Теңсіздікті таразыламай, тұрақты даму жоқ

710

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі кезекті Жолдауында ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өскенін, былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 104 триллион теңге болғанын атап өтті. Оған қоса, елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылған. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Тағы бір айта кетерлігі, өткен айдың ортасында ҚР Ұлттық экономика министрлігі биылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,9% өскенін хабарлады.

Бір қарағанда көрсеткіш көңіл қуантады. Ел эконо­ми­касының нығайғаны, ұдайы тұрақты өсім көрсеткені жақсы. Дегенмен, бұл жаңалыққа кереғар мәліметтер де бар. Мысалы, өткен айда Ұлттық статистика бюросының жа­рия­лаған зерттеу нәтижелері бойынша биылғы жылдың екінші тоқсанында елдегі ке­дей­шілік деңгейі 5,1% көле­мінде белгіленген. Бұл көрсеткіш бірінші тоқсанда 4,8%-ды құраған еді. Сондай-ақ, Ranking.kz мәліметінше, Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын бар 177,8 мың үй шаруашылығы бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,4%-ға артық. Басқаша айтқанда, ел экономикасы өскенімен, халық кедейленіп жатыр.

Теңсіздік неден туып отыр?

Халық кедейлене түссе де, экономикалық өсімге қол жеткізу түсініксіз көрінгенімен, бұл құбылысты түсіндіру өте оңай. Себебі, жалпы жұртшылықтың табысы төмендесе де, кейбір адамдардың табысы бұрынғыдан еселеп өсті. Сондықтан, жалпылама алғанда оң көрсеткіш байқалады. Осы жерде теңсіздік мәселесі ортаға шығады.

Мәселені Мемлекет басшысының өзі үнемі айтып келеді. Мысалы, былтыр қаңтарда Президент елімізде белгілі бір элиталық топтар ғана экономикалық өсімнің пайдасын көріп отырғанын айтты.

– Ал халықтың басым бөлігінің табысы төмендеп келеді немесе еш өзгеріссіз қалды. Бұл – мемлекетіміздің қауіпсіздігіне төнген үлкен қатер. Бұның бәрі қоғамның экономикалық-әлеуметтік, артынан саяси жағынан қақ бөлінуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Осындай дағдарыстың алғашқы белгілері көріне бастады, – деп мәлімдеді.

Сондай-ақ, Қазақстан байлығының тең жартысына бар-жоғы 162 адам иелік ететіні туралы халықаралық сарапшылар мәліметін де мысалға келтірді. Ал биыл көктемде Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде құқықтық теңсіздік пайда болып, бай мен кедейдің арасы алшақтай түскенін назарға алды.

– Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында.

Жоғарыда айтылғандардан жалпы әлемде, оның ішінде еліміз үшін өте өзекті мәселенің бірі – әлеуметтік теңсіздік екенін көруге болады, Яғни, қала мен ауыл, бай мен кедей арасындағы айырма, әлеуметтік жік мәселесінің күн өткен сайын өзектілігі артуда.

«Қазақстандағы №1 мәселе»

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есіркеповтің айтуынша, Қазақстандағы №1 мәселе – әлеуметтік теңсіздік. Бай мен кедей арасындағы зор айырма, әлеуметтік-экономикалық алшақтық мәселесі.

– «Жаңа Қазақстан құрамыз» деп жатырмыз емес пе? Ал ескі Қазақстанның бірден-бір ерекшелігі – экономикалық монополия бізде қолдан жасалды, біздің байлар – жасанды байлар. Карл Маркс: «Алғашқы капитал бір адамның екіншінің меншігін тартып алуынан туындайды», – дейді. Ал бізде мемлекеттік меншікті қолынан келгендер талан-таражға салып, бөліп алды. Онда да ең алдымен сол кезде билік басында отырғандар. Сөйтіп қаржылық-өндірістік капитал, қаржылық-өндірістік топ деген пайда болды, – дейді Тоқтар Есіркепов.

Екіншіден, кез келген қоғамдағы әлеуметтік жіктің басты алғышарты – жаңа факторлар, жаңа ғылыми жетістіктер, жаңа технологиялар, ақыры жаңа бизнес жобалар болып келеді. Соның арқасында объективті әрі заңды жолмен бай миллиардерлер ортаға келіп қосылып жатады.

