Жас шабандоздар бақ сынады

381

0

Аудан жастарын ұлттық спортқа тарту мақсатында аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен және «Нұрасыл» шаруа қожалығының демеушілігімен ауданға қарасты Сәкен Сейфуллин ауылында 14-29 жас аралығындағы жас шабандоздар арасында «Көкпар» сайысы ұйымдастырылды.

Сайдың тасындай, тепсе темір үзетін жас шабандоздар ауданға қарасты ауылдардан жиналып, дүбірлі додада бас қосты. Бұл сайыс өте тартысты өтті. Тартысты сайысты Сәкен Сейфуллин ауылдық округінің әкімі Бекзат Қыдырбаев ашып, демеуші болған, жастар жанашыры «Нұрасыл» шаруа қожалығының төрағасы Шыңғысбек Үрістемовке аудан әкімінің алғысын жеткізіп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. «Нұрасыл» шаруа қожалығының төрағасы Шыңғысбек Үрістемовке қазақтың киелі қамшысы сыйға берілді. Ауыл ақсақалы бата беріп, жас шабандоздарға ақ жол тіледі.

Арда ақсақалға аудандық жастар ресурстық орталығы құрметтеп арнайы шапан жапты.Алғашқы салымды Асқар Тоқмағанбетов ауылының шабандозы Айтбайұлы Дінислам салды. Осылай кезекпе-кезек әр ауылдан жиналған жас шабандоздар өз салымдарымен көрермендердің ықыласына ие болды. Тартысты өткен додада Асқар Тоқмағанбетов, Қалжан ахун, Айдарлы, Тереңөзек кенті, Шаған, Нағи Ілиясов, Аманкелді, Шіркейлі және жергілікті Сәкен Сейфуллин ауылдарынан 100-ге тарта жас шабандоздар қатысты.

Оның ішінде Нағи Ілиясов ауылдық округі мен Шаған ауылдық округінің жас шабандоздары белсенді болып, ең көп салымды болды. Мұнан бөлек, «Сейфуллин Жер» ЖШС, «Жандос» ШҚ, «Абай Тоқтаров» ЖК және жергілікті азаматтар қаржылай қолдау білдіріп, сайыстың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты.