Жастар жобасы

305

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен  «Сабақтастық. Әділеттілік. Даму» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Бұл шараға университет студенттерінен бөлек, Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің білім алушылары қатысты. Жастар шығармашылығын ынталандыру және бәсекеге қабілетті болуға тәрбиелеу мақсатында өткен конференция екі бөлімнен тұрды.
Шараға келген қонақтар ең алдымен көрмені аралап көрді. Көрме студент-жастардың ізденіске ұмтылысын аңғартады. Уақыт талабына сай жаңа тех­но­логияны меңгеруге, жасыл экономиканы дамытуға ұмтыл­ған жастар жобаларының маз­мұны да, тақырыбы да терең.
Көрмеге қатысушы  Әуез Манат – «Электр энергетика» маман­дығының ІІІ курс сту­денті. Ол  Сыр өңірінде күннен электр энергиясын өндірудің мүмкіндігі мол екенін өзінің жобасына арқау етіпті.
– Әлемде күн, жел энер­гети­касы тақырыбы өзекті. Бір жылда 365 күн болса, соның 300 күнінде біздің өңірде күн жарқырап тұрады. Демек, күн­нен электр энергиясын өндіруге, оны тұрмысымызға енгізуге мүмкіндік мол,– дейді ол.
Көрмеге қатысушының бірі Исмайл Жорабаев – «Инже­нерлік экология» факультетінің студенті. Оның жобасы «Кибер­қауіпсіздік – заман талабы» деп аталады. «ХХІ ғасырда ІТ құрылым өте қарқынды дамып келеді. Киберқауіпсіздік – уақыт қажеттілігі. Бұл интернет әле­мінде хакерлерге қарсы тұра білу. Ең маңыздысы, өз ақ­пара­тымызды сақтай білу» дейді ол.
Көрмеге қатысушы  студент Ермұрат Ернардың жобасы да көптің назарын аударды. Ол зәулім ғимараттардың әйне­гін тазалау құрылғысын ойлап тапқан. Мұны адам күші­мен ат­қару кейде қайғылы жағ­дай­ларға соқтыратыны бар. Сту­дент автоматтандырылған жүйе арқылы әйнектерді таза­лауға болатынын көпшілікке өзі­нің жобасы арқылы түсін­дір­ді. «Менің жобам – «Заманауи электрлі әйнек» деп аталады. Ғылымның дамыған кезеңінде адамның жұмысын жеңілдету, әрі қауіпсіздікті сақтау үшін осы жобаны жүзеге асырсам деймін. Жоба жүзеге асқанда биік ғимараттардың әйнегін адам емес,  техника тазалайды» деген студенттің жобасы шы­нында да сұранысқа ие десек қателеспейміз.
«Тәрбиеші – баланың жүре­гі» атты жобаны ұсынған сту­дент  Қабылтай Самал тех­но­­логия дамыған тұста адам қыз­­метін робот алмастырады дегенмен, робот алмастыра ал­май­тын мамандық бар екенін, бала тәрбиесін роботқа тап­сыруға болмайтынын мәселе етіп көтеріпті. «Болашақ ұрпа­ғымызды ізгілікке, мейірім­ділікке, жақсы қасиеттерге тәрбиелеу үшін жүрек керек. Ал, роботта жүрек жоқ. Сол себепті баланы роботқа тапсыра алмаймыз» деген болашақ тәрбиешінің бұл ұсы­нысы айналасын жылулыққа бөлегендей әсер қалдырды.
 Мұнан әрі шара пленарлық мәжіліске жалғасты. Алдымен сөз алған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетінің ректоры міндетін атқарушы Бақытхан Әбдікәрімов биыл жастар жылы екенін атап айтып, студент-жастардың жеке қабілетін анықтап, ғылымға баулу әрбір ғалым-ұстаздың қасиетті борышы екенін атап айтты. Бұл орайда бүгінгі ұйымдастырылған шараның мәні зор екеніне тоқталды.
Шара соңы білім мен ғылым жо­лындағы ізденісте жетістікке қол жеткізген студенттерді ма­ра­пат­тау рәсімімен жалғасты.

Г.МАҒЛҰМҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<