Жаһанды тануға жол ашады

242

0

 ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды дамыту бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы іске асырылып жатқаны белгілі. Жобаның мақсаты: тарих, саясаттану, социология, философия, психология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика,  т.б. ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті  жағдайды жасау.

Жоғарыда аталған жоба бойынша жуырда ғана бас­падан шыққан жаңа туынды­лар Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың ғылыми-техникалық кітапханасына келіп түсті. Осы орайда ҚМУ оқу орны ашық аспан астында кітаптар көр­месін өткізді. Әлем әде­биеті қорынан қазақ тіліне ау­да­рылған ғылыми негіздегі кі­таптар жалпы оқырманға ар­налған.

Десек те, бұл құнды дүниелердің ЖОО оқыту­шы­лары үшін қажеттілігі зор. Өйткені өткен жылдан бастап аталған оқулықтар жоғары оқу орындарының оқыту бағдар­ла­маларына енгізілген еді. Яғни, бұл бастама білім саласында жаһандық бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

– ҚР Тұңғыш Президентінің бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясындағы «Қазақ тіліндегі гуманитарлық бі­лім – 100 жаңа оқулық» жобасы бой­ынша жарыққа шық­қан әлемдегі ең таңдаулы ту­ынды­лар ғалымдар мен ЖОО оқытушылары үшін, сондай-ақ, студенттер, қара­пайым оқыр­мандар үшін де аса қажетті әрі құнды дү­ние. Себебі, кез кел­ген адам осы оқулықтар арқылы әлем­­дік деңгейдегі ғылыми тұжырымдармен, тың идеялармен танысып, ондағы тәжі­рибені өз бастамасына пайдалануына мүмкіндігі бар, – дейді Қорқыт ата атын­дағы ҚМУ-дың оқу-тәрбие жұмыс­тары жөніндегі проректор мін­детін атқарушы  Жандос Базартай.

Сондай-ақ, шара бары­сында университет ұжымы «Ұлттық домбыра күнін» де атап өтті. Ашық көрмеге домбыраның тарихы мен бүгінгісі жайлы кітаптар қо­йылды. Бұл орайда Құр­манғазы, Тәттім­бет, Дәулет­керей, Дина Нұрпейі­с­ова сынды есімі аңызға ай­налған күйшілердің өмір тарихы, өнер­дегі өшпес мұрасы туралы шығармалар көрменің шырайын келтіріп тұрғандай. Сол сияқты, дәстүрлі өнердің даму жо­лындағы дәйекті деректер қамтылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<