Адамның жаратылысы қызық нәрсе ғой. Өзі бұрын көрмеген кісіні оның атқарған қызметі, еңбегі, ортақ таныстардың пікірлері арқылы сырттай танып, онымен кездесуге, пікір алмасуға қызығушылығы пайда болатыны белгілі емес пе? Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз де осындай азаматтардың бірі. Жаңылмасам, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдық мерейтойы кезінде біздің танысуымызға бір кафедрада қызмет істеген әріптесім, қазақтың танымал ақын, ғалым қызы Ләйлі Құндақбаева себепкер болып еді. Содан бері Ерхан Кәрібозұлымен арамыздағы әріптестік, адами қарым-қатынас үзілген емес.
Қазақ ғылымы мен рухани өмірінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, өсіп келе жатқан жастарға білім мен тәрбие беруді өзінің өмірлік мұраты еткен, бұл күнде ғылыми ортаға танымал көрнекті ғалым, әдебиеттанушы, ұлағатты ұстаз Ерхан Кәрібозұлы биыл ердің жасы елуге толып отыр.
Адамның азамат болып қалыптасуында, өмірдегі өз орнын табуында оның кір жуып, кіндік кескен жерінің де маңызы аз болмаса керек. Осы тұрғыдан келгенде, Ерхан дүние есігін ашқан киелі Қармақшы топырағын айтпай кете алмаймыз. 1976 жылы ақпан айының бірі күні Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылында туып, №105 орта мектепте білім алды. Мектеп қабырғасында әдебиетпен қатар химия, физика сияқты жаратылыстану пәндерімен де жүйелі айналысқанын байқаймыз. Аудандық, облыстық деңгейдегі түрлі олимпиадаларға аталған пәндер бойынша қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Бірақ кішкене кезінен естіп, жаттап өскен Сыр сүлейлерінің отты жырлары мен қисса-дастандарының әсері әдебиетке деген құштарлығын оятып, қағілез, жыршы бала біржола әдебиетке ден қояды. Ауданда «Жиенбай мектебі» деп аталатын жыршылар үйірмесіне қатысады. Орындаушылық ерекшелігі, тез жаттап алатын қасиетімен әрі есте сақтау қабілетінің мықтылығының арқасында ұстаздарының көзіне түсіп, ауызға ілінді. Атақты жыршы Шәмшат Төлепованың шәкірті атанды. Жастайынан Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Омар Шораяқ, Кете Жүсіп Ешниязұлымен қатар тағы басқа ақын, жыршы, жыраулардың термелерін сахнада шеберлікпен орындап жүрді. Мектеп қабырғасында құрылған оркестрдің белді мүшесі болды.
Талантты термеші, жыршы атанған қағілез қара бала спорттан да құр алақан емес еді. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жеңіл атлетикадан спорт үйірмесіне қатысып, ол жерде де жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Орта мектепті аяқтаған соң, бапкерінің ұсынысымен өзі оқыған спорт мектебіне жұмысқа орналасты. Егер Ерханның әдебиетке деген сүйіспеншілігі басым болмаса, Әмин Тұяқов ағасы секілді желаяқ жүйрік атлет болып кетуі әбден мүмкін еді.
Бірақ бойындағы әдебиетке деген құштарлығы оны 1994 жылы әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетіне оқуға әкелді. Студент атанған соң Ерхан Кәрібозұлының қазақ білімі мен ғылымының қарашаңырағындағы өмірі басталды. Университет қабырғасында көрнекті ғалымдар З.Қабдолов, Т.Кәкішев, А.Қыраубаева, Ж.Дәдебаев секілді ұлағатты ұстаздарының дәрісін тыңдап, білім алды. Ғылымдағы алғашқы ізденістерін бастап, өзі қызығушылық танытып, таңдаған саласы бойынша баяндамалар жасайды.
