Тәулігіне 200 текше метр өнім шығарады

347

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Сыр еліне келген жұмыс сапарында темір-бетон бұйымдарын өндіретін жаңа зауытқа да барды.  Биыл ашылған комбинат күніне 200 текше метр темір-бетон бұйымдарын өндіреді. Президент өндіріс кешеніне оң бағасын беріп, кәсіпкерлермен кездесу барысында шағын және орта бизнесті өркендету үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

«Құрылыс-көлік компаниясы» ЖШС іске қосқан зауыт заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Толық автоматтандырылған кешен жұмыс жеңілдігін қамтамасыз етпек.

– Құрылыс материалдарын өндіреміз. Одан бөлек, мұнай саласына керекті құрылыс темір-бетон бұйымдарын шығарамыз. Құрылыс материалдарының барлық көлемі облыс аумағына жеткізіліп жатыр, – деді кәсіпорын құрылтайшысы Исламғали Қозыбақов Президентпен кездесуде.

Өңірімізде өнеркәсіп өндірісі қарқынды дамып келеді. Бұл аймақ әлеуетінің артуына сеп болып, жұмыссыздар санын азайтуға мүмкіндік бермек. Шағын кешенде үй құрылысына қажетті жабын плиталар, әртүрлі өлшемдегі баспалдақтар, жол тротуарлары дайындалады. Өнім құрамына қажетті қоспалар жергілікті жерден алынады. Сондықтан нарық бағасынан әлдеқайда арзан. Соған сай сұраныс та жоғары.

– Қазіргі таңда зауытта 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бізде бетон бұйымдарының сапасына бейжай қарамайтын жауапты мамандар жеткілікті. Өнім құйылып шыққан соң арнайы температурада кептіріліп, содан кейін сатылымға шығады. Бүгінде облыс аумағын толықтай қамтып келеміз. Алдағы уақытта еліміздің басқа да өңірлеріне шығу жоспарлануда. Сапа болған жерде даму қарқын алмақ, – дейді бөлімше бастығы Болат Мадияров.

Айта кетейік, зауыт жыл көлемінде жұмыс істейді. Жұмысшылар 200-350 мың теңге көлемінде жалақы алады. Кешенде жұмысшы жастардың саны басым. Бөлімше бастығының айтуынша, жұмысшылар арнайы оқу курстарынан өтіп тұрады. Қай кезде де тәжірибе жетілдірудің маңызы айрықша.  Зауытта 40 техника жұмыс өнімділігін арттырып, уақыт талабына сай еңбек етуге мүмкіндік бермек.

Қазіргідей нарық заманында құрылыс материалдарының қымбаттауы әрбір салаға кері әсер етері анық. Ал жергілікті жердегі мұндай өнеркәсіп орындарының қуатты жұмысы – Президент тапсырмаларын орындаудың бір дәлелі.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<