Жауһар жырдың жорғасы

1926

0

Архив – тарихи деректік құжаттар сақталатын алтын қазына. Қызылорда облысының мемлекеттік архивінде Ұлтымыздың жыршылық, жыраулық дәстүрін жалғастырушы, жырау-педагог, фольклортанушы-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орде­нінің иегері А.Алматовтың жеке тектік құжаттары сақталуда.

А.Алматов 1956 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Қорқыт станциясында туған. 1982 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының музыка-педагогика факультетін бітірген. Еңбек жолын Қызылорда қаласында 1982-1987 жылы Облыстық халық шығармашылығы орталығында әдіскерліктен бастаған. А. Алматов 1987-1990 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында стажер-зерттеуші, оқытушы, «Халық әні» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

1998 жылы А. Алматовтың жетекші авторлығымен Қорқыт Ата атындағы Қы­зылорда мемлекеттік уни­верситеті жанынан «Дәстүрлі өнер жыр» мамандығы бойынша негізгі жоғары білім беру мемлекеттік стандарты, оқу жоспары, оның толық оқу-әдістемелік кешенін жасап, осы мамандық бойынша 1998-1999 оқу жылына алғашқы студенттерді қабылдады. Осы киелі шаңырақта табан аудармай жиырма бір жыл еңбек еткен уақытта, жүздеген шәкірт тәрбиеленді. Бүгінде шәкірттері – филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Байбосынова, доцент Шолпан Бейімбетова, доцент Руслан Ахметов, ха­лықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Серік Жақсығұлов секілді талантты жыршыларды білмейтін қазақ кемде-кем.

А.Алматов 2011 жылдың қазан айнынан бастап Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қорқыт Ата атындағы өнер зерттеу институтының директоры, 2012 жылдан бастап Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасының профессоры болды.

Жыраулық дәстүрді насихаттау және ғылыми тұрғыда дәлелдеу жолында А.Алматов 1985 жылы Франция, Италия, Швейцарияда өткен «Фольклорлық музыкалық турнеге» және Моңғолиядағы «Азия халықтарының музыкалық симпозиумына» қатысты. 1993 жылы Голландияның Амстердам қаласындағы «Музыкалық фестивальға», 1996 жылы Американың Медисон университетіндегі лекция-концертке, 2001 жылы Египетке қазақстан Республикасының 10 жылдығына орай өткізілген мәдениет күндеріне, 2007 жылы Голландияда, Бельгияда өткен «Орта Азия халықтарының музыкалық фестивальдеріне» қатысты.

1985 жылы Мәскеу қаласында өткен ХІІ Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты атанды. Сол жылы Монғолияда өткен – «Азия халықтарының халықаралық музыкалық симпозиумына» қатысып, лауреат болып оралды. 1993 жылы Францияның астанасы Париждегі «Chatelet» театрында жеке концерт беріп, 1994-1995-1997 жылдары Ленинград, Якутск, Алматыда өткен дүниежүзі халықтарының эпостық жырлары проблемасы бойынша «Лорд» халықаралық ғылыми конференциясында баяндама жасады. 2002 жылы Лондондағы «Елизабет-Холл» сарайында, 2003 жылы Американың Нью-Йорк, Вашингтон қалаларында жеке концерт берген, 2007 жылы Голландия, Белгияда өткен «Орта Азия халықтарының музыкалық фестивальдеріне» қатысып, қазақтың жыршы-жыраулық өнерін күллі Еуропаға, әлемдік сахнаға шығуына алғаш жол салды.

  Дәстүрлі өнерді дәріптеген оның еңбегі лайықты бағаланды. 1985 жылы КСРО Композиторлар одағының Құрмет грамотасымен, 1992 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы құрметті төсбелгісімен марапатталса, 1993 жылы доцент ғылыми атағы, 2003 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, 2003 жылы Қазақстан Білім Беру ісінің Құрметті қызыметкері, 2006 жылы Президент жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», 2008 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры атақтары берілген. 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі мен 2013 жылдың Елбасының жарлығымен жоғарғы мемлекетік марапат «Парасат» орденін иеленді. Л. Н. Гумелев атындағы Ұлттық университетінің «Күлтегін» алтын медалімен, Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлері ұйымының «Батыр шапағаты», «Бауыржан Момышұлы атындағы» төсбелгілермен марапатталды.

А.Алматов тек орындаушы ғана емес, үлкен ғалым. Ол Токио университетінде қорғалған Норико Тодоның «Қорқыттың музыкалық мұралары» тақырыбындағы дисертациясына, Дэвид Кобектің Американың Висконсон университетінде қорғалған «Сыр бойының жыраулық дәстүрі» атты диплом жұмысына ғылыми жетекшілік еткен. Жыраудың қаламынан туындаған терме, толғау, насихат сөздермен бірге тарихи тақырыпқа жазылған «Қазына» және «Шыңғыснама» атты тарихи эпопеялық көлемді туындылардың авторы.

Ата-бабадан қалған саф алтын дәстүрлі өнерді тарихи жәдігер ретінде сақтап қалған, жыршылық өнерді биік белеске көтерген ардақты азамат, өнегелі ұстаз, жауһарлы жырдың жорғасы – Алмасбек Алматов  жайлы архив құжаттары осылай сыр шертеді.

А. Байменова,

архив құжаттарын пайдалану

және жариялау бөлімінің  ІІ санатты палеографы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<