Тоқтар Есіркепов бұған, алысқа бармай-ақ, БРИКС-тегі елдерді мысалға келтіруге болатынын айтады. Олардың өзіндегі миллиардерлер осындай заңды жолмен байығандар деп айта аламыз. Ал Қазақстандағы байларды алатын болсақ, екі жол анық көрінеді: біріншісі, шикізаттан алынатын табиғи рента, яғни, дифференциальды рента, екіншісі, әкімшілік рента, яғни билікке тікелей қатысы бар топтардың алатын «қосымша табысы».

– Нобель сыйлығының иегері, француз ғалымы Том Пикеттидің «ХХІ ғасырдағы капитал» деген зерттеуі бар. Сонда осы екі фактормен баю деңгейі Ресейде 64 пайыз, ал Қазақстанда 100 пайыз құрайтыны көрсетілген. Бұл – өте масқара жағдай, – дейді экономист.

Сондықтан еліміздегі теңсіздік себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – өте маңызды міндет.

Пикетти және «Ұлттық табыс»

Айталық, кейбір мемлекеттік органдар әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуде көбіне нәтижесіз, сәтсіз шешімдер қабылдап жатады. Тіпті, азаматтардың қажеттілігі мен нақты қиындықтарын ескермей, түрлі бағдарламалар қолға алынады. Мұндай жағдайлардың түпкі себебі – билік құрылымдарында қарапайым адамдар өмірі, олардың мүдделері мен тілектері туралы пікірдің бұрмаланған түрде қалыптасуы.

Салдарынан теңсіздік мәселесі шиеленісе түседі. Қағаз жүзінде тұрғындар табысының орташа көрсеткіші өскен сияқты болғанымен, жылдан-жылға кедейшілік деңгейінің өсетіні де содан. Белгілі француз экономисі Томас Пикетти өз кітабында қоғам жағдайының сан алуан көрсеткіштерінің қаншалықты маңызды екені туралы айтады. Себебі, нақты теңсіздіктің не екенін түсініп алмай, оны жою шараларын қабылдау мүмкін емес.

Мысалы, ел экономикасындағы нақты жағдай, халықтың әл-ауқаты сөз болғанда, атқарушы билік негізінен жалпы ішкі өнім, орташа айлық жалақы, нақты сектордағы, өндіріс пен өнеркәсіптегі өсім секілді макроэкономикалық көрсеткіштерге сүйенеді. Ал Пикетти экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салалардағы көрсеткіштердің тұтас кешенін пайдалану қажет деп санайды. Оның пікірінше, егер макроэкономикалық көрсеткіштер туралы айтатын болсақ, онда оларға қатысты жалпы ішкі өнім емес, ұлттық табыс түсінігін пайдаланған жөн.

Пикетти тұжырымын біздегі жағдаймен салыстырып көрсек. Былтыр Қазақстанның мұнай экспортынан түскен табысы 50%-ға өсті. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өткен жылы еліміз 46,8 млрд долларға 65 млн тонна мұнай экспорттаған. Бұл ретте мұнай экспортынан түсетін салық түсімдері екі еседен астамға — $13,87 млрд-қа дейін өсті.

Енді сол қазынаға түскен $13,87 млрд қаржы қосымша 13,87 млрд доллардың ішкі жалпы өнімін береді. Бірақ бұл жағдайда елдің ұлттық табысы нөлге тең. Өйткені мемлекеттің табиғи байлығы 65 млн тонна мұнайға азайды. Тіпті, оған мұнайды өндіру барысында ел экологиясына келтірілген залалды есептесек, ұлттық табыс минусқа түседі. Дегенмен іс жүзінде бұл экологиялық фактор әрқашан ескерілмейді. Есесіне, мұнайлы өлкелерде табиғатқа шығып жатқан зиянды қалдықтардан жергілікті халық үнемі зардап шегеді.

Келтірілген мысалдан елдің жалпы ішкі өнімі айтарлықтай маңызды көрсеткіш емес екенін көруге болады. Себебі бір экономикалық транзакция ЖІӨ-де оң, бірақ таза ұлттық табыста теріс көрсеткішті беріп отыр. Сондықтан, теңсіздікке дұрыс баға берілсе, бұл өз кезегінде елдің немесе жеке компанияның ауқымында белгілі бір инвестициялық шешімдерге қоғамдық баға беруді түбегейлі өзгертер еді.

Әлем теңсіздікпен қалай күресіп жатыр?