Университетті аяқтап, магистратурада білімін жалғастырды, аспирантурада оқыды. Ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі бағыты етіп өзі жастайынан термелерін жаттап өскен, насихаттаған Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармашылығын белгіледі. «Құлдыраңдаған Құлманбеттің құлынымын» деп айтыскер ақын Оразалы айтқандай, «Тұрмағамбеттің тұрымтайдай тұяғы» Ерхан Кәрібозұлы шайыр мұрасының іздеушісі, зерттеушісі болуға бел байлайды. Аспирантураны сәтті аяқтаған соң «Адамар» баспасында әдебиет бөлімінің редакторы қызметін атқарды.
Белгілі ғалым, бәріміздің сүйікті ұстазымыз Ж.Дәдебаевтың ғылыми жетекшілігімен «Т.Ізтілеуұлы шығармашылығындағы адамгершілік мәселелер» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Жылдар бойғы оқу мен үздіксіз ізденістің, тынымсыз еңбектің нәтижесі осылай қорытындыланды.
Ғылымдағы бағыт-бағдары айқындалған соң, Ерхан Кәрібозұлының өзі білім алған университеттің қазақ әдебиеті кафедрасындағы оқытушылық қызметі басталды. Шәкірт тәрбиелеуде құрғақ теориямен ғана шектеліп қалмай, ұлттық құндылықтармен және рухани тәрбие мәселелерімен ұштастырды. Өзі кішкентайынан бойына дарыған қазақ қисса-дастандарындағы адамгершілік, имандылық, үлкенге құрмет, адалдық мәселелерін білім алушылардың бойына сүйіспеншілікпен сіңіре білді.
Қиссаларда айтылатын биік мораль мен кісіліктің, ізеттіліктің, мейірімділіктің белгісін Ерханның өз бойынан таба алатыныңызға шүбәңіз болмасын. «Қисса-дастандардағы адамгершілік категорияларының тірілей көрінісі ағайдың өзі ғой» деген шәкірттерінің ақжайма пейілмен айтқан сөздерін талай естіп, іні-дос әріптесіміз үшін марқайдық, кеудемізді қуаныш кернеді. Оның алдынан білім алып, дәрісін тыңдаған шәкірттері еліміздің әр түкпірінде жемісті еңбек етуде.
Ерхан Кәрібозұлы оқытушылықпен қатар әкімшілік қызметтерді де абыроймен атқарғанын білеміз. Атап айтар болсақ, факультет деканының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, деканның оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары, кафедра меңгерушісінің орынбасары лауазымдарында өзін білікті басшы, шебер ұйымдастырушы ретінде көрсетті.
Ерхан – қазақ әдебиетін зерттеуде өнімді еңбек етіп келе жатқан ғалымдардың бірі. Еңбектері қазақ фольклорын, ұлттық әдебиеттің өзекті мәселелерін, оның көркемдік даму заңдылықтары мен әдеби үдерістегі дәстүр мен жаңашылдық сабақтастығын терең талдаумен ерекшеленеді. Ғылыми мақалалары мен зерттеулері республикалық басылымдарда жарық көріп, ғылыми ортада жоғары бағасын алды. Алпыстан астам ғылыми мақаланың авторы. Мұнымен қатар skopys базасындағы журналдарда бірнеше мақаласы жарық көрген.
Ерхан Кәрібозұлы түрлі марапаттарға ие болып, шәкірттері мен әріптестерінің ілтипатына, ыстық ықыласына бөленді. Алдағы уақытта ғылымда да, ұстаздық қызметте де жемісті еңбек ете беретініне шүбәміз жоқ.
Өз жолы мен сүрлеуі бар, кең пейілді, ақынжанды азаматтың кісілігі мен кішілігіне тәнті боламыз. Айналасындағыларға шуақ шашып, мейірім нұрын төгіп, жүректеріне жылу сыйлайды. Сол мінездің ар жағында жаныңды жадыратар жылылық жатқанын сезінесіз.
Ерхан Кәрібозұлы Құдай қосқан қосағы Әлия екеуі бес бала тәрбиелеп отырған, өсіп-өнген үлгілі отбасы. Әріптес іні-досымызға зор денсаулық, шығармашылық табыс пен ұзақ ғұмыр тілейміз!
С.ТІЛЕУБАЕВ,
әл Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың доценті





