Үздік ауыл мейіргері

1982

0

Қоғамдағы қызметтің  қай түрі болмасын, өзіне тән қиындығы мен жауапкершілігі бар. «Адамның істегенін адам істейді» десек те, өз ісіне шын берілген, кәсібіне адал, қызметінің нағыз маманы болған кейбір жандардың еңбегін көргенде  басыңызға «әй қайдам, мен бұл істі дәл осы кісідей атқара алмаймын-ау» деген күмәнді ой келері сөзсіз. Мәселен, адам жанының арашашысы болып жүрген  саулық сақшыларының қызметін алыңызшы. Күндіз-түні уақытпен санаспай науқастың амандығы үшін күресіп жүргенін көргенде «осы жұмыс менің  қолымнан келер ме еді?» деп еріксіз ойланасыз.  Сондықтан болар медицина  мамандығын таңдауға екінің бірінің батылы жете бермейді.

Оның ішінде мейіргер болудың өз машақаты бар. Олар – мейірімі мен жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы науқастың кеселінен айығуына үлкен ықпал тигізетін жандар. Статистикаға сүйенсек, медициналық мекемелердегі барлық жұмыстың 80 пайызын мейіргерлер атқарады екен.  Ендеше нағыз еңбек адамы деп осы мамандық иелерін айтса болатын шығар. 

Былтыр жыл аяғында Денсаулық сақтау министрлігі сала қызметкерлеріне арнап жақсы бір шара өткізді. «Altyn shipager» Ұлттық медициналық сыйлығын тапсыру салтанатында біздің өңірімізден де бірнеше маман қатысып, марапат төрінен көрінді.  Олардың ішінде Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасы  жанындағы Байтұрсынов ауылдық емханасының аға патронаждық мейіргерi Айна Қожанова да бар. Ол «Үздік ауылдық мейіргер» номинациясын иеленді.

Айна Бақытқызы 1991-1994 жылдары  Ақтөбе медициналық училищесін «Акушер» мамандығы бойынша бітірген.  Сондай-ақ  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Алайда еңбек жолын медицина саласымен ұштастырып, халықтың денсаулығына  қызмет етуді таңдаған.

Еңбек жолын 1994 жылы Арал аудандық әйелдер консультациясында аймақтық акушер болып бастады. 1999 жылдан бері Байтұрсынов ауылдық емханасында мектеп мейіргері, емшара бөлмесінің, патронаж және аға патронаж мейіргері болып үздіксіз 24 жыл жұмыс істеген. Жалпы медициналық жұмыс өтілі 28 жыл. Кәсібіне адал, өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын Айна жүрек қалауымен келген мамандығын мақтаныш етеді.

Коронавируспен күрес кезінде де КВИ-1 стационарлық, провизорлық бөлімшелерде  тынбай  еңбек етті.

Қазіргі кезде Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасының аудандық аға патронаж мейіргері болып қызмет атқарады.

– Конкурсқа қатысқан кезде Байтұрсынов ауылдық емханасында жұмыс істейтінмін. Қанша күрделі, жауапты қызмет болса да осы салада еңбек еткеніме қуанамын. Былтыр жылды жақсы аяқтадым. Республикалық конкурста «Аltyn shipager» жүлдесінің «Үздік ауыл мейіргері» номинациясын жеңіп алдым. Еңбегіңнің жемісін көру де – бір бақыт, – дейді Айна Қожанова.

Өз саласының майталман маманы Айнаның бұл алғашқы марапаты емес. Ол бұдан бұрын да еңбегі еленіп, түрлі аудандық, облыстық деңгейдегі марапаттарға ие болып жүр.  Бір ғана мысал,  былтыр 12 мамыр – Халықаралық мейіргерлер күні кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған сайыста «Үздік маман»  номинациясына ие болды.

Айна кәсіби біліктілігін көтеру үшін үнемі ізденіп, оқып жүреді. Түрлі мәдени іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Ол – үздік мейіргер ғана емес, отбасында екі бала тәрбиелеп-өсірген ардақты ана, үш немеренің сүйікті әжесі. «Еңбек түбі – береке» деп осындайда айтылса керек.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<