Халықаралық сарапшылар дерегінше, кейінгі онжылдықтарда әлемнің барлық елдерінде дерлік табыс теңсіздігі өсті. Бірақ әртүрлі қарқынмен. Мысалы, Таяу Шығыста ең жоғары табысы бар халықтың 10%-ы ұлттық табыстың 61%-ын иемденген. Қытайда 41%, Ресейде 46%, АҚШ-та 47%. Ең төменгі теңсіздік деңгейі Еуропада тіркелген – 37%. Ал KPMG дерегінше, Қазақстан байлығының тең жартысына бар-жоғы 162 адам (ел азаматтарының 0,001 пайызы) иелік ететінін ескерсек, көрсеткіш елімізде де өте жоғары екені өздігінен түсінікті.

Елдердегі теңсіздікке саяси контекст әсер етеді. Табыс теңсіздігінің динамикасы мемлекеттердің қандай даму траекториясын таңдағанына тікелей байланысты. Әсіресе мемлекеттік реттеудің жоғары үлесі бар бұрынғы және қазіргі коммунистік елдер теңсіздіктің күрт өсуіне тап болды. Жеке меншік иелері байып, үкіметтер кедейленді. 1970 жылдан бастап таза жеке мүлік ұлттық табыстың 200-350%-нан 2017 жылы 400-700%-ға дейін өсті. Бұл өсімге 2008 жылғы қаржылық дағдарыс та, жылжымайтын мүлік нарығындағы көптеген қиындықтар де әсер еткен жоқ.

Көптеген әлемдік экономистер прогрессивті салық салу осы экономикалық құбылыспен күресудің ең тиімді құралы екеніне сенімді. Бұл шара жоғары салық төлегісі келмейтін ең бай адамдарды жалақысы мен мүліктік жинағын одан әрі көтеруден шектейді. Ал теңсіздікті тежейтін екінші фактор – білімге және жоғары жалақы алатын жұмыс орындарына тең қолжетімділік.

Жалпы, дамыған елдерде де капиталдың өсу қарқыны әрдайым экономикалық өсімнен жоғары. Бұл өз кезегінде мүліктік теңсіздікті күшейтіп отыр. Дегенмен, мұндай пікірмен де бәрі бірдей келісе бермейді. Мысалы, кейбір сарапшылар теңсіздік деңгейінің жоғары болуы соншалықты жаман емес деген пікірде және бұл экономиканың өсуі мен әлеуметтік ұтқырлыққа зиянын тигізеді деген тұжырымдар толық негізделмегенін айтады. Тіпті, теңсіздікпен күресуге болмайды деп санайтындар да бар.

Қиын мәселемүмкіндіктер теңсіздігі

Қорыта айтқанда, халықтың өмір сүру деңгейін экономиканың, орташа жалақының өсуімен емес, ең төменгі күнкөріс деңгейі мен тұтыну бюджетімен, әлеуметтік инфраструктураның дамуымен, мемлекеттің табыстарды реттеу саясаты және басқа да көптеген факторлармен бағалау керек. Бүгінгі күні әлеуметтік теңсіздік негізінде ортақ және жеке игіліктерге қол жеткізу біркелкі бөлінбеген қоғамдық құрылыс жатыр. Жағдайды түзеуде елдің әрбір азаматының өз ұстанымын ашық білдіріп, қоғам өміріне белсенді қатысуы маңызды.

Себебі, ел байлығының аз ғана адамдар тобының қолында шоғырлануы халықтың реформалардан көңілі қалуына, саяси жүйеге деген сенімсіздігіне әкеледі. Сондықтан әрбір реформа жақын және алыс перспективада ұйымдасқан азшылықтың емес, жалпы көпшіліктің игілігіне бағытталуы тиіс.

Сондай-ақ, теңсіздік туралы сөз қозғағанда, ең қиын мәселе – мүмкіндіктердің теңсіздігі. Еуропа қайта құру және даму банкінің 2016 жылғы зерттеу нәтижелері бойынша, мүмкіндіктер теңсіздігі тұрғысынан Қазақстан азаматтарының тұрғылықты жері, яғни, қалада немесе ауылда туғаны үлкен рөл атқарады. Қазақстанда халықтың шамамен 38%-ы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, ел азаматтарының жартысына жуығы ауылдық жерде туғаны үшін-ақ сапалы білім мен жоғары өмір сүру деңгейі тұрғысынан тең мүмкіндікке ие емес екенін көруге болады.

Бұл ретте, «қала – ауыл» факторының ықпалын азайту үшін елімізде ауылдық жерлерде орта білім беру сапасын арттыру, жоғары білімге қолжетімділікті жақсарту, ауылда инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын да айта кеткен жөн. Қалай десек те, теңсіздік мәселесіне тереңірек үңілу қажет-ақ.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

*cурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<