Сыбайлас жемқорлық -қоғам дерті

1589

0

Әрбір азамат өзінің қызметін адал атқарып,туған елінің шынайы патриоты болғанда ғана қуатты мемлекет құрылады. Елге адал қызмет ететіндер де, керісінше, теріс қылық жасайтындар да бар. Содан болар, халық несібесі мен ел қазынасына қол салатындардан арылу барлық мемлекеттің өзекті мәселесіне айналып отыр.Бұл тұрғыда елімізде арнайы заңдар қабылданып, жүйелі бағдарламалар жүзеге асуда.Тіпті, сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс-әрекеттің алдын алуға көмектескендерге үкімет тарапынан арнайы сыйақы да қарастырылған.Олардың қауіпсіздігі заңмен қамтамасыз етілген.

Мемлекет басшысының бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруды көздейді. Мұндағы 3+3 формуласы, тәлімгер түсінігі және мемлекеттік қызметке қабылдаудың төменгі лауазымдардан басталуы секілді тетіктер жемқорлықпен күреске жаңа бағыт беріп отыр. 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия мемлекеттің жегіқұртқа қарсы саясатының негізгі бағыты.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда қызмет бабын теріс пайдалану, мемлекет мүлкіне қол сұғу,сыбайлас жемқорлыққа бой алдыру секілді қоғамның қалыпты дамуына кері әсерін тигізетін, ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жағдайларға бас назар аударылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті.Осы себепті, сыбайлас жемқорлықпен күресу және оған қарсы тұру, оның алдын алу үшін лауазымды тұлғадан бастап, қатардағы әрбір қызметкерге дейін заң талаптарын білуі және оны сақтауы тиіс.

Өйткені, көп жағдайларға сыбайлас жемқорлыққа бару, қылмыс жасау қарапайым қағидаларды, заңды білмеушіліктен туындап жатады. Егер адам парақорлық пен жемқорлық үшін өзін қандай жаза, жауапкершілік күтіп тұрғанын білсе, ойланары сөзсіз. Азаматтарымыздың заңға деген құрметі артса, заң үстемдік құрады. Осы жағдайда ғана қоғамымызда жегіқұртқа айналған сыбайлас жемқорлықты жеңетініміз күмәнсіз.

Қоғамда жемқорлыққа «нөлдік төзімділік» ахуалын қалыптастырудың маңызы зор.Сыбайлас жемқорлықты түптамырымен жоюда бұл талаптың орны ерекше. Қызметтік міндеттерін атқаруда жауапкершілік, адалдық танытқан адам қылмыстық, жемқорлық жасаудан бойын аулақ ұстайды. Мұндай жандардың адал іс-әрекетімен өзгелерге де ықпал етері анық. Әр азамат осылайша жемқорлықсыз қоғам қалыптастыруға атсалысуға міндетті. Азаматтар пара беруді мәселе шешудің ең жеңіл, оңай жолы деп біледі. Ал, кез келген мәмелені заңды жолмен шешуге үйренсек, жемқорлық өзінен-өзі тыйылады.

Ғалым Имағанбетов,

Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сот приставы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<