Түбі туыс татар бауырлар

502

0

«Достық үйінде» облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Алмасбек Есмахановтың қатысуымен татар этномәдени бірлестігінің 30 жылдық мерекесі аталып өтті. Мерекелік іс-шараға облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, Татарстан Республикасынан арнайы шақырылған қонақтар, бірлестік ардагерлері мен жастар қатысты.

Татар  этномәдени бірлестігі 1991 жылы 27 қаңтарда құрылды. Тәуелсіздікпен бірге жасап келе жатқан орталық еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосты. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 300 мыңға жуық татар этносы өмір сүреді. Ал  Сыр  өңірінде  туыстас халықтың 1500 өкілі бар.

Этномәдени бірлестікке 20 жыл көлемінде жетекшілік етіп жүрген Ғалия Ғизатуллақызы барша қатысушылар мен қонақтарға жүрекжарды лебізін білдірді. Лед экраннан бірлестіктің алғашқы төрайымы Нағима Ахмадеева туралы бейнеролик көрсетіліп, №112 орта мектептің директоры мен мұғалімдеріне «Н.Ахмадееваға 100 жыл» медалі табысталды.

Мұнан соң бірлестіктің қалай құрылғаны жайлы көрініс қойылды. Оған бірлестіктің бүлдіршіндері мен жастар белсенді қатысты.

Іс-шара барысында Дүниежүзілік татарлар конгресі Ұлттық кеңесінің мүшесі, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Альберт Бурханов, Татарстан Республикасының Қазақстандағы Өкілетті өкілдігі басшысының көмекшісі Аяна Акинжанова, ҚХА төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары, «Қазақстандық татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Тауфик Кәрімов, республиканың әр өңірінен келген этномәдени бірлестіктердің жетекшілері сөз сөйлеп, мерейтоймен құттықтады. Татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі және бірлестіктің белсенді мүшелеріне қоғамдық келісім мен татулықты берік ету жолындағы елеулі еңбегі үшін ризашылық білдірді.

Мерекелік кеш аясында шетелде білім алып жүрген жастардың құттықтау бейнероликтері де көрсетілді. Сондай-ақ, Қазан қаласынан келген қонақтар арнайы концерттік бағдарламасын ұсынды. Татар халқының ұлттық биі мен әндері орындалып, Сыр өнерпаздары да өз өнерлерін ортаға салды.

Салтанатты мерекеде бірлестіктің белсенді мүшелері облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталып, 30 жылдыққа арнайы әзірленген естелік сыйлықтар алды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<