Ұстаздың жетістігі

1268

0

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Сәбит Баймен «IMPACT Olimpiad» халықаралық ашық шығармашылық байқауынан екінші орын иеленді. Онда математика, физика және информатика мұғалімдері сынға түскен еді.

Халықаралық байқауға шетел және еліміздің мектептерінде қызмет атқаратын педагогтер қатысты. Ұстаздар математикалық есептерді шығарып, әдістемелік шеберлігін шыңдады. Қызылордалық мұғалім аталған олимпиадаға жыл сайын қатысып, білім мен біліктілік деңгейінің жоғары екенін дәлелдеп жүр.

– Жалпы математиканың нақты ғылымдар саласында алатын орны ерекше. Оны ғылымдардың іргетасы деп бағалайды. Ғылымның бұл саласынсыз физика, химия, биологияны елестету мүмкін емес. Ол кез келген ғылымға жан бітіріп, бойына қан жүгіртеді. Математикалық есептеудің арқасында технология қарыштап дамып келеді. Адам баласы қауіпсіз үйлер салуға қол жеткізді. Ғырышты зерттеуге мүмкіндік алды. Математика адамның жалпылау, анализ жасау, заңдылықты анықтау, тез ойлау, шешім қабылдау, жоспарлау, абстракты ойлау қабілетін және логикасын, интелектін дамытады, – дейді Сәбит.

Ол Жаңақорған ауданы Кеңес ауылындағы №239 орта мектепті бітірген. Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алған. Алты жылдан бері педагогика саласында жемісті еңбек етіп келеді. Былтыр аталған байқауда бірінші орын алса, А.Жұмаділдаев атындағы халықаралық байқауда екінші орыннан көрінді. Одан басқа да байқауларда жеңімпаз және жүлдегерлер сапынан табылды.

– Анам – математика пәнінің мұғалімі, өте шығармашыл адам. Үйде математика туралы кітаптардың саны басым. Алғашқыда олардың суретін қарайтын едім, кейіннен ішіндегі есептерін шығаруға әуестігім арта түсті. Осылайша сыныпта алдыңғы қатардан көріндім. Бұл менің математика ғылымына деген қызығушылығымды оята түсті. Математика химия, физика секілді жаратылыстану пәндеріне орасан зор пайдасын тигізеді. Тіпті оның қазақ тілі пәніне де әсері бар деп ойлаймын. Мәселен, ол сөздің, сөйлемнің құрылымы, фонетикалық талдаулар секілді талаптарға қатысты. Рас, қазір оқушылар арасында математика қиын пән деп бағаланады. Олардың қызығушылығын арттыруға мән беремін. Адам білмейтінінен қорқады, жек көреді. Сол себепті есептің оңай екенін оны шығару, қолынан келетінін, өмірдегі қолданысын көрсету арқылы қызықтырамын, – дейді ол.

Оның айтуынша, әлемде технологиясы дамыған елдерде математикаға ерекше мән береді. Сол арқылы өркениет шыңына шығып келеді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<