Жастар шыны зауытының жұмысымен танысты

724

0

Фото: ашық дереккөз

Әлемде аса сұранысқа ие шыны өнімін өндіретін өндіріс ошағы аз уақыт бұрын Сыр елінде де өз жұмысын бастаған болатын. Қанша жанның «екі қолға бір күрек» табуына сеп болған өндіріс орны жыл көлемінде жалпы көлемі 197 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда кәсіпорын өз өнімдерін республика көлемінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де экспорттауда.

Әлемде бұл өндіріспен айналысатын кәсіпорындар санаулы. Біздің өңірде шыны өндірісін ашудың себептері де жоқ емес. Ал аталған кәсіпорынның қазіргі таңдағы жұмысын өз көзімен көріп, ішкі жұмысын бағамдап қайту үшін бүгін И.Әбдікаримов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің Құрылыс бұйымдары мен конструкцияларын өндіру мамандығының 20-ға жуық студенті «Orda Glass LTD» Қызылорда шыны зауытына экскурсия жасады.

Жастар орталығының бастамасымен ұйымдастырылған экскурсияда кәсіпорынның «Өндірістік бөлім» басшысының көмекшісі Қуатов Ғалымжан жастарды жұмыстың қайнаған ортасына апарып, ондағы құрылғылармен, жұмыс процесімен, техникалық мүмкіндіктерімен таныстырды. Шикізаттан дайын өнім алуға дейінгі жұмысты кезең-кезеңімен көрсетіп берді.

Соңғы уақытта елімізде техникалық мамандықтарға басымдық беріліп келеді. Сондықтан жастардың өндіріс саласына қызығушылығын арттырудың маңызы жоғары.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<