Ұлттық мереке жоғары деңгейде тойланбақ

268

0

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 25 қазан – Республика күні Ұлттық мерекесін атап өтуге қатысты облыс әкімі аппаратының басшысы Ш.Байманов БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясын өткізді.

Республика күнін облыс көлемінде кеңінен атап өту мақсатында арнайы жоспар әзірленіп 50-ге жуық түрлі форматты және кешенді қоғамдық-бұқаралық, мәдени-көпшілік, ғылыми-танымдық және спорттық бағыттағы шаралар енгізілген.

Қала және аудан орталықтарында мерекелік көрнекі безендірілуге ерекше мән беріліп, мерекелік концерттер, Мемлекеттік ту көтеру салтанатты шаралары, жыр кештері, ақындар айтысы, ділмар шешендер байқауы, әскери-спорттық сайыстар, кездесу кештері және кітап көрмелері ұйымдастырылады.

Зиялы қауым мен ғалымдардың қатысуымен дөңгелек үстелдер, сарапшылар кеңестері өтеді.

Брифинг барысында аппарат басшысы облыс әкімі Н.Нәлібаевтың бастамасымен Ұлттық мереке аясында ұйымдастырылып жатқан көптеген игі шараларды атап өтті.

Атап айтқанда, «Алтын дән» мерекелік салтанатты шарасы, облыстың 85 жылдығы мен Қызылорда қаласының 205 жылдығына орай «Тұмары Сырдың Қызылорда» гала-концерті, қала және аудандарда «Алтын дән-2023» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері және Ұлттық ат спорты бәйгесі өтті.

Орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде «Жанашыр жүрек» жалпыхалықтық акциясы аясында, аймақтың мейірімді азаматтарының демеушілігімен әлеуметтік осал топтағы 1000 отбасына азық-түлік себеттері таратылды.

Жаңадан салынған әлеуметтік нысандар ашылып, Жаңақорған ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтардағы халыққа 50 тұрғын үйдің кілті табысталды.
Бірнеше күн бұрын Жаңақорған ауданында облыс әкімінің қатысуымен «Жайлы мектеп» жобасы аясында 1 мектептің іргетасы қаланса, жақын күндері Қызылорда қаласында тағы 1 мектептің іргетасын қалау шарасы өтеді.

Сонымен қатар, Облысымызда Президентіміздің бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салынады.

Биыл 10 мектептің құрылысы басталады.
Мемлекет басшысының еліміздегі жылу-электр орталықтарының жұмысын жандандыру тапсырмасын орындау мақсатында аймақта ірі жоба жүзеге асуда.

Жақын күндері облыс әкімінің қатысуымен Қызылорда қаласында орталықтандырылған жылу мәселесін шешу мақсатында «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлесіп, жылу және электр қуатымен толық қамтамасыз ететін 240 мегаваттық жылу электр орталығының іргетасы қаланады.
Құны 215 млрд. теңгеден асатын бұл жоба 2025 жылы іске қосылады.

Биыл облысымыздың 85 жылдық мерейтойы аясында көптеген мазмұнды шаралар жоспарланған.

Негізгі басымдық ғылыми-танымдық, мәдени-көпшілік шараларға беріледі. «Сыр елі» энциклопедиясы мен облыс тарихына арналған кітап шығарылады.

Облыстың тарихы мен бүгініне арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Бұл шаралар аймағымыздың тұрғындарына, оның ішінде, жастарымызға қайраткер ағаларымыздың еңбегін, бүгінгі жетістіктерімізді және алдағы міндеттерді бағамдай алуға септігін тигізеді.

Жыл аяғына дейін қала және аудандарда түрлі әлеуметтік нысандар, жолдар, көпірлер, көпқабатты тұрғын үйлер, дене шынықтыру-сауықтыру кешеніндері, балабақша мен дәрігерлік амбулаториялар секілді 60-қа жуық әлеуметтік нысандар ашылып, ел игілігіне табысталады», – деді Ш. Байманов.

Сыр өңірінде серпінді жобалар мен жүйелі жұмыстар тоқтаусыз өз жалғасын табатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<