Жаңа заң жобасы қамкөңіл жандардың талабын қанағаттандыра ма?

227

0

Тағдырдың тәлкегіне табандылық танытып, сынағына сынып кетпей, сыр бермей басын тік көтеріп жүрген мүмкіндігі шектеулі батыл да, батыр жандардың жайлы ортада өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан жан-жақты жағдай жасалуда. Соның бір мысалы, мүгедектігі бар балалардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылмақ. Бұл – жақында ғана Парламент Мәжілісінің депутаттары мақұлдаған заң жобасында қарастырылып отыр.
Аталған заң жобасы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қам­тамасыз ету және тұрмыс сапасын жақ­сарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды орындау шеңберінде мүгедектігі бар адамдар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, еңбек ардагерлері және өзге де санаттарды қоса алғанда, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленді.

Құжатта мүгедектіктің себебіне қарамастан, бірінші топтағы мүге­дектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға берілетін жәрдемақыны енгізу қарастырылған. Қазіргі уа­қытта 1-топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмек­шінің қызметтерімен де қам­тамасыз етілмеген. Заң жобасын қабылдау нәтижесінде сыртқы қам­қорлыққа мұқтаж 24 мың адам күтім бойынша жәрдемақымен қо­сымша қамтылады.

Бала денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бо­йынша бөлу көзделеді. Бұл шара көр­сетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының дәрежесіне қарай жәрдемақылардың мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді.

Бұл ретте мүгедектігі бар бала­лардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылады. Бұл шара 30 мыңнан аса балаға қатысты болады. Сондай-ақ заң жобасында мүгедектік бойынша және асырау­шыдан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгіл­де алу құқығын беру көзделеді. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедектігі бар балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазір мүгедектігі бар балалар ата-аналары ажырасқан кезде бір мез­гілде алименттер мен мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады. Сон­дай-ақ ата-анасының біреуі немесе екеуі (асыраушысы) қайтыс болған жағдайда бала мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы ала алады. Осы норма енгізілген жағдайда 2 мың бала мүгедектігі бойынша жәр­демақымен қатар (мөлшері 41 163-тен 48 023 теңгеге дейін) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны ала алады (мөлшері 12 063-тен 29 500 теңгеге дейін).

Жұмыс беруші міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен оңал­тудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз ету – заң жобасының тағы бір жаңа­шылдығы. Жұмыс беруші – жеке кәсіпкердің қызметі тоқтатылған не­месе заңды тұлға таратылған жағ­дайда бұл міндеттемелер мемлекетке өтеді. Бұл ретте мүгедектігі бар аза­маттар кәсіпорынның қызметі уақытша тоқтатылған кезеңінде немесе 1,5 жылға дейін созылуы мүмкін банкроттық рәсімдерін жүргізу ке­зінде ОТҚ алу мүмкіндігінен айырылады. Осы кезеңде өндірісте майып болған адам оңалтудың техникалық құралдарынсыз қалады. Бұл шара 2 мыңға жуық адамды оңалтудың тех­ни­ка­лық құралдарымен және қыз­мет­тері­мен уақтылы қамтуға мүм­кіндік береді.

Осы ретте жаңа заң жобасының тетіктеріне қатысты өз пікірін біл­дір­ген «Азамат әлеуеті» жеке қайы­рым­дылық қорының президенті, заңгер Алмагүл Дәулетқазықызы мүге­­дектікке әкеп соқтыратын негізгі фактор­ларды атады.

«Біздің елімізде мүгедектігі бар тұлғалардың құқықтарына байланысты біраз жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда жастайынан мүмкіндігі шектеулі немесе туа сала түрлі зақымдануға тап болған тұлғалар саны жыл сайын көбеюде. Бұл республикалық статистиканы біз бақылап, қадағалап отырмыз. Оған көптеген нәрсе әсер етуде. Соның ішінде ата-ананың денсаулығы, репродуктивті қызметтерінің дұрыс болуы. Бізде жансақтау бөлімдерінде 500 граммнан жоғары балаларды жан­сақтаудан өткізу, оңалту шараларын жүргізу, оңалтудың нәти­жесінде оларға өмір сыйлау, түрлі бұзылыстарына қарамастан барынша мүмкіндік беру, дамуына оң ықпал ететін бағдарламалар бар. Бұл – ерте жастан скрининг өткізу және де сол балаларға қатысты түрлі салалар тарапынан денсаулық сақтау, білім беру сияқты әлеуметтік сала тұрғысынан қызметтердің атқарылуы. Бұған қоса бүгінде түрлі жағдайлардың әсе­­рі­нен қан қысымының көтерілуі, қант диабетінің болуы, әртүрлі эколо­гия­лық факторлардың әсер етуі – бар­лығы да адам денсаулығына теріс әсе­рін беруде. Соның нәтижесінде мүгедектікке тап болып жатқандар өте көп. Экологиялық зардаптар да бар. Жан күйзелісінен психикалық нау­қасқа ұшыраған тұлғалардың да саны ұлғаюда. Бұған да көбірек көңіл ауда­ры­лу қажет деп есептеймін», деді маман.

Сонымен қатар ол қабылданған заңның жүзеге асуы атқарушы орган­дар­ға тікелей байланысты екенін жет­кізді.

«2015 жылдың 20 ақпанында Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясын ратификациялады. 5 жылдың ішінде біраз міндеттемелерін орындауға бай­­ланысты еліміз көптеген жобаны, бағ­дарламаларды жүзеге асыруда. Әрине, соңғы шыққан заңнамалық актінің өзінде бірталай нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгеріс­тер мүгедектігі бар тұлғалардың өмір сапасын жақсартады. Олардың толық­қанды өмір сүруіне мүмкіндік бе­реді. Және де мүгедектігі бар тұл­ғалар­дың азаматтық, әлеуметтік, мә­дени, сая­си, басқа да құқықтарының жүзеге асуына ықпал етеді деген ойдамыз. Жергілікті жерде заң мықты болса да, оны атқарушы орган, жер­гілікті биліктің өкілдері дұрыс жүзеге асырмаса, онда ол мүгедектігі бар тұлғалардың Конституциямыздан бастап белгіленіп отырған кепілді құ­қықтар жүзеге асырылмай қалуы мүмкін. Ондай мысалдар өте көп», деді А.Дәулетқазықызы.

Сонымен қатар жоғарыда атал­ған заң жобасында мүгедектігі бар ба­лаларды тәрбиелеп отырған отба­сылардың балалары кәмелетке тол­ғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді. Іс жүзінде мұндай отбасылар тұрғын үй кезегінде 10 жылға дейін тұрады. Егер бала 18 жасқа толғанға дейін тұр­ғын үй алу мүмкін болмаса, онда мүгедектігі бар азамат кезекке қайта тұруға мәжбүр. Бұл норма 20 мыңнан аса отбасына тұрғын үй кезегін сақ­тау­ға мүмкіндік береді деп болжануда.

Бұған қоса, Заң жобасы шеңберінде мүгедектігі бар балаға күтім жасау мерзімін 18 жасқа дейін ұзарту ұсы­нылады. Бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен база­лық зейнетақыны тағайындауға оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ табысы аз от­ба­сылардың балаларына кепілдік берілген әлеуметтік топтама беруді Әлеуметтік қызметтер порталына ауыс­тыру қарастырылған. Арнаулы әлеу­меттік қызметтер көрсетудің тиімділігі мен атаулылығын арт­тыруға бағытталған өзге де нормалар қосымша енгізілді. Заң жобасын қабылдау халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне оң әсер етеді және шамамен 400 мың қазақстандықтың құқықтарын жақсартуға мүмкіндік береді. Заң жобасы 55 млрд теңге сомасына қажетті қаржыландырумен қамтамасыз етілді. Шығын нормалары 2021-2023 жылдарға бөлінген қаражат шеңберінде іске асырылады.

«ДОС» Тәуелсіз өмір» мүгедектер қоғамдық бірлестігі орталығының атқарушы директоры Ардақ Отарбаев заңның қабылдануы, іске асырылуы, атқарушы органдар тарапынан қадағалануы жоғары деңгейде болса, мүгедектер қиындықтар мен кедер­гілерге кездеспейді деп үміттенетінін жеткізді.

«Заңнамаларға енгізіліп жатқан өзгерістер іске асса, мүгедектігі бар тұлғалардың тұрмысы бүгінгіден де сапалы болары сөзсіз. Өйткені мұндағы өзгерістерге негіз болатын мәселелерді біз бұрыннан бері айтып келеміз. Оның ішінде туабітті мүгедектігі бар кішкентай сәбилерімізді топ-топқа бөліп қарастырғаны жақсы, бұл олардың әлеуметтік төлемдерінің ұлғаюуына әкеледі. Өзім соңғы кезде байқағаным, жаңа үйлер, сәу­летті ғимараттар көптеп салынып жатқанымен, оған біздің кіріп-шы­ғуымыз, жүріп-тұруымыз қиындық тудыруда. Осы мәселелерді тағы да бір назарға алып қадағаласа, жолдар тек қана мүгедектігі бар азаматтарға ғана емес, ата-әжелерге де, нәрестесі бар келін­шектерге де ыңғайлы болар еді», дейді А.Отарбаев.

Айта кететін жайт, жыл басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 86 мыңнан аса мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құ­ралдарын, 6 мыңнан астамы ымдау тілі қызметін, 30 мыңнан астамы жеке көмекшінің қызметін, 28 мыңға жуығы санаторлық-курорттық емдеуді алды және 36 мыңнан аса адам кепілдік берілген әлеуметтік топтамаларға тапсырыстарды ресімдеді.


Егемен.кз

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз