Үкімет ауыл шаруашылығына байланысты қажетті шаралар қабылдады

153

0

Фото: Үкімет телеграм арнасынан

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарының барысы және вегетациялық кезеңді өткізу мәселелері қаралды.

Ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін нығайту мемлекеттік басым бағыттар қатарында қалып отыр. Бұл тұрғыда егіс науқанын уақтылы әрі сапалы өткізу айрықша маңызға ие.

«Үкімет ауыл шаруашылығы жұмыстарын қаржыландыру мен материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. Осы кезеңде жоспарланған іс-шаралардың тиімді әрі үйлесімді іске асырылуын қамтамасыз ету өте маңызды. Егіс науқаны белгіленген мерзімдерде аяқталуы керек. Мемлекет басшысы атап өткендей, диқандар ішкі және сыртқы нарықта тұрақты сұранысы байқалатын дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қажет, сондай-ақ осындай бағыттарда мемлекеттік қолдауға басымдық берілуі тиіс. Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша бекітілген жоспарлар іске асырылуы қажет», деп атап өтті Олжас Бектенов.