Жарықтың сөнуі неге жиіледі?

646

0

Кейінгі күндері өңірде электр энергиясына байланысты шектеулер, яғни жарықтың сөніп қалу оқиғалары жиілеп кетті. Осыған байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев пен «Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясы АҚ басқарма төрағасы Мұхиджан Кәрімбаев мән-жайды түсіндіріп өтті.

      Облыс бойынша электр энергиясын тұтыну 170-175 МВт көлемінде. Оның 29 процентін өңірдегі «Қызылордажылуэлектрорталығы» мекемесі, ал 6 процентін «СКЗ-U» ЖШС өндіреді. Ал қалған электр қуаты сырттан келетіні белгілі. Бұл – басқа өңірдегі электр энергиясын өндірушілерге тәуелдіміз деген сөз.

Қазір аудандардағы кешкі сағат 18 бен 20-ның аралығында жарықтың сөнуі өзге өңірден келетін электр қуатына байланысты болып отыр. Басты себеп – «Самұрық Энерго» акционерлік қоғамына қарасты Екібастұздағы ГРЭС-1, ГРЭС-2 және «Мойнақ» электр станцияларындағы энергия өндіру көлемінің төмендеуі. ҚР Бірыңғай энергетикалық жүйесінің Ұлттық операторы «KEGOC» АҚ мәліметінде оңтүстік аймақтарда электр тапшылығына қатысты уақытша шектеулер болатыны айтылған.

– Үшінші қарашадан бастап облыста «KEGOC» АҚ ӨДО командасы бойынша энергия тұтынуға шектеулер енгізіліп жатыр. Оның себебі, оңтүстік өңірдегі қуаттың тапшылығы, өңіраралық транзиттік желілерден энергияның шамадан тыс жүктелуі болып тұр, – дейді басқарма басшысы Е.Жаңабаев.

Ал Мұхиджан Кәрімбаевтың айтуынша, электр энергиясына деген тапшылық республика бойынша сезілуде. Қазір «Мойнақ» су-электр станциясының бір бөлігінен ақау шығып, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жақында Жамбыл облысындағы электр өндіретін «Жамбыл ГРЭС» АҚ станциясы қосымша бір блок қосуға дайындық үстінде. Бұл жұмыстар біткен соң жарыққа шектеу болмайды.

– Жарықты шектеу көбіне жылу энергиясын бермейтін жерлерде өтіп жатыр. Кешкі уақытта 1-2 сағаттан артық өшкен емес. Ауылдық жерлерде бір сағат ғана жарық сөндіріледі. Осы аптада Жамбылдағы станцияның бір блогы іске қосылса, барлық шектеулер алынады деген ойдамыз, – дейді М.Кәрімбаев.

Қазір жарықты өшіру Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарының елді мекендерінде көптеп байқалады. Сондай-ақ, Сырдария ауданына қарасты Іңкәрдария, Ақжарма ауылдарында электр энергиясы уақытша ажыратылуда. Шиелі мен Жаңақорған аумағында да дәл осындай шектеулер бар.

Аудандардағы жарықтың сөну себебі жалғыз бұл емес. Кейбір әкімдіктің желідегі парақшасында жөндеу жұмыстарына байланысты да жарықты қажет уақытында сөндіретінге ұқсайды. Мысалы, Арал ауданы әкімдігінің Facebook парақшасында былай делінген: «Аудандық электр торабы мекемесі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты КТПН-10/0,4кВ 2, 3, 4, 5, 6, 7 қосалқы станцияларының бойындағы (бірнеше көшелер тізілген) 09.11.2021 жылы сағат 9-бен 18 аралығында әр көшеде 1-1,5 сағат электр энергиясы болмайтындығын хабарлайды». Сондай-ақ, Жалағаш ауданы әкімдігінің парақшасында «02.11-05.11. күндері сағат 9-бен 18 аралығында 220/35/10кВ Жалағаш қосалқы станциясында Т1 қондырғысына жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты, Жалағаш кенті және Ақсу елді мекенінде 10кВ әуе желілерінде ішінара электр энергиясынан шектеу болатынын хабарлайды» деген мәтінді де көзіміз шалып қалды. Тағы да жөндеу.

Айта кететін бір жайт, облыстағы электр бағаналары мен желілердің тозығы жеткен. «Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясы АҚ басқарма төрағасының сөзіне сенсек, барлық жабдықтардың 69 проценті ауыстыруды қажет етеді. Ал бұларды қайта жаңғыртуға тым көп қаржы қажет екені белгілі. Желі мен дауылы тынбайтын өңірдің энергетика саласындағы күрделі мәселенің бірі де, бірегейі де – осы.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<