«Жайлы мектеп» жобасының жауапкершілігі зор

1732

0

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 12300 орынға арналған 21 мектеп  салынады деп жоспарланған. Нақты дерек бойынша 10 мектеп биыл пайдалануға берілсе, қалған 11-і алдағы жылы бой көтереді.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аймақта жүзеге асырылу барысы арнайы мәжілісте талқыланды. Мәжіліске облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, «Samruk Kazyna Construction» АҚ-ның өңірлік жоба басшысы Ерік Қонақбаев және департамент директоры Тимур Дәуітов, мердігер компаниялар мен коммуналдық мекеме өкілдері қатысты.

Жиында биылға жоспарланған 10 «Жайлы мектеп» құрылысының бастапқы жұмыстарына байланысты мәселе қаралып, жауапты мердігерлер тарапынан айтылған ұсыныс, пікірлер  нақтыланды.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Үкіметке және облыс әкімдіктеріне құрылыстарды уақытылы әрі сапалы іске асыруды тапсырды. Облыста 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланған. Биыл 6900 орындық 10 мектеп, 2025 жылы 5400 орындық 11 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мемлекеттік бюджеттен өткен жылы 19,6 млрд теңге бөлінсе, осы жылы 24,5 млрд теңге бөлінетін болады, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, биыл салынатын «Жайлы мектептердің» 4-уі қала ішінде, тұрғындар тығыз орналасқан «Арай», «СПМК», «КБИ», «Қызылжарма» сияқты шағын аудандарда болса, қалған 6 мектеп аудан, кент  орталықтарында. Бүгінде аталған жоба аясында 9 мердігер анықталып, жер телімдері белгіленіп, жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, алғашқы жұмыстар бастау алған, ал 1 мектепке (Арал ауданы «Сексеуіл» кентіндегі 300 орындық мектеп). байланысты құжат рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс алаңдарына инфрақұрылым жеткізу бойынша жергілікті бюджеттен 118,4 млн теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Жобаны үйлестіруші «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы өкілдерімен бірлескен жол картасына сәйкес жұмыстар жүргізілуде.

«Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асыруы туралы баяндама жасаған облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиевтің айтуынша, кейбір мектептер  құрылысы уақытында аяқталмауы мүмкін. Бұған байланысты облыс әкімі мердігер мекемелерге ұлттық жобаның Үкіметтің тікелей бақылауында екенін, сондықтан құрылысшылар санын арттырып, екі ауысыммен үздіксіз әрі сапалы жұмыс жүргізу қажеттігін айтты.

Аймақ басшысы жобаға жауапты мердігерлерге алдағы қыркүйек айында басталатын жаңа оқу жылына дейін «Жайлы мектептерді» толық пайдалануға беруді тапсырды.

– Мемлекет басшысының қойып отырған талабы – қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жойып, барлық баланың бір деңгейде заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау. Сондықтан бұл жобаның маңыздылығы өз алдына, жауапкершілігі де өте жоғары, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы жиынды қорытындылай келе, қала, аудан әкімдеріне бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстап, мектеп құрылыстарының барынша сапалы жүргізілуіне жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» елді мекендердің ең көрнекті жерінде орналасуын, оған баратын жолдың сапасын, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарының барлығын қадағалау қажеттігін айтты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<