Ынтымақтастық туралы келісім

472

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі және ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясы арасында агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми-инновациялық дамыту жөніндегі ынтымақтастық келісіміне қол қою рәсімі өтті. Келісім аясында өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында шаралар атқарылмақ. Жиынға ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының президенті Тілектес Есполов арнайы қатысты.

Аймақ басшысы аграрлық саланың облыс экономикасының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтіп, академия ғалымдарына тиімді әріптестік орнатуға ниет білдіргені үшін алғыс айтты.

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет» деген болатын. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда ғылыми-зерттеу институттарының рөлі ерекше. Қазір аймақта Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметіне басымдық беріліп келеді. Біз ауыл шаруашылығы ұйымдарымен тығыз жұмыс жасап, оларға қолдау білдіруге дайынбыз. Бүгінгі ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясымен ынтымақтастық туралы келісімнің өзі – соның бір айғағы.

Алдағы уақытта да өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында бірлескен шаралар атқаратын боламыз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Өз кезегінде Тілектес Есполов өзара ынтымақтастық келісімнің Сыр өңіріндегі егін шаруашылығының одан әрі өркендеуіне серпін беретініне сенім білдірді.

– Кейінгі жылдары Қызылорда облысы жақсы жобаларды, бастамаларды іске асырып келеді. Қазір өңірдің инфрақұрылымы мен экономикасы артуда. Ал ауыл шаруашылығымен 13 мыңнан астам агроқұрылым айналысады, соның ішінде 97 пайызы жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары Сыр өңірі – Қазақстандағы күріш өсіруге мамандандырылған бірден-бір аймақ. Кейінгі үш жылда күріш алқабы 84 мың гектарға ұлғайып, орташа есеппен гектарына 53 центнерден өнім алынды. Бұл жаман көрсеткіш емес. Сондай-ақ облыста әртараптандыру жұмыстары күшейтіліп, ылғалды көп қажет етпейтін дақылдарды егу жұмыстары да кеңейген, – деді академия президенті.

Кездесуде Қазақстанның Еңбек Ері, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев, ғалымдар Нұрлан Балғабаев, Теміржан Айтбаев, Бахытжан Дүйсенбеков, Серікбай Өмірзақов өз пікірлерін бөлісті.

– Бақша өнімдері, әсіресе, картоп пен көкөніс дақылдарын көптеп өсіру – халықтың әл-ауқатына оң әсер ететіні сөзсіз. Тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз етуде бұның маңызы зор. Кезінде көптеген шет мемлекеттерге дейін сұраныста болған Сырдың қауынын да айтсақ болады. Осындай суды аз қажет ететін дақылдар мен жеміс-жидек өсіру бағытындағы жобаларға мейлінше көбірек көңіл бөліп, қолдау білдіргеніміз жөн. Біз барлық аудан мен ауыл әкімдіктеріне ұсыныс беріп, жер ыңғайына қарай қандай дақылдарды егу жайлы ғылыми қолдауға, бірге жұмыс істеуге әзірміз, – деді Т.Айтбаев.

Айта кетейік, кейінгі үш жылда ауыл шаруашылығының негізгі қорына 32,7 млрд теңге инвестиция салынды. Биыл құны 7,9 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ егістікті әртараптандыру әрі күріш өнімділігін арттыру үшін аймақтың күрделі климаттық жағдайына бейімделген жаңа сорттарды өндіріске енгізудің маңызы зор. Сол мақсатпен украиналық және қытайлық селекционерлермен аймақтың жағдайына бейімделген жаңа қарқынды сорттарды өсіру және енгізу туралы келісімге қол жеткізілді. Бүгінде 3 украиндық сортты аудандастыру жұмыстары жүруде. Ресейдің «Яхонт», «Патриот» жаңа сорттары сынақтан өткізіліп жатыр. Жаңа сорттардан әр гектарынан орташа 70-75 центнерден өнім алынды. Бұдан өзге, малазықтық жоңышқа, майлы дақылдар мен картоп, көкөніс көлемін одан әрі арттыру көзделген. Биыл бұл дақылдар 93,5 мың гектар жерге егілсе, келер жылы оның көлемі 101 мың гектарға жеткізілмек. Суды үнемдеп пайдалану үшін тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерін де кеңінен қолдану жоспарлануда.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<