Сырдария ауданының әкімі қорғаныс бөгеттерімен танысты

225

0

Фото: Сырдария ауданының әкімдігі

Үкіметтің 2024 жылғы 20 ақпандағы кезекті отырысында су тасқынының алдын алу жұмыстары қаралып, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов өңірлерге нақты тапсырма берді. Осыған байланысты аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев су тасқынын алдын алудың бекітілген алгоритміне сәйкес шаралар қабылдау және мұз қозғалысы кезінде жеке құрамның күшейтілген режимге көшуін қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Сырдария өзенінің жағдайымен танысып, «Узтоп» және «Соркөл» учаскелеріндегі қорғаныс бөгеттерін көрді. Аудан басшысына «Сырдариясушар» өндірістік учаске басшысының орынбасары Мирлан Айтмұханов өзендегі су жағдайын айтты.

Жалпы, аудан аумағынан өтетін Сырдария өзенінің ұзындығы 75 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда «Қараөзек» арнасына 36 текшеметр су жіберіліп, «Айтек» су тоспасынан 90 текшеметр су өтуде. Өзенде мұз толық ұстасып тұр, қалыңдығы – 15-20 см шамасында. Берік Әбдіғаппарұлы өзен бойындағы қауіпті учаскелерге бақылауды күшейту керектігін атады. Сондай-ақ, азаматтық қорғау қызметтері күш-құралдарының үнемі дайындықта болуын қадағалауды тиісті сала басшыларына тапсырды.

Айта кетейік, бүгінде су тасқынының алдын алуға материалдық-техникалық қорда 6000 дана қап, 700 дана пашын және 500 дана қада дайындалған. Қосымша жанар-жағармайға «Углесбыт» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Сонымен қатар, аудандағы су басу аймақтарындағы қауіпті учаскелерге 8 мекеме, 34 арнайы техника, 222 адам бекітілген. Жалпы, халықты су басу аймақтарынан көшіру мақсатында 4 эвакуациялық жинақтау және 7 эвакуациялық қабылдау пункттері дайындыққа келтірілген.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<