Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында өткен жылғы атқарылған ауқымды жұмыстар туралы баспасөз конферециясы өтті. Оған сот төрағасы Г. Мырзатаева, облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі алқа судьялары К.Қаниева, Ш.Мәлікова қатысты.
Былтыр 1201 талап қою ісі түскен. 88 әкімшілік іс қалдықта қалып, 32 әкімшілік іс біріктіріліп, 6 іс соттылығы бойынша жолданған. Барлығы 1198 әкімшілік іс аяқталып, оның ішінде 343 іс бойынша шешім шығарылған. Қанағаттандырусыз қалған 71 іс болса, 588-і қайтарылған, 185 әкімшілік іске жазбаша шешім шығарылған. Медиация рәсім тәртібімен 261 іс аяқталған. Сонымен қатар 1029 әкімшілік іс бойынша сот актісі заңды күшіне еніп, 167 әкімшілік іске апелляциялық және жеке шағымдар түскен. Сотқа еңбек, тұрғын үй, жер дауы, мемлекеттік сатып алу, салық, интеллектуалды меншік дауы, қоршаған ортаны қорғау, сот орындаушыларының әрекетіне дау айту, денсаулық сақтау, құқық қорғау, сәулет және құрылыс, сақтандыру салалары бойынша істер түскен. Оның ішінде ең көбі – жер дауы, яғни 466, сот орындаушыларының әрекетіне байланысты 253 іс қаралған.
Жыл ішінде 124 ұйғарым шығарылып, мемлекеттік мекемелерге тиісті шара көруге жолданған. 105 жеке ұйғарым бойынша мекемелерде кемшіліктер мен заң бұзушылықтарға жол берген қызметкерлерге тәртіптік шара көрілгені, семинар сабақтары өтіп, талқыланғаны жайлы жауап хаттар түскен.
Әкімшілік іс жүргізу тәртібімен негізінен жария-құқықтық қатынастардан туындаған даулар қаралады. Жаңа принциптермен қаралып, соттар өз бастамасымен қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинай алады.
Сот шешімдерінің орындалуы ұдайы бақылауда. Орындамалмаса процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға негіз болады. Жауапкер соттың шешімін, татуласу рәсімдерін жүргізу нәтижесінде жасалған келісімдерді бекіту туралы ұйғарымды орындамаса, 50 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алынады. Егер оны да орындамаған жағдайда қайтадан қосымша шаралар қолданылады.
Сот мемлекеттік органдар мен заңды тұлғалардың қатысуымен дөңгелек үстел, тренинг, семинарларды тұрақты ұйымдастырып келеді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<