Жаңа қызметке шығарып салды

624

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында кадрлық өзгеріс айтылды.

2015 жылдан бастап ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы қызметін атқарып келген Мариям Баекеева ротация тәртібімен Ұлттық статистика бюросы Ақпараттық технологиялар департаментінің Ақпараттық жүйелерді үйлестіру және интеграциялау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.

Аймақ басшысы оның жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

– Мариям Жәдігерқызы статистика саласында мол тәжірибе жинап, қызметте сатылап өскен өз ісінің майталман маманы ретінде белгілі.  Қызылорда облысының статистика басқармасында қарапайым экономистен бастап, жоғары басшылық лауазымға дейінгі жолдан өтті. Өңірдің мемлекеттік статистикасын дамыту мен жетілдіру ісіне елеулі үлес қосқан білікті кадрлардың бірі. Өзіне сеніп тапсырылған жұмысты абыроймен атқарып, тұрақтылығы мен тиянақтылығының арқасында өз саласында жемісті қызмет атқаруда. Статистика органдарында 33 жылдан аса қызмет атқарған кезеңде білікті кадрлар тәрбиелеуге айтарлықтай үлес қосты – деді облыс әкімі.

Мариям Жәдігерқызы Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Актив отырысында облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов Мариям Баекееваға жаңа қызметте сәттілік тіледі. Өз кезегінде Мариям Жәдігерқызы әріптестеріне көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.

Мариям Жәдігерқызы статистикалық деректерді қалыптастырумен қатар тіркелімдерді цифрландыруға бағытталған тың жобалардың жүзеге асырылуына дәнекер болды. Оның бастамасымен департамент аумақтық статистика органдары арасында бірінші болып есептерді «Бір терезе» қағидаты бойынша қабылдауға көшті. Мемлекеттік органдардың қызметін бюрократиядан арылтуға бағытталған ауқымды шаралар атқарды.  Шаруашылықтардың есепке алу кітаптары электрондық форматқа көшіріліп, нақты статистикалық деректерге онлайн қолжетімділік артты. 2009 және 2021 жылдары өткізілген ел тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі – Ұлттық халық санағы өңірімізде сапалы және жоғары деңгейде өткізіліп, сәтті жүзеге асты. Өңірдегі статистика департаментінде атқарған көп жылғы жемісті еңбегі үшін Мариям Жәдігерқызы «Ерен еңбегі үшін» медалі (2018 ж.) және «Статистика үздігі» төсбелгісімен (2013 ж.) марапатталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<