Жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды – Тоқаев

298

0


Жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Комиссия (Жер реформасы жөніндегі комиссия) жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек. Басты міндеттің бірі – комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың ерекше ашықтығын көрсету. Біз жерге қатысты қоғам тарапынан көтерілген барлық мәселені дұрыс және тиімді шеше аламыз деп сенемін», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бұл шешімдер ең алдымен, ел экономикасын дамытуға және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналатындығын баса айтты. «Ең бастысы, жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, бүгін ҚