Ұстаздың ұлағатты жолы

578

0

Қармақшы ауданы Төребай би ауылындағы №199 орта мектепте Білім беру ісінің үздігі, ардагер-ұстаз Әлиасқар Әбілтайұлын еске алуға арналған волейбол турнирі өтті. Тартысты бәсекеде аудандағы 6 мектеп ұжымы бақ сынады.

Турнирдің ашылу  салтанатында аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлзира Абдазиева сайыс қатысушыларына сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі.

Әлиасқар Бекқадам 1939 жылы Қармақшы ауданы Диірментөбе станциясында дүниеге келген. Еңбек жолын 1963 жылы Жалағаштың №117 «Мақпалкөл» орта мектебінде өндіріс меңгерушілігінен бастаған. 1966 жылы Қармақшы ауданының Жосалы совхозы құрылғанда №199 сегізжылдық мектепке алғашқы директор болып, 1975 жылға дейін қызмет атқарған. Саналы ғұмырында №№108, 185 мектептерде оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, кейін зейнетке шыққанға дейін №199 орта мектепте мұғалім болып, оқу-тәрбие жұмыстарының өз дәрежесінде жүруіне зор үлес қосқан. Терең білімін шәкірттеріне арнаған ол ұстаздық жолда талай жанға үлгі болды. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, тәлім алған шәкірттерімен бірге мектепаралық, қалалық, облыстық, республикалық сайыстарда жүлделі орындардың иегері атанды.

Ұстаздық жолдағы ерен еңбегінің арқасында 1996 жылы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталып,  мақтау грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болды. Ол кісінің елі үшін еткен еңбегі ауыл тұрғындары, отбасы, шәкірттері  үшін  үлгі  болып қала бермек.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды №199 мектеп ұжымы иеленді. Екінші орын №105 орта мектеп ұжымына бұйырды. Ал үшінші орынмен №107 орта мектеп ұжымы марапатталды. Сайыс жеңімпаздары ақшалай сертификаттарға ие болды.

Сондай-ақ, «Ең үздік шабуылдаушы» номинациясымен Н.Қазиев, «Ең үздік қорғаушы» номинациясымен Б.Тоғайбаев, «Ең үздік ойыншы» номинациясы бойынша Е.Сағындықов ақшалай сыйақы иеленіп, марапат төрінен көрінді. №№106,108,109 мектептер ұжымы аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Іс-шара соңында Әлиасқар Әбілтайұлының баласы Рахат Әлиасқарұлы білім бөлімінің мамандарына, №199 мектеп ұжымына және сайыста белсенділік танытқан қатысушыларға алғыс білдірді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<