Туберкулез: ДДСҰ болжамы расқа айнала ма?

679

0

Туберкулез ауа арқылы таралатын  ауру болғандықтан, кез келген адамның жұқтыруы мүмкін. Сондықтан оған қарсы күрес қызметінің басты мақсаты – аурудың алдын алу. Облыста ауруға   қарсы  бағдарламаның   бақылаулы жүргізілуінің  нәтижесінде аурушаңдық көрсеткіші  соңғы 10 жылда  2 есеге азайған. Дегенмен, әлемде болған пандемияға байланысты  туберкулездің алдын алу, ерте анықтау жұмыстары кейінгі екі жылда  бәсеңдегені байқалады.

Елімізде биылғы 4 айда тір­келгендер саны 3,9 процентке өсіп, аурушаңдық 100 мың тұрғынға шаққанда 13,3-ті құ­рады, ал облыста 7,6 процент­ке өскен. Атап айтқанда, был­тырғы 4 айда 128 адам алғаш рет туберкулезбен ауырып, ау­рушаңдық 100 мың тұрғынға шаққанда 15,7-ні құраса, осы жылдың 4 айында 12 жағ­дай­ға көбейді немесе 140 науқас тіркеліп, аурушаңдық 16,9-ды құрады. Осы жаңадан тір­кел­ген науқастар ішінде 54 проценті – туберкулез бактериясын бө­летін, яғни, жұқтыру қауіпін төндіретін түрі. Сондай-ақ, ту­беркулезбен қайталап ауыр­ған­дар саны 29 адамға көбейіп отыр. Мәселен, былтыр есепті кезеңде туберкулезбен қайталап ауырған 95 адам тіркелсе, биыл 124 ауру анықталды, – дейді облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Әбдіғабит Әбләзім.
Жоғарыда айтылғандай, туберкулез таяқшасы ауа арқылы таралып, тыныс алу ағзаларын зақымдайды. Ал мамандардың пікіріне қарағанда, коронавирус инфекциясынан кейінгі өзгерістер де өкпемен байланысты болғандықтан әрі жалпы иммундық жүйенің әлсіреуіне әсер ететіндіктен туберкулез жұқтыруға бейім болады. Осы орайда Дүниежүзілік Ден­саулық сақтау ұйымының (ВОЗ) са­рапшылары алдағы 2-3 жыл кө­лемінде туберкулез ауру­шаң­дығы 10-15 процентке өсетіні туралы болжам айтуда.
Ал, балалар арасында 100 мың балаға шаққанда ауру­шаң­дық көрсеткіш 38,2%-ке тө­мен­деген.
– Балалар арасында ту­бер­­кулез анықталмаған, оған себеп манту сынамасына оң нәтиже көрсеткен балалардың барлығы диаскинтест сынамасымен қам­тылуы тиіс болса, 4 айлық есеп бойынша олардың 42,6%-і ғана қамтылып отыр. Сондай-ақ был­тыр балалар арасында кеш анықталу жағдайларының және асқыну дерегінің тіркелуіне байланысты диаскинтест сынамасы профилактикалық тексеру әдісі ретінде енгізілген болатын, бірақ ата-аналар тарапынан түсінбеушілік туындап, оған қарсылық білдіруде, – дейді орталық директоры.
Оның айтуынша, диаскинтест әдісі 2014 жылдан бері рес­публика деңгейінде кеңінен қолданылуда. Бұл сынама ту­беркулездің таралуын тежеу, инфекция жұқтырғандарды ер­те анықтап, оны уақытылы ем­деуде өте маңызды.
Облыс бойынша 4 айда туберкулезден қайтыс болу көр­сеткіші де төмендеген. Өлім-жітім әр 100 мың тұрғынға шақ­қанда 2021 жылы 0,7 болса, биыл 0,6 болып, төмендеу қарқыны 14,2% -ті құраған.
– Еліміздің туберкулездің алдын алу, оны анықтау, емдеу тегін және мемлекет есебінен жүзеге асырылатынын атап өтуіміз қажет. Ауруды, оның көп­­теген дәрілерге тұрақты тү­­рін (КДТ ТБ) ерте анықтау үшін Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы ұсынған халық­аралық стандарттарға сәйкес бактериологиялық және мо­ле­­ку­лярлық-генетикалық диаг­ности­калаудың жеделдетілген әдіс­­тері енгізілді. Олар BAC­TEC-960, LPA, XpertMTB/RIF. Қазіргі кезде облыста тубер­кулезді, оның тұрақты түрлерін тез анықтауға арналған құрал- жабдықтар қала бойынша об­лыстық фтизиопульмонология орталығында бар. Аудандық деңгейде де зертханалармен қам­тамасыз етілген (барлығы 7 аппарат XpertMTB/RIF). Бұл туберкулездің нақты түрін анықтауға және қоздырғыш се­зімталдығына сәйкес қажетті ем тағайындауға мүмкіндік береді, – дейді Ә.Әбләзім.
Аурудың алдын алуда про­филактикалық жұмыстар­дың маңызы зор. Ол жұмыстар бас­тапқы медико-санитариялық кө­мек ұйымдарымен бірігіп ат­қарылады және арнайы тізім негізінде жасақталып, флю­оро­­графиялық тексеру мен ту­беркулинодиагностика жос­па­ры бойынша жүргізіледі. Диф­ференциалдық топқа ірік­телген ересектер мен жасөспі­рімдер арасында тубер­кулезді флюорографиялық әдіспен анық­тайды. Облыс бойынша емдеу мекемелерінде про­фи­­лак­тикалық байқаулар өткі­зуге барлығы 39 флюоро­қондырғы бар. Оның 31-і – стационарлы, 8-і – жылжымалы сандық флюо­роқондырғы. Барлық қон­дыр­ғылардың 80%-і соңғы үл­гі­дегі сандық жүйемен жаб­дықталған.
– Жоспарланған халық­тың флюорографиялық байқаумен қамтылуы 4 айда облыс бо­йынша 99,7 процентке орындалып, туберкулезді анықтау көрсеткіші 1000 адамнан 2021 жыл 4 аймен салыстырғанда 1,5-тен 1,6-ға жоғарылағаны байқалды, яғни, былтыр есепті мерзімде 204 адамнан ауру анықталса, биыл 214 науқас тіркелді. Облыста 2018 жылдан бастап Дүниежүзілік Ден­саулық сақтау ұйымы ұсынған туберкулездің көптеген дәрі­лерге тұрақты түрін емдеу үшін жаңа препараттармен қам­тамасыз етілді, емдеудің түр­лендірілген қысқа мерзімді жеке режимдері енгізілуде. Был­тыр ондай науқастарды емдеу тиімділігі 78-89%-ті құрады (ДДСҰ стандарты 75-85%). Диаг­ностиканың жылдам зама­науи әдістері мен тиімділігі жоғары дә­рілердің арқасында тубер­кулез толығымен емде­леді, – деді орталық директоры.
Есепті мерзімде амбулато­риялық жағдайда ем бастаған туберкулез микробактерия­сын таратпайтын және айнала­сын­дағыларға қауіп төндір­мейтін науқастардың үлес салмағы 82,5% -ті құрады.
Орталық директорының ай­туынша, науқастардың амбу­ла­ториялық кезеңде емделуге деген бейімділігін арттыру үшін облыста 2014 жылдан бастап жергілікті бюджеттен әлеуметтік көмекке үздіксіз қаржы бөлініп келеді. Биыл 257 млн теңге қаралған, жыл басынан 763 науқас амбулаторлы ем кезеңінде ай сайын 10 АЕК көлемінде (31 800 теңге) қаржылай көмек алған, оның ішінде Байқоңыр қаласынан 24 науқасқа берілген.
– Туберкулезді ерте анық­­таудың және табысты ем­деу­дің маңызды аспектісі ха­лықтың ол туралы жалпы ха­бардар болуы және жалған пікір­лердің таралмауына тіке­лей байланысты. Туберкулез проблемасы кез кел­геніміздің басымызға түсуі мүмкін. Сондықтан күрестің сәтті болуы әр адамның жеке ұстанымына тікелей байланысты екеніне назар аударамыз. Ең бастысы, аурудың алғашқы белгілерінде дереу дәрігерлік көмекке жүгіну керек. Дер ке­зінде анықталып, үздіксіз ем­делсе, толық жазылады. Ту­беркулезден айыққан адамдар оқып, жұмыс істеуге, дені сау бала дүниеге әкелуге және басқаларға қауіп төндірмей толық өмір сүруге қабілетті, – дейді Әбдіғабит Әбләзім.
Ертеден халқымыз «құрт ауруы» атап кеткен туберкулез мамандардың айтуынша, жас та, жағдай да, қызмет те тал­ғамайды. Олай болса зиянды әдет­терден аулақ болып, уақы­тылы профилактикалық тексеруден өтудің маңызы зор.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<