Жаңа кезеңнің жауапкершілігі үлкен

1104

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың аудандарға жұмыс сапары Қармақшы және Сырдария өңірінде жалғасты. Сапар барысында бірқатар әлеуметтік, шаруашылық нысандар жұмысы назарға ұсынылып, аудан активтері өтті. Жұртшылықпен жүздесуде аймақты дамытудың басым бағыттары айтылып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Облыс әкімі алдымен қармақшыдағы «Ақтөбе және К» ЖШС жүзеге асырып жатқан құс фабрикасының құрылысын аралап көрді. Серіктестік басшысы Нұрлан Іздібаевтың айтуынша, аталған жоба 2017 жылы қолға алынған. Қазіргі таңда құс фабрикасының құрылысы толық аяқталған. Ауызсу және электр желісімен қамтамасыз етілген. Ендігі кезекте құрал-жабдықтарды алу үшін тиісті іс-шаралар атқарылуда. Сондай-ақ, фабрикаға баратын автожол салу мәселесі кезекте тұр.

– Аталған жобаның басталғанына бес жылға жуықтап қалды. Әрине, жергілікті тұрғындарға жұмыс көзін табуда құс фабрикасының маңызы зор. Оған қоса аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне оң әсерін тигізеді. Сондықтан аталған жобаны тезірек аяқтауға күш салуымыз қажет. Ал автожол мәселесін шешуде тиісті іс-шаралар атқарылады, – деді облыс әкімі.

Серіктестік басшысының пікірінше, құс фабрикасын іске қосу биылғы жылға жоспарланған. Осы мақсатта еліміздің өзге өңірлерінде қызмет атқарған тәжірибелі мамандармен келісім жасалған. Олар кәсіпорынның жұмысын жүргізуге ынталы. Ал өндіріс іске қосылғаннан кейін жылына 1500 тонна құс еті шығарылады.

Облыс әкімі келесі кезекте аудан орталығы – Жосалы кенті маңында орналасқан балалар лагеріне аялдады. Жыл бойы жұмыс жасайтын нысанда әкімшілік корпус, медпункт, клуб, асхана, жатын орындарымен қамтылған корпустар, спорттық ойын алаңдары балалардың демалысын сәтті өткізуге қолайлы қызмет жасайды.

Сондай-ақ, Жосалы кентінде өткен жылдың қазан айында іргетасы қаланған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысыда назарға алынды. Мұнда құрылыс жұмыстарының 70 процентке жуығы орындалған. Кешен құрылысын толық аяқтау үшін қосымша қаржы қажет.

Сапар барысында облыс басшысы аудан активінде жергілікті жұртшылықпен жүздесті. Оған облыстық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің төрағасы және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов негізгі атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырды. Мұнан кейін облыс басшысы Қармақшы ауданы бойынша алда тұрған міндеттер мен тың жобаларға назар аудару қажеттігін ескертті.

 – Бұл  қасиетті мекеннің қазақ халқы үшін ғана емес, барша түркі жұрты үшін де орны ерекше екені рас. Қармақшының тарихына зер салсақ, Жетіасарды, қасиетті Қорқыт бабадан бастау алған Марал ишан, Ер Сейтпембет әулиелерді, «Жүз шайыр елі» атандырған Балқы Базар, Ешнияз сал, Тұрмағамбет секілді ақын-жырауларды тілге тиек етеміз. Әйгілі Қарақұм мен Қызылқұмды жалғастырып жатқан жерде адамзат баласын ғарышпен байланыстырған Байқоңырдан талай азамат аспан әлеміне сапарлауда. Осындай ерекшеліктері мол Қармақшы жерінің берекесін кіргізіп, ауызбіршілігін арттыруда әр азаматқа зор жауапкершілік жүктелері сөзсіз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Сондай-ақ, қазіргі таңда халықтың жағдайын жақсарту жолында үлкен міндеттер тұрғанын атап өтті. Ауданда ширататын шаруа аз емес. Экономика салаларына инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлік саласын дамыту сынды ауқымды жұмыс тұр.

– Қазіргі дағдарыс жағдайында бюджеттің әрбір тиыны есептеулі. Демек, бюджеттен бөлінген қаражатты мерзімінде және толық игеріп, жобалардың сапалы жүзеге асуы мұқият қадағаланады. Индустрияландыруда, шағын және орта бизнесті дамытуда әлі де артта қалушылық бар. Қазір «Қызылорда облысы әкімінің 2022 жылға арналған іс-қимыл жоспары» әзірленуде. Жоспарға бірінші кезекте шешуді қажет ететін мәселелер енгізіледі. Негізгі бағыт – халықтың әл-ауқатын көтеру, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу. Өңірдегі әр ауылдың мүмкіндіктерін ескеріп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қажет. Әрбір ауданда өнім өндіретін шағын кәсіпорындар санын көбейтуге көңіл бөлуіміз тиіс, – деді облыс әкімі.

Осы орайда аудан басшылығына өңірдегі барлық қаржы институттарымен белсенді жұмыс жүргізіп, ынталы азаматтарға қолдау көрсету міндеттелді.

Облыс әкімі жиында дәстүрлі күріш егісіне кейінгі жылдары су тапшылығынан қиындық туындағанын, әйтсе де басты дақылдың көлемін мейлінше қысқартпауға назар аударылатынын жеткізді.

– Мемлекет басшысының қабылдауында болғанда су тапшылығы мәселесін баяндаған едім. Өзекті жайт Үкіметтің тұрақты бақылауында тұр. Өткен аптада Арал ауданында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасының Сенаты Олий Мәжілісі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті. Оған Қазақстан мен Өзбекстан тараптарының Сенат төрағасының орынбасарлары, депутаттары, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі келді. Мәжілісте Арал мәселесін шешу және трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану жайы көтерілді. Алдағы уақытта қос мемлекет тарабы іс-шаралар жоспарын қабылдайды, – деді облыс әкімі.

Жиын соңында Жосалы кентінің жергілікті қоғамдастық төрағасы Асқар Мереков, облыстық мәслихат депутаты, ақын Шәкизада Әбдікәрімов елді бірлікке шақырды. Қоғам белсендісі Қуаныш Төреев еліміздегі қоғамдық бірлестіктердің жұмысы туралы айтты. Ақай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Қыпшақбайұлы бата берді.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Сырдария ауданында жалғасты.

Алғашқы аялдаған нысан – Ақжарма ауылындағы «Ақжарма және К» шаруа қожалығының күріш ақтау цехы. Өндіріс орны 2014 жылы шаруашылықтың өз қаражаты есебінен салынған. Жоба құны – 62 млн теңге.  Цехта тәулігіне 60 тонна күріш ақталады, 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Аймақ басшысы шаруа қожалығының мамандарына арналып салынған тұрғын үй құрылысымен де танысты. Әрбір үйге 10 млн теңге шамасында қаржы жұмсалған. Шаруа қожалығы ауыл экономикасының дамуына қаржылай қолдау көрсетіп келеді.

Мұнан кейін Тереңөзек кентінде аудан активі өтті.

– Cұлу Сырдың бойында орналасқан Сырдария ауданы ақ күрішімен және оның маңайын мекендеген халықтың тыныс-тіршілігімен ерекшеленеді, – деді облыс әкімі жиындағы сөзінде. – Киелі топырағында Асқар Тоқмағамбетов, Әбділда Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджанов, Нағи Ілиясов сынды даңқты тұлғалар туып-өскен. Облыстағы алғашқы Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев Нағи Ілиясов ауылының өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты. Бұл елді мекен Қазақстандағы алдыңғы қатарлы ауылдар сапында. Сырдария ауданы ауыл шаруашылығында әрдайым озық көрсеткішімен көзге түсіп келеді. Бұл жергілікті халықтың еңбексүйгіштігі, ауызбірлігінің еселі жемісі деп білемін. Халық өздерінің дәстүрлі мал және егін шаруашылығымен айналысып, атакәсіптен айнымай тіршілік етуде. Өткен жылы су тапшылығына қарамастан диқандар жақсы нәтиже көрсетті. Биыл да жоғары жетістікке жетуге жұмыс жасау қажет.

Жүздесуде су тапшылығы жағдайы, осы ретте суды аз қажет ететін дақылдар көлемін арттыру мәселесі де айтылды. Биыл ауданда каналдар бойына орналастырылған 44 насос қондырғысы арқылы егінге су алынады. Ендігі жерде олардың қатарын көбейтіп, вегетациялық кезеңде шаруашылықтар үшін көмек қолын созу үлкен міндет болмақ.

– Өздеріңізге белгілі, қазір елде дағдарысқа қарсы кешенді шаралар қабылданып, экономикада, әлеуметтік салада және ауыл шаруашылығында бірнеше ауқымды бағдарламалар іске асуда. Аймақ экономикасын дамытуда атқаратын шаралар легі жетерлік. Әр ауданда шұғыл  шешуді қажет ететін мәселелер де баршылық. Әрине, бүкіл проблеманы бір мезетте шешу мүмкін емес. Барлығы бюджетіміздің мүмкіндігіне қарай екенін жақсы білесіздер. Әрбір ұсыныс-пікір міндетті түрде ескеріледі, – деді облыс басшысы.

Сондай-ақ кейінгі жылдарда облыста белең алған жер дауына байланысты ой қозғады. Бұл ретте әрбір ауылда егін өсірумен айналысатын шаруашылық басшылары үлескерлердің мүддесін ескере отырып жұмыс жасауы тиіс.

– Жыл басында шаруашылық басшылары үлескерлерді жоспарымен хабардар етуі керек. Биыл не істейді? Қандай жобалар бар? Қанша гектарға күріш егіледі? Оған қанша шығын кетеді? Қанша өнім алу жоспарланып отыр? Осындай мәселелермен үлескерлерді таныстыруы керек. Бұл жөнінде оларға айтып жүрмін. Бұған дейін кейбірімен сөйлестім. Осындай проблема Сырдария ауданында да кездеседі. Бұл мәселеде ашықтық керек. Жылдың соңында шаруашылық басшылары тағы да елдің алдында есеп беруі тиіс. Сонда қазіргідей түсінбеушілік болмайды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы. 

Аймақты газдандыру мәселесі де сөз болды. Облыс халқын көгілдір отынмен қамтамасыз етуде тиісті іс-шаралар атқарылып жатыр. Дегенмен, әлі де көңіл көншітерлік емес. Бозойдан бастау алған газ құбыры облыстың барлық ауданының үстінен өтеді. Өкінішке орай, елді мекендерді газдандыру әлі де мардымсыз. Бұл жөнінен Атырау, Ақтөбе, Түркістан облыстары озық тұр. Аталған өңірлерде халықтың басым бөлігі көгілдір отынға қол жеткізген.

– Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендігі өзекті мәселеге айналып отыр. Қырғыз жеріндегі «Тоқтағұл» су қоймасы 19 млрд текше метр су жинауға лайықталған. Қазір онда бар-жоғы 8 млрд текше метр су бар. Ал өз еліміздегі «Шардара» қоймасында 5 млрд текше метр су болса, «Көксарай» су реттегішінде 700 млн текше метрді шамалайды. Біз биыл облысқа бөлінген лимитті алуға күш саламыз. Бұл мәселе Үкімет басшысының назарында, – деді облыс әкімі.  

Жиында еңбек ардагерлері Ибрагим Әбибуллаев, Алмагүл Божанова, «Мәді қажы» ЖШС директоры Сейіткамал Сұлтанов агроөнеркәсіпті дамыту жөнінде ұсыныс-пікірін жеткізді. Ғасыр жасаған майдангер Яхия Тасыров халыққа ақ батасын арнады. 

Облыс әкімі мұнан кейін Тереңөзек кентіндегі орталық стадион жұмысын көрді. Аумағы 656 шаршы метрді құрайтын орталық стадион өткен жылдың желтоқсан айында толықтай пайдалануға берілген. Сондай-ақ, енді аталған аумақта №11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің жаттығу және стритбол алаңы игілікке айналады.

Аймақ басшысы мердігер компания басшысына құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Жас спортшылардың алға қойған мақсаттарына жетуіне тілек білдірді.

Сырдария ауданындағы жұмыс сапарында облыс әкімі Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев және зиялы қауым өкілдерімен бірге Н.Ілиясов ауылына барып, еңбек ардагерлерімен кездесті. Елді ауызбірлікке үндеп жүрген ақсақал Төребек Жұмабеков пен қоғамдық кеңес төрағасы Дархан Ералиев жанашыр азаматтардың еңбегін ерекше атап өтіп, облыс әкіміне сәттілік тіледі.

Аймақ басшысы жасанған ауылдағы спорт кешені, орталық аллея және музейді аралап көрді.

Айта кетейін, ауылды көркейту-көгалдандыру және абаттандыру шараларына «Абзал және К» толық серіктестігі демеушілік жасайды. Мұнда 20 мың шаршы метр аумаққа Канн, Петуния, Авалон, Катарнтус, Пеларгония гүлдері егілген. Ауылдық округте орналасқан 12 көше бойына 12800 түп ағаш егіліп, күтімге алынған. Олардың бабы мен тазалық жұмыстарына 30 адам жұмысқа тартылған.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<