Сырдария: Жемісті жартыжылдық

443

0

Биылғы алғашқы жартыжылдықта Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер байқалды. Жоспарланған ауқымды іс-шаралар жүзеге асып, тұрақты өсім қалыптасты. Бұл жөнінде аудан әкімі Берік Сәрменбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистерге жан-жақты баяндап берді.

– Биыл аудан бюджеті 9,6 млрд теңгеге бекітіліп, 10,7 млрд теңгеге нақтыланды. Айта кетсек, оның 63,7 пайызы әлеуметтік және инфрақұрылымдық саланы дамытуға бағытталған. Өнеркәсіп саласында оң динамика көрініс берді. Өнеркәсіп өндірісі 68,5 пайызға ұлғайса, өңдеу өнеркәсібі 3, ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,4 пайызға өсті. Инвестиция 72,4, тұрғын үй 26,9 пайызға көтерілсе, құрылыс жұмыстарының көлемі 5,3 есеге артты.  Сырдария ауданының халқы негізінен аграрлық саламен айналысады. Егілген егістің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға артты. Күріш 23,5 мың гектарға орналастырылса, қалған бөлігін басқа дақылдар құрайды. Облыс әкімінің қолдауымен су тапшылығы мәселесіне байланысты былтыр шаруашылықтарға 22 насос алынса, биыл қосымша 4 насоспен толықтырылды, – деді аудан әкімі. 

Өткен жылдан бастап облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрғындарға бақша дақылдарын егуге арнайы жер әзірленді. Ол былтыр 210 гектарды құрап, 865 отбасының қысқы азығын дайындауына жол ашылды. Биыл 359 гектарға дейін артып, 1105 отбасы әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша егуге мүмкіндік алды. Бұл бағытта жастар белсенділік танытуда. Былтыр 2 ауылда (Айдарлы, Аманкелді) жастар бригадасы 20 гектарға егін ексе, биыл қосымша 4 ауылда құрылған жастар бригадасы 60 гектарға бақша дақылдарын орналастырды.

Ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға мән беріліп, наурыз айынан бастап тұрақты түрде жәрмеңкелер ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, бұл мақсатта 2 әлеуметтік дүкен халыққа қызмет көрсетеді. Оларға қажетті азық-түлік қорын толықтыру мақсатында шаруашылық құрылымдарымен меморандум жасалған. Оның ішінде ақталған күріш те бар. Мұндағы азық-түлік бағасы нарықтан 15-20 пайыз төмен.

– Бүгінде ауданда 3247 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс жасап тұр, – деді Берік Әбдіғаппарұлы. – Ол өткен жылдың осы кезеңімен  салыстырғанда 34 пайызға өскен. Алғашқы жартыжылдықта мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 1,4 млрд теңгені құрайтын 184 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Жыл соңына дейін тағы 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Ал жеңілдетілген несие алу үшін 414 млн теңгені құрайтын 49 жобаның құжаты қаржы ұйымдарына ұсынылды. Халықтың табысын арттыру мақсатындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 489 жобаның құжаты «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына берілген.

Оның айтуынша, ауданда құрылыс және коммуналдық сала бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда. Биыл 7,4 млрд теңгенің 62 жобасы қолдау тауып, 6,8 млрд теңге игерілді. Жол жөндеу саласы бойынша 31 жобаға 1 млрд теңге қаржы бөлінді. Сол арқылы 27,6 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланды. Есепті кезеңде 14,3 шақырым жол қайта жаңғырту және орташа жөндеуден өтті.

– Ауданда электр желілерінің 70 пайызының тозығы жеткен. Осыған байланысты 2,7 млрд теңгеге Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл, Шаған ауылдарының электр бағанасы мен желісі, трансформаторлар толық жаңартылуда. Ал Тереңөзек кенті мен Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин ауылдары үшін  жобалар әзірленуде. Мұндай жұмыстар ауызсу құбырын жаңарту бағытында да қолға алынған. Сондай-ақ, аудан орталығы табиғи газбен толық қамтамасыз етілген. Ендігі кезекте елді мекендерде газдандыру кезең-кезеңімен жүргізіледі. Биыл Қалжан ахун ауылына газ жүргізуге 330 млн теңге бөлінді. Алдағы уақытта С.Сейфуллин және А.Тоқмағамбетов ауылдарының тұрғындары да «көгілдір отын» игілігін көруге мүмкіндік алады, – деді Б.Сәрменбаев.

Биыл ауданда 1233 жаңа жұмыс орны ашылып, бұл 57,6 пайызды құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аудан орталығында 300 орындық жаңа мектеп құрылысын салу жоспарлануда. Ауданда халық денсаулығын жақсарту үшін медициналық мекемелер жаңартылуда.

Облыстық бюджет қаржысымен Іңкәрдария, А.Тоқмағамбетов пен Қалжан ахун ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік бекеттері күрделі жөндеуден өткізілуде. Ал республикалық бюджеттен Н.Ілиясов ауылында жаңа амбулатория құрылысы салынуда.

Көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарына аудандық бюджеттен 97 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстары жүргізілуде. Биыл жасыл белдеуге 5 мың түп көшет отырғызылса, аудан орталығындағы «Майжарма» каналының бойы (145 млн) демалыс орны ретінде абаттандырылуда. Сондай-ақ, И.Тоқтыбаев көшесінің бойына 133 млн теңгеге ұзындығы 3,2 шақырым болатын тротуар мен лоток салынды.

Биыл ұлттық мәдениетті дамытуға бағытталған түрлі форматтағы 401 іс-шара өткізілген. Облыс әкімінің тапсырмасымен, демеушілік есебінде 6 ойын алаңы салынды. Ал облыстық бюджеттен бөлінген 88 млн теңгеге Тереңөзек кентіндегі спорт клубы ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Оған қоса биыл Бесарық ауылындағы спорт кешені пайдалануға беріледі.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<