Жастардың жұмыспен қамтылуы басты назарда

490

0

Жастар еңбекке машық болса, еліміздің дамуына үлес қосатыны сөзсіз. Сол себепті еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы маңызды деп санасақ, жастардың жұмыспен қамтылуын басты назарға алған жөн. Ізденген жасқа мүмкіндік те аз емес. Елімізде жастарды жұмыспен қамтуға арналған «Жастар практикасы» деген тиімді бағдарлама құрылды. Басталғанына көп болмаса да, біршама жастың баспалдағы болып, жарқын мансап жасауына жол ашты. Себебі осы бағдарлама арқылы еңбек жолын бастағандардың 70 пайызы дерлік тұрақты жұмыс ретінде жалғастырған. «Жастар практикасы» және жалпы жастардың жұмыссыздығы жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі және еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы 2023 жылы 100 мың жасқа жұмыс беру» керектігін ерекше атап өткен болатын. Бұл тапсырма шеңберінде осы жылы 19 мыңнан астам жастарды жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, 7 ай ішінде жастар тәжірибесіне 1016 адам жолданып, жыл соңына дейін қосымша 2114 адам жолданады. Алғашқы жұмыс орынға 138 адам жолданса, жыл соңына дейін 82 адам қосымша жолданады, «Ұрпақтар келісім шартына» 14 адам жолданса, қосымша тағы 17 адамды жолдауды көздеп отырмыз, – деді Ғабит Жұмабекұлы.

Өткен жылдың ІІ тоқсаны бойынша аймақта жастардың жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құраған. Ал, былтырғы жылы 3,5 пайызға түскен. Негізінен жұмыспен қамтылған жастардың басым бөлігі көтерме және бөлшек сауда, білім беру, көлік және жинақтау, өнеркәсіп, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында екен.

Жалпы, жұмыссыз жастарды ақпараттандыру мақсатында мансап орталықтарымен тұрақты түрде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Жыл басынан бері 38 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілген. Онда 425 жұмыс берушіден 3454 бос жұмыс орны ұсынылып, жәрмеңкеге қатысқан 1933 жұмыссыздың ішінен 386 адамға тұрақты, 149 адам уақытша жұмысқа орналастырылды. Жәрмеңкеге барып, олжалы қайтқандардың 78,7 пайызы жұмыссыз жастардың үлесінде.Бұған қоса, тамыз айының 20-нан бастап tanda.enbek.kz платформасында бос жұмыс орындарының онлайн жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Пилоттық режимде өткізілген жәрмеңкеде 18 жұмыс берушіден 281 бос жұмыс орны ұсынылып, 1102 аймақ тұрғыны қызығушылық танытып, оның 132 жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Келесі онлайн жәрмеңке қазан айының 1-ші онкүндігінде аталған порталда өтеді.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<