Тілдесудің жаңа құралын ойлап тапты

303

0

Бүгінде мобильді қосымша, әлеуметтік желілер нарығы  қарқынды дамыған. Осыдан мобильді қосымшалардың арнайы бағдарламасын жазатын мамандарға деген сұраныс артып келеді. ІТ мамандарына қарағанда, осы дүниеге икемді жандардың алатын жалақысы да едәуір жоғары. Содан болар, қазір жас буын заман ағымына қарай қамданып, болашақта сұраныста болатын жаңашылдықтарды меңгеруге ынталы. Тың идеялардан кенде емес. Ең бастысы, жанарында оты, жүрегінде жалыны бар жас инноваторларға қолдау зор. Олардың шеберлігін шыңдап, мақсатын айқындау бағытында түрлі байқаулар да ұйымдастырылып жүр. Осындай сайыстардың бірінде бірқатар жобаға назарымыз ауған болатын. Расында, веб-сайттар мен мобильді қосымшаларды жасайтын құрастырушылар арасында ұйымдастырылған «Hackathon» жарысында біз дарынды жастардың көптігін аңғардық. Мұндағы қатысушылар бір-бірінен аспаса, кем түспеді. Соның ішінде НЗМ оқушылары ұсынған дүниелер елең еткізді.

Зияткерлік мектептің Нұрбол Бижігіт, Анастасия Денисова және Тоғжан Есқожа есімді оқушылары тілдесудің жаңа құралын ойлап тауыпты. 11 сынып оқушылары жаңа әлеуметтік желінің бағдарламасын өздері жазып шыққанын айтады. Платформа тегін хостингте орналастырылған екен.

– Ғаламторда бағдарламалау тілін меңгеруге көмектесетін платформалар көп. Көбіне соны пайдаға жаратамыз. Одан бөлек, оқу ошағында теориялық білім практикамен ұштасады. Жоба жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Анар Кеңесарының қолдауының арқасында біз білім бәсекесіне қатысып, жаңа желіні таныстыруға мүмкіндік алдық. Ол қолдануға өте ыңғайлы, дербес деректер криптографиялық қорғаумен қамтылған. Алғашқы тіркелушілер сыныптастарымыз болды. Алдағы уақытта замандастарымыздың арасында кең таралатынына сенеміз. Қуантатыны, «IТ және жастар» тақырыбын қамтыған осы  «Hackathon-2018» сайысында мүмкіндігімізді жоғары деңгейде көрсете алғандығымыз. Сарапшы мамандар да қолға алған ісімізді құптап, жеңімпаз деп таныды. Бәсі биік бәсекеден озық шығып, қаржылай қолдауға да ие болдық. Бұл бізге үлкен мотивация берді, – дейді Н.Бижігіт.

Әңгіме барысында жас өрендер тақырыпқа қатысты ойын да ортаға салды. Олардың айтуынша, ТМД елдерінде адамдар көбіне тегін ресурстармен жұмыс істеуге қалыптасып қалған. Біз желіде отырып, кинотуындыларды, немесе басқа да шығармашылық өнімдерді сатып алуға бейімделмегенбіз. Тегін балама іздейміз. Алайда, көп елдерде авторлық құқыққа аса мән беріледі, бұл еңбектер сатып алынғаннан кейін ғана пайдаланылады. Енді осы нәрсеге басымдық берілсе, біздің нарықта да өзін коммерциялық тұрғыда ақтайтын, сәтті жүзеге асатын қосымшалар, желілер көбеймек. Расында, қай істің болмасын, ебін тапсаң, дөңгелентуге болады. Ол үшін өзіңе деген сенімділік, талап пен табандылық керек. Мәселен, ағылшындық Адам Хилдрет бозбала шағында жаңа әлеуметтік желі ашып, күтпеген жерден танымал атанған екен. Ол сол уақыттары «Coca-Cola» сынды компаниялардың маркетингтік стратегиясын ұтымды пайдаланып, «Dubit Limited» компаниясын құрыпты. Ал, небәрі 5 жылдан соң 19 жасында ВВС оны Ұлыбританияның ең бай жасөспірімдерінің бірі ретінде мойындаған. Қазіргі табысы – 3 700 000 миллион. Жоғарыда айтқанымыздай, мұндай табысқа жету үшін сенім мен қолдау қажет. Осыны сезінген бұл өрендер көп күттірмей бізге бір серпіліс әкелері сөзсіз.

М.СНАДИНҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<