Үздік жобалардан үміт көп

378

0

Ғарыш. Ғылым. Интеллект» тақырыбындағы

IX Наурыз кездесуі кеше жалғасын тапты. Бұл күнгі шараға қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров қатысты.

Кездесудің алғашқы күнінде ғарышкерлер  Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов, SpaceX пен NASA-ның тәуекел және қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Майкл Лутомски, NASA-ның ғылыми қызметкері Парвин Пратапан, сондай-ақ, ғарыш және жаңа технологиялар саласындағы басқа да ғалымдар оқушылармен пікірлескен болатын.

Шараның екінші күнгі пле­нарлық отырысында «Жұлдыз шоғырының эволюциясы және қалыптасуы» тақырыбында Бекдәулет Шүкірғалиев баяндама жасады. Германиядағы Хайдельберг университетінің астрономия орталығының ғылыми қызметкері балаларға өз жобасы туралы кеңінен ақпарат берді. Ол 4 жыл бойы «жұлдыз шоғырларын» зерттеумен тұрақты айналысып келеді екен. Жоба жетекшісінің айтуынша, жұлдыздық шоғырлар мәңгі өмір сүре алмайды. Олардың да ғұмыры ұзақ әрі қысқа болып бөлінеді. Бірі пайда бола сала ғайып болса, басқасы миллиондаған жылдар бойы өмір сүреді.

– Жұлдыздың өзі массасына қарай үлкен аспан денесі болса, ол 3 млн жыл, өмір сүре береді. Оларды зерттеудің әдістері өте көп. Біз телескоптармен бақылап, алған мәліметті кейін түсіну үшін теоретикалық модельдер жасаймыз, – дейді жас ғалым.

Ғаламшарды зерттеу, ға­рыш­керлерді таңдау және ға­рыш қызметінің басты бағыт­та­ры жайлы Германияның ға­рыш­керлерді даярлайтын Еуро­па орталығының ғылыми кеңес­шісі Игорь Дроздовский пленарлық отырыста айтып берді. Сонымен қатар ол қатысушыларға ғарышкердің ашық ғарыш әлеміндегі тәртіп ережелерін айтып, жердегі жаттығулардың маңызын тү­сін­дірді.

Шара барысында оқушы­лар қазақ елінің тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровпен кездесті. Атақты ғарышкер сайысқа қатысушылары дайындаған зымырандарды ұшыру сәтін балалармен бірге тамашалады. Сондай-ақ жас зерттеушілердің жұмыстарымен танысып, жастар жылына арналған флешмобтың да куәсі болды.

– Адам баласына бірінші нәтижеге жету үшін білім қажет. Онсыз болмайды. Екіншіден, өзің ұстамды әрі шыдамды болу үшін спортты жаныңа серік етіп ал. Үшіншіден, бұған мәдениетті қосамыз. Қазақта «үлкенді құрметтеу мен кішіні қадірлеу» деген ұғым бар. Бұл тәрбиені бойына сіңірген ұрпақ ешқашан да осал болмайды. Ең мықты азамат болам десең, осы үш нәрсені ұмытпаңдар, – деді кездесуде Тоқтар Әубәкіров.

Жиын соңында зияткерлік мектептерден жиналған 80-нен аса жобаның ең үздіктері анықталып, жеңімпаздар ма­ра­­патталды. Сонымен қатар, ша­раның үш күндік бағ­дар­ламасы аясында келген қонақтарға спорттық және зияткерлік ойындар ұйым­дас­тырылып, «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен «Қорқыт ата» мемо­риалдық кешеніне саяхат жасалды.

Ержан Қожасов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<