Ұлттық мерекеге орай қандай іс-шаралар өтеді?

232

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Баймановтың қатысуымен брифинг өтті. Онда 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесі аясында облыс көлемінде өтетін мәдени-көпшілік іс-шаралар туралы айтылды.

Ұлттық мерекені атап өту мақсатында 49 тармақтан тұратын арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Олар қоғамдық-бұқаралық, мәдени-көпшілік, ғылыми-танымдық және спорттық бағыттарды қамтиды.

– Қала және аудан орталықтарында мерекелік концерттер, Мемлекеттік ту көтеру шаралары, жыр кештері, ақындар айтысы, ділмар шешендер байқауы, әскери-спорттық сайыстар, кездесу кештері және кітап көрмелері ұйымдастырылады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде зиялы қауым мен ғалымдардың қатысуымен дөңгелек үстелдер, сарапшылар кеңестері өтеді, – деді аппарат басшысы.

Сондай-ақ, мереке аясында «Алтын дән» салтанатты шарасы, облыстың 85 жылдығы мен Қызылорда қаласының 205 жылдығына орай «Тұмары Сырдың – Қызылорда» гала-концерт, қала және аудандарда «Алтын дән – 2023» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері және ұлттық ат бәйгесі өтті.

Орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде жалпыхалықтық акция аясында әлеуметтік осал топтағы 1000 отбасына азық-түлік себеттері таратылды. Бірқатар әлеуметтік нысандар ашылып, Жаңақорған ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтардағы халыққа 50 тұрғын үйдің кілті табысталды.

– Биыл Ұлттық мереке облысымыздың 85 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуде. 85 жылдық аясында «85 жылдыққа – 85 игі іс» жалпыхалықтық акциясы, көптеген мазмұнды шаралар жоспарланған. Негізгі басымдық ғылыми-танымдық, мәдени-көпшілік шараларға беріледі, – деді Ш.Байманов.

Айта кетсек, биыл «Сыр елі» энциклопедиясы мен облыс тарихына арналған кітап шығарылады. Аймақ тарихы мен бүгініне арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Жыл аяғына дейін қала және аудандарда 60-қа жуық әлеуметтік нысан ашылып, ел игілігіне табысталады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<