Заңдылық пен құқықтық тәртіп

508

0

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады.

Президентке еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі, сондай-ақ қадағалаушы органның  қызметіндегі басым бағыттар жөнінде мәлімет берілді.

Берік Асылов заңсыз иемденілген активтерді қайтару үшін қабылданып жатқан шаралар және осы мақсатта жаңадан құрылған Комитеттің қызметі туралы баяндады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа үш буынды модель аясында кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау 3 есе қысқарғаны (614-тен 204-ке дейін) жөнінде мәлімет берілді. Жалпы еліміз бойынша 1041 тұлғаның негізсіз қылмыстық қудалауға тартылуына жол берілген жоқ. Конституциялық құқық бұзушылықтар саны 29 пайызға қысқарды (310-нан 222-ге дейін). 

Бұдан бөлек, Президентке азаптауға қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде баяндалды.

Сондай-ақ Бас прокурор қоғамда резонанс тудырған қылмыстардың тергелу барысы жөнінде есеп берді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тыныс-тіршілігіне қатысты барлық салада заңның сақталуын қамтамасыз ету ісін күшейту қажет екеніне назар аударды.

АҚША-КРЕДИТ САЯСАТЫ

Кеше сондай-ақ Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады.

Президентке Ұлттық банктің биылғы қаңтар-қазан айларында жүзеге асырған ақша-кредит саясатының нәтижелері жөнінде  есеп берілді. Қазақстан экономикасының жағдайы, инфляцияны төмендету шаралары, сондай-ақ алтын-валюта қорының, БЖЗҚ мен Ұлттық қор активтерінің жай-күйі туралы баяндалды.

Сонымен қатар  цифрлық теңгені іске қосуға дайындық барысы және цифрлық қаржылық инфрақұрылымды дамыту жоспары жайында мәлімет берілді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ақша-кредит саясатын тиімді жүзеге асыруға бағытталған бірқатар міндет жүктеді.

10 АЙДЫҢ АУҚЫМЫ

Президент Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровты да қабылдады.

Мемлекет басшысына еліміздің биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала нәтижелері туралы есеп берілді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 5 пайыз көлемінде болады деген болжам жасалып отыр. Бірінші жартыжылдықта шетелден тартылған тікелей инвестиция көлемі 13,3 миллиард долларға жеткен. Жылдық инфляция 2 есе, яғни 10,8 пайызға дейін (ақпан айында 21,3 пайыз) төмендеді.

Министрдің айтуынша, жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 36,4 пайызға жеткен. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Сондай-ақ Мемлекет басшысына бизнесті тексеру ісін 2 есе азайту үшін кәсіпкерлік саласына жаңа реттеу саясаты енгізілетіні туралы мәлімет берілді.

Жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің әзірлену барысы, инвестициялық саясат, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде де баяндалды.

Бұл ретте «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы іске қосылғалы бері республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 7 есе артып, биыл 771 ауылда 1,8 мың жобаны орындау жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, сондай-ақ реформаларды тиімді жүргізу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<