Теңізден терең тағылым

301

0

Соғыс және еңбек ардагері Сақып Оңғарбайұлы әкемізді мен қартайған шағында көріп, айналайынын естіген адамның бірімін. Баласымен бірге оқыған соң, осы үйге жиі баратынмын. Түйе жүнінен жасалған көрпешенің үстінде нардай болып отыратын ақсақалдың болмыс кенінде асыл қазынаның көмбесі жатқаны аңғарылатын. Бірақ, біз ол кезде жаспыз, қолымызға қалам ұстап, жазу өнеріне ене қоймағанбыз. Енді сол кісіні жақын білетін жандардан суыртпақтап тартқан әңгімеге қарасам, әкеміздің бастан кешпегені жоқ, қаншама қиындық пен салмақты көтеріп, кейінгі күндерге қалай жеткен деп таңғаласың.

Біз бүгін ел-жұртының қамын жеп, ерлерге тән өмір кешкен, ұрпағына өнеге қал­дырған Сақып әкенің тағдыры мен тіршілік тінін толғап көрмекпіз.

Ол кісі 1917 жылы қазіргі Арал ауданы Ақбасты аулында өмірге келген. Жасында мешіт молдасынан дәріс алған. Ес білгелі ақбоз үйде малдас құрып отырып ұзақ сонар әңгіме айтатын ақсақалдардың сөзін тыңдап өсіпті. Олар шежіре, тарихты, батырлар ерлігін жыр қылып шертетін. Сол балалық кезден жадында қалған жәдігерліктер өте көп болатын.

Осы өңірде өмір сүрген, әрі­сін айтпағанда берінің еншісіне жататын Құл, Сартай, Жылқаман, Жылқайдар сынды батырлардың, Еспенбет, Нұртуған, Нұрмағанбет сынды жыр дүлдүлдерінің, Жетестей билердің өнегелі сөздері, батырлық болмысы мен елдік істері қазақ даласының тәрбие тініндей әкеміз Сақып ақсақалдың да аузынан естілетін.

Балалық шағы ақ пен қызылдың аласапыранына тұстас келген әкеміздің беткеұстар бар ағайыны қызылдардың озбыр саясатына қарсы күресіп, опат болған.

Алыс-жақынға «Бес жаяу» атымен белгілі болған Бекбауылдың бес ұлы – Оралбай, Оңғарбай, Сәрсенбай, Ізтілеу, Ахмет сынды аузы дуалы, сөзі уәлі азаматтар сол заманның бір-бір қазығына айналған жандар еді. Кеңес өкіметі ел жақсыларын етектен тарта келді. Байлардың малын тәркілеп, молдаларды қудалап, мешіттерді атқораға айналдырды. Ұйып отырған жұртты артель қыламын деп аздырып, ТОЗ құрамын деп тоздырып жіберді. 1925 жылы Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болған Ф.И.Голощекин «Кіші Октябрь революциясы» деген сұмдықты ойлап тапты. Колхоздастыруды жедел аяқтау, үкіметке астық өткізу жоспарын көтеру, зиянды элементтермен күрес, тағы да басқа жоспарларды сызып ұсынған Голощекинге көсем Сталиннің өзі: «Сіздің жобада көрсетілген саясат – бірден-бір дұрыс саясат» деп қолдаған. Ал, енді бұл саясаттың дұрыс еместігін айтып, оған қарсы келген әулет басшысы Мұхиядин Меңдібаев ату мен айдаудың құрбанына айналды. Біз әңгімелеп отырған Сақып ақсақалдың ағайынға ортақ шежіре тарихы да сан тарау. Сол қиын кезеңде қолына кісен салынып, айдауда кетіп бара жатқан жайсаң жан артында қалған балаларына: «Заман қиынға айналды, бізді аямаған бұл өкімет сендердің де бастарыңнан сипай қоймас, Ақтөбеде 60 үй, Қарақалпақстанда 40 үй Қалматай бар. (Қалматай қыз алыспайтын жақын аталықтың атауы). Тарықсаңдар, іздеп барып паналарсыңдар» деп бастарынан сипауы ақырғы әрекеті екеніне көңіл құрғыр ол кезде сенген жоқ еді. Сол бөлініп қалған 100 үй ағайынның кейінгі тағдыры, тарыдай шашылған күйі басы қосылмауы Сақып ақсақалдың бойында мәңгілік сағыныш күйінде өзімен бірге кетті.

Әкесі Оңғарбаймен аталас Меңдібайдың баласы Мұхиядин Арал ауданы № 2 ауылда 1890 жылы туған. Өте білімді, жеті өнерді меңгерген, жеті елдің тілін білген кісі екен. 1925 жылдан 1928 жылға дейін Шалқардағы Мұхтасибаттың орынбасары болыпты. Мұхтасибат діни ұйымдар басқармасы болып саналады. Бұл ұйымда діни сауаты жоғары, білімді адамдар қызмет еткен. Кезінде Ресей патшалығы ел ішіндегі саясатын жүргізу үшін Мұхтасибатпен санасқан.

Большевиктердің үкімет басына келуінен бастап атеистік мемлекет құру идеясы жүзеге асырыла бастады. 1918 жылы бірінші РКФСР Конституциясында діннің мемлекеттен бөлінуі жарияланып, азаматтардың дін тұтыну еркіндігімен қатар дінге қарсы үгіт-насихат жүргізу құқығы бекітілген. Сонымен бірге дінбасылар қанаушы тапқа жатқызылып, сайлау құқығынан айырылды.

Осыған байланысты 1926 жылы РК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің «Дінге қарсы үгіт-насихат жұмысы туралы» резолюциясында діннің тап­тық мәні ашып көрсетіліп, мұсылман дін қозғалысының әлеуметтік мәні жағынан кеңес өкіметіне қарсы си­паты атап өтіледі. Резолюцияға сәй­кес Қазақстанда Мұхтасибат институттарын жауып, қайта құрылуына жол бермеу ұсы­нылды. Билік органдары діни қызметкерлерді қатаң бақылауға алып, діни жиналыс, съезд, мешіттердің салынуы билік орган­дарының арнайы рұқсатымен жүзеге асырылды. Қорыта айтқанда, кеңес өкіметінің исламға және мұсылмандарға қатысты саясаты «социалистік», «дінсіз қоғам құру» жолында жалпы дінмен күрес аясында жүзеге асырылды.

Мінекей, Мұхиядин секілді сауатты, елшіл, иманы тасыған, айбыны асқан адамдарды халық ішінен аластатудың тәсілдері осындай заңдармен орындалған. Мұхиядин Меңлібаев 1930 жылы «жалшылар еңбегін қанағаны», міндетті салық тапсырмасын орындамағыны үшін деген желеумен сотталған.

Тәуелсіздік жылдары жа­рық көрген қуғын-сүргін құрбан­дарының нақты деректері туралы «Аза» кітабының (Қызылорда облысы) 107-111-беттерінде осы әулеттің басшысы М.Меңдібаевтың хан сайланғаны, кеңес өкіметіне қарсы күрескені, оның жақтастарының кім болғаны, ұсталып, қандай жазаға кесілгені баяндалады.

1931 жылдың қараша айында М.Меңдібаев өзінің ауылына №2 ауылдың байларын шақырып, жасырын жиналыс өткізіп, онда көшуді қайткенде тәуір жүргізу мәселесі қаралған. «Кеңес өкіметі бәрібір бәрін тартып алып қояды, тек байлардан ғана емес, кедей шаруалардан да тартып алады, ал, егерде біз алыстағы Қарақалпақтың шекарасына көшіп кетсек, тәуелсіз өмір сү­реміз және кеңес өкіметіне қарсы күресу үшін ұйымдасамыз», – деген.

Кітаптан сөзбе-сөз келтіріліп отырған осы үзіндіде Меңлібай бала­сы Мұхиядиннің халық үшін қаншалықты жанашыр және күрескер адам болғаны кө­рініс тапқан.

«Тез алға жылжып, Шымбай ау­данына жетуіміз керек, онда біз ты­ғылып, кеңес өкіметіне қарсы да­йын­дық жұмыстарын жүргіземіз, ал бір жағдай бола қалғанда біздің жеткілікті қаруымыз бар» деген.

«Шұбар төбе» деген жерде өткізілген мәжілісте Меңді­баев хан болып сайланған, оның көмекшілері болып байлар Қоңырбаев Ермағамбет пен Құлтасов Аяпберген сайланған». Бұл да кітаптан, яғни, кеңес өкіме­тінің қудалауына ұшыраған аталарымыздың дерегі туралы сақталған архив құжаттарынан алынған нақты мәлімет.

Бұл мәліметтен Мұхиядин атамыздың халық ішіндегі беделі мен тұлғасы танылады.

Осылайша, Сақып әкенің көптеген ағалары мен туыс бауырлары өкіметке қарсы шықты деген желеумен ұсталып, атылған, ит жеккенге айдалған. Олардың әулетіндегі мал-мүлік түгел кәмпескеленген. Әке-шешеден, ағайын-бауырдан ерте айрылған ол кісінің өз өмір тарихы да тағдыр тартысына толы.

Сақып Оңғарбайұлы 1937-1938 жылдар шамасында Кеңес армиясы қатарына алынған. Фин соғысында атты әскерде болған. Ат үстінде қылыш ойнатып, отта шыңдалған жауынгер жорығы 1941 жылғы Отан соғысымен жалғасқан. Бұл соғыста ол – реактивті артиллерия ротасында болып, халық аузында «Катюша» деп аталған соғыс техникасын меңгерген алғашқы қазақтардың бірі.

Майдан даласында талай жараланып, жанкештілікпен жауға қарсы ұмтылды. Соғыстың талай сұрапылын көзінен өткізді. «Катюшаның» көмейінен от шашып, жеңіс күніне жетті. Көрсеткен ерліктері үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германия жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.

Бір емес, екі бірдей қырғын­ның қанын толарсақтан кешкен Сақып әке осылайша он жылдан соң ғана елге оралады. Ел ішіндегі ауыр тұрмыс қанды соғыстан да кем түспеген екен. Өзі ауылдан кеткенде ар­тын­да қалған әулеттің алпыс ада­мынан бірде-бір қара қалмапты. Әкелері сталиндік репрессияның құрбаны болса, аш­тық пен оба індеті әулетті түгелдей тізерлеткен еді. Қарулы жауды жеңіп келіп, қарусыз майданда қаза болған бауырларының табанындағы топырақты алақанымен уыстап маңдайға жағып, аңырап қалған жас азаматтың сол шақтағы жан күйзелісін сөзбен суреттеп болмас. Осылайша, ол нағашыларын паналап, ер болмысын тіктеп еңбек етуге кіріседі. Сол заманда әскерге міндеттелмейтін жасы егде тартқандарды, броньмен қалды­рылғандарды соғыстан қираған қалаларды қайта көтеруге не­месе соғыс қару-жарағын дайындайтын зауыттарға жұмысқа жегетін. Мұны халық іші «трудовая армия» яғни, «еңбек майданы» деп атайды. Бірнеше жыл осындай еңбек майданында болып оралған Сақыптың ағасы Зәкір елге келгенде жалғыз інісімен кез­деседі. Күллі әулеттің бел­гісіндей болып қалған екі аға­йынды сол күн­нен бастап бір бірін сүйемелдеп, ел қатарына қайта қосылады. Өмір сүрудің ендігі мәні еңбекте екенін ұғынған Сақып Оңғарбайұлы ауыр бейнеттің арбасын сүй­рейді. Жұмыс та, қоныс та таң­дамайды. Теңіздің ең қиыр шетіне, елсіз далаға кетіп, жапандағы жалғыз үй болып күн кешкен кездері де болатын. Атакәсіп – балықшылықпен айналысып, теңізге қайық жүз­діріп, ау салып, керме тарт­ты. Қазалы, Құланды, Беларан, Шө­мішкөл, Жалағаш, Ауан – жағалай жатқан балықшы қоныстарының бә­рінде маңдай тері тамды.

Сақылдаған сары аязда сыр алдырмай, ми қайнатқан аптап ыстықта күй таңдамай, күндіз-түні бейнеттен бел жазбаған сол кездің адамдарының қо­лы құрыштан, белі беріштен шы­ғар.

Соғыстың жан солқылдатқан азабынан ел есін жинай бастаған тұста Сақып Оңғарбайұлы Манаш Аймағанбетқызымен бас қосып, шаңырақ көтереді.

Манаш Аймағанбетқызы 1927 жылы қойнауы құт, айдынды Аралдың Шалқармен шекаралас Көкарал, Ақбасты, Бозой, Құланды түбектерін қоныстанған Шектінің Жақайым аталығынан тарайтын Торжымбай, Байшаған аталығына белгілі Дәріқұл, Желдірден тарайтын Аймағанбет, Әбу атты ақсақалдардың шаңырағында дүние есігін ашқан. Көне тарихтың көзіндей сол ақса­қалдар кешегі өткен Жылқаман батырдың батагөй ба­балары және солардың ұрпақтары болатын. Жүзінде нұр, жүре­гінде има­ны тасыған сол ата­лардың ұста­ған мешіттері күні кешеге дейін иман­ды­лық жолын көрсетіп, елге қызмет етіп келді.

Манаш анамыз замандас­тарымен салыстырғанда еңбек­ке ерте ара­ласты. Мектепте алған білімін жетілдіруге қолындағы әке мен шешені қимай, балық аулау, оны өңдеу жұмыс­тарына араласты. Қолы қалт еткенде үйдегі Аймағанбет ақсақал мен Айжан ананың тіршілігіне қолғабыс жасау да Манаш анамыздың міндеті еді.

Колхоздастыру, кәмпеске, аш­тық, соғыс секілді зауал­дардың бірінен соң бірі жалғасып жатқан қиын кезеңдерде айдалғанды да, атылғанды да, аштан қырылғанды да көріп өскен Манаш анамыз өмірдің мәнін терең түсінетін. Сон­дықтан өмір бойы еңбекке ең­кейген күйінен, бар-жоқ­тың қадірін бағалаған қалыптан айнымаған адам.

Манаш анамен бас қосқан сонау бір кезеңді қайта еске алсақ, Сақып әкенің өмір ке­зеңіне жарық сәуле түс­кен­дей еді. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дегенді қа­зекем қалай дөп айтқан. Дас­тарханның дәмі тәттіленіп, үйдің ішіндегі адамға адам қо­сылып, көрген азап, кешкен бейнеттің берекесі кіре бастаған жылдардың ұзақ әңгімесі өз алдына бір дастан.

Халық батыры Жылқаман жорыққа шығарда батасын алмай аттанбайтын Дәріқұл бабаның тұқымы болып ке­летін Манаш анамыз береке мен ырыстың алтын ыдысын ұстаған жан еді. Өзіміз бұл кісінің қолынан талай дәм таттық. Есіктен кіргеннен аты­мызды айтып, төрге оздыртып алатын кеңдігі қилы дәуірдің жолынан өтіп, әулеттің анасы атанған әзиз қалпын айтпай ұқтыратын.

Жұбайлық өмірде жарты ғасырға жуық уақыт бір ғұмыр кешкен Сақып әкеміз бен Манаш анамыздан он перзент дүниеге келіп, өсіп жетілді. Омырауына «Алтын жұлдыз» тағып, «Батыр ана» деген құр­метті атақты абыроймен алып жүрді. Бес қыз ұза­тып, бес келін түсіріп, бесігінен қы­рыққа жу­ық немере-шөбере иіскеп, ме­йірін қандырған аяулы ана тоқсан жастың үстіне шығып, өмірден озды. 

Күллі жастық шағын тау­қыметпен, ауыр еңбекпен өт­кіз­­ген әке мен шеше бар бай­лығы балаларымыз деп білді, жиған-тергендерін солардың білім алуына, шаңырақтарын тіктеуіне жұм­сады. Ата-ана­ның тәлімін бойға тоқып, ең­бегін ақтаған балаларының ал­ды ғылым докторы, ғылым кандидаттары атанды. Әр қай­сысы әр салада же­місті ең­бек етіп, тәуелсіз еліміздің өркен­деуіне өз үлес­терін қоса білді.

Сақып әкенің теңіз бен балық шаруашылығының қыр-сырын ала­қа­нының қырты­сындай білетін «тірі энци­клопедия» болғаны жайын­да жа­зылған аты көпке белгілі ағамыз, Қызылорда облысы­ның құрметті қай­раткері Қуа­ныш­қали Шапша­ңовтың «Аға тағы­лымы» атты әңгімесі бізді қатты қызықтырды.

Сақып әке бір жылдары Құланды, Ақеспе ауылдарының ортасындағы теңіз жағасына қоныс тепкен Жа­лағаш атала­тын елді мекенде балық қа­былдау бөлімінің бастығы бол­ған екен. Сол кезде Қуаныш­қали аға мектеп жа­сындағы бала едім дейді. Ал, Сақып әкенің әңгімесі сол күйі есінде қалыпты.

«Ауды дұрыс салмай, да­уылға ық­тырып, шалаңға бөк­тіріп алатын кездер де бо­­лады. Ол кездегі аулар бүгін­­гідей капрон жіптен емес, мақ­­та жіппен тоқылған. Со­ларды уақы­­ты­­сында судан кептірмей, ші­­рітіп те аламыз. Оның жыр­­тылған көзде­рін сеп­теп, сө­гілген арқалық-табан­­дықтарын көңгейлеп, құралды бүтін­деп алу да оңай­ға соқпайды. Уақыт бәрін үйре­теді, үйрене жү­ріп тамақ асырадық. Мұзбен бірге ығып кету ол жылдары теңіздің қай жағасынан бол­са да кездесіп тұратын. Ди­зель моторлы шағын ағаш ке­ме кейін келді. Оған дейін көлігіміз жазда желкенді, ес­кекті қайық, қыста атшана, түйе­шана болатын. Отыз-қырық шақырым жердегі бө­лім­шелерге көшкенде қа­йық­ты есіп барамыз, жел оңынан тұрса, желкен құрамыз.

Балықтың көп, өнімді ау­ланатын кезі – көктем айла­ры. Сондықтан бұл мезгіл «ба­лық­шының алтын айы» деп аталады. Көктемде балық­тың барлық түрі тайыз суға, жағаға келеді. Бұл кез – балық маусымы. Ал, маусым дегеніміз санаулы күн, өтеді де кетеді. Көктемгі балық ау­лау маусымында теңіздің сол­түстік-батыс жағасындағы Құ­ланды түбегіндегі «Изенді» де­ген жерден ауланатын шө­меке балығын, «Айжарым тас­ты» участогіндегі сазан, басқа да ойын балықтарын, күзде Сыр­дарияның құяр сағасын­дағы «Са­фуан» участогінен ақ­балық пен шабақ аулауға қолдың қысқалығынан қатыса алмай, ылғи да несібеміз кем болып жүретін. Кеткен есені енді қайтарып жатырмыз.

Жаздыкүні, шілденің тас қайнатқан ыстығында балық аулау біршама қиындайды. Себебі, су жылиды. Ба­лықтар суы салқын тереңге қоныс ау­да­рады. Ашық теңізде ой­най­ды. Аз жүзеді, көп жата­ды, қысқа май жинайды. Ал, тамыз айынан бастап, жина­ған майын уылдырыққа ай­нал­­ды­рады. Осы кезеңде са­зан мен ақ­балықтар тағы да жағаға жақындайды. Жазғы­тұрымдағыдай кез келген жа­ғаға емес, бұйра желдің ығын алып, жыралы, ойлы-қырлы жа­ғаларға жа­қындайды. Ұлта­ны сазды, ұйықты, кедір-бұдырлы, жыра-жықпалы жер­лерді ұнатады.

…Күз деген де бір алма­ғайып, алас-қапас, бірде көл, бірде шөл болатын қауырт кезең. Балықтар да осындай құбылмалы мінез көрсетеді. Күн жы­лыса жапырлай жағаға құлайды, суытса жалт беріп, тереңге тартады. Күздің күн­гі ауа райын ақбалықтан бол­жағыш мақұлық жоқ. Ақба­лықтар жағаға жақындады де­генше күн жылы болады. Ақ­балықтар ауға түспесе, онда тереңге кеткені…»

Қуанышқали ағамыз жазып отыр­ған Сақып әкенің осы әңгімесі балық аулау шаруа­шылығы жайындағы кез келген ғылыми тұжырымнан құнды емес пе? Өйткені, ол – өмірдің өз тәжірибесінен түйінделген сөз. Сақып әкенің балықтарға берген сипат­тамасы малшы­лардың көз алдындағы малға берген бағасындай. Әрине, бұл екеуінің арасы тым алшақ бағам. Оның себебі, бірі жер үстіндегіні айтса, бірі су ас­тын­дағының сырын ашады. Бұған, әрине, адамның сез­гіш­тігі, жа­ды, жанымен ұғатын ерекше қасиеті қажет.

Отанын қорғап, екі соғыстың от жалынын кешкен, кеудені ұрған теңіз толқынындай азап­ты күндерді атпал болмыс, адал еңбекпен жеңіп, ел-жұртының бағы үшін аянбай еңбек еткен, саналы ұрпақ тәрбиелеп өсір­ген, салиқалы ғұмыр кешкен Сақып әкеміздің бейнесі осын­дай болған. Кейінгі ұрпағы кемел тұлғалы әке­міздің өмір тарихынан өнеге алып, атын ұмытпауы тиіс.

Кейінгінің осы парызын ой­ға алған қалалық ардагер кеңесінің төрағасы С.Әбішев, еңбек ардагері, «Қызылорда об­лысының құрметті қайраткері», Арал, Қазалы аудандарының құрметті азаматы Қ.Шапшаңов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қ.Заки­ров, Б.Ал­пысбаев секілді азаматтар Сақып Оңғарбайұлының атын халық жадында қалдыру мақ­сатында Қызыл­орда қала­сы­ның бір көшесін соғыс және еңбек ардагерінің атына беру туралы қала әкімдігіне ұсы­ныс айтқан болатын. Сол ұсы­ныс қабылданып, бүгінде бұ­рынғы Панфилов тұйығы соғыс және еңбек ардагері Сақып Оңғарбайұлының атына берілді.

1988 жылы Қызылорда қаласына көшіп келгенде осы тұйық көше енді ашылып, оған алғашқылардың бірі болып қазық қаққан да Сақып әкенің өзі еді. Міне, енді бұл көше Сақып әкенің атын ұрпағына күн сайын қайталатып, асыл болмысты әкенің өмірі мен өнегесін еске түсіріп тұратын болады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз