Тәжірибе алаңы

161

0

Әрбір мемлекеттік органда персоналды басқару қызметі маңызды роль атқарады. Аталған құрылымдық бөлімше, қызметкерлерді жұмысқа қабылдаудан бастап, сынақ мерзімін белгілеу, тәлімгерді тағайындау, біліктілігін арттыру, тәртіптік жазаларды қолдану, жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы еңбек шартының тоқталуына дейінгі барлық мемлекеттік қызметті өткеруге қатысты функцияларды жүзеге асырады.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті аймақтағы мемлекеттік органдардағы персоналды басқару қызметінің жауапты мамандарына әдістемелік семинарлар өткізуде.

Шараның мақсаты – жауапты мамандарға құқықтық әрі әдістемелік көмек көрсету, мемлекеттік қызметті өткеруге қатысты түйткілді мәселелерді талқылау.

Жыл басынан басталған семинар осы кезге дейін орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, облыс әкімдігінің, облыстық басқармалардың, Қызылорда қаласы мен Арал ауданы әкімдіктерінің персоналды басқару қызметтерінің мамандарына өткізілді.

Кезекті әдістемелік семинар Қазалы ауданының жергілікті атқарушы органдарының персоналды басқару қызметі мамандарына онлайн форматта өтті.

Департамент басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев семинарды ашып, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің қызметтік мінез-құлық қағидалары» тақырыбында баяндама жасады.

Б.Байхожаев өз баяндамасын түркі әлемінің ұлы тұлғаларының бірі, ғалым әрі мемлекет қайраткері Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу білік» дастанындағы билік өкілдеріне қойылған талаптардан бастап, ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі талаптары туралы түсінік берді.

«Мемлекеттік қызметшілер азаматтармен, ұжымда сөз сөйлеуде сыпайылық пен әдептілікті ұстануы қажет. Өз кезегінде, халықпен қарым-қатынасының негізгі көрсеткіші – мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы болады. Сондықтан, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдау, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы ретінде халықтың сұранысына бағдар ұстану талаптарын қояды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта да жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық көрсетпеуі тиіс», – деді Б.Байхожаев.

Келесі кезекте департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Талғат Нұртаев мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиясының жұмысы және осы комиссияның 1-ТК есептерін толтыру талаптарын түсіндірді.

Ал, департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасының жетекші маманы Гүлсая Мұрат мемлекеттік қызметшілерді ротациялау және конкурссыз ауысу қағидаларына енгізілген өзгерістерді таныстырып, «Е-қызмет» персоналды басқарудың ықпалдастырылған ақпараттық жүйесімен жұмыс жасау барысында жіберілетін қателіктерге тоқталды.

Мемлекеттік қызметшілер жұмыстан шыққан уақытта «Е-қызмет» жүйесінде шығу сұхбаттарын толтыру керек. Яғни, әрбір мемлекеттік қызметші жұмыстан босату өтінішін «Е-қызмет» жүйесінде толтырып, сауалнамадағы сұрақтарға жауап беруі тиіс. Департамент тарапынан 2019-2020 жылдары мемлекеттік қызмет жүйесінен кеткен тұлғалардың жұмыстан шығу сұхбатына талдау жүргізілді. Талдау нәтижесімен, Қызылорда облысының жергілікті атқарушы органдарынан 2019 жылы жұмыстан өз өтінішіне сәйкес босатылған 68 қызметшінің небәрі 5-уі, яғни 7% ғана, ал 2020 жылы жұмыстан кеткен 90 қызметшінің 19, яғни 21% шығу сұхбаттарын толтырғандығы анықталды. Шынайы жүргізілген сұхбаттар мемлекеттік қызмет жүйесінен кетудің себептеріне мониторинг жасап, тиісті шараларды қабылдауға өз септігін тигізеді.

Сонымен қатар, семинарда ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының кабинет меңгерушісі Құралай Жырауова мемлекеттік қызметшілердің біліктілік арттыру мәселесіне және академияға оқуға түсу, оның ішінде магистратураға, доктарантураға құжат тапсыру тәртібіне тоқталса, осы филиалдың доценті, психология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Аяғанова «Қызмет тиімділігін арттырудың 5 жолы» тақырыбында психологиялық дәріс оқыды.

Әдістемелік семинар соңында қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, қызмет барысында кездесетін түйткілді мәселелер талқыланды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз