Жеңіс тұғырындағы жерлестер

1196

0

Таиланд астанасы Бангкок қаласында өткен 22 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатында қызылордалық қос спортшы жеңімпаз тұғырына көтерілді.

Құрлықтық додада қыздар арасында сынға түскен Гүлсая Ержан (81 келі) финалда таиландтық Пурниппа Чутимен қолғап түйістірген еді. Жекпе-жек тартысты өтті. Шаршы алаң төрінде қарсыластар бір-бірінің осал тұсын табуға тырысты. Төрешілер бірінші раундта таиландтық боксшының жеңгеніне қолдау білдірді. Екінші кезеңде жерлесіміз басымдығын арттырды. Нәтижесінде жалпы қорытындыда төреші Гүлсаяның қолын көтеріп, жеңіске жеткенін мәлім етті. Ол былтыр Иордания астанасы Амман қаласында ересектер арасындағы додада күміс жүлдеге қол созған еді.

– Барлық қарсыласымның дайындығы жоғары болды. Финалдағы таиландтық боксшысымен жекпе-жегім өте қиын тиді. Қолдау білдірген барлық жанкүйерлерге ризашылығымды білдіремін, – деді Гүлсая.

Сыр өңірінің тағы бір саңлағы Нұрсұлтан Алтынбек те (54 келі) құрлықтық додада өзін жақсы қырынан таныта білді. Финалдағы филиппиндік Флинт Джарамен жекпе-жегінде де сыр берген жоқ. Осылайша жастар арасында Азия чемпионы атағын жеңіп алды.

– Жекпе-жек барысында сәттілік серік болды. Финалда жолыққан филиппиндік қарсыласым осал емес екен. Бар күшімді салып, алға қойған мақсатты орындадым. Азия чемпионатында мол тәжірибе жинақтадым. Енді Өзбекстанда өтетін Әлем чемпионатына дайындықты бастаймын, – деді ол.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<