» жоғары медициналық колледжінің қанжығасына бұйырды. Мұнымен қоса барша қатысушылар арнайы Алғыс хатпен марапатталды.

Ал поэзия жанры бойынша үздік деп танылған 4 қатысушы, күй өнері бойынша 3 қатысушы, «Жайдарман», театрландырылған көрініс жанрлары бойынша 3 команда және бейнеролик сайысынан ең креативті және сапалы деп танылған 3 қатысушы туындыларын гала концертте көрерменге ұсынады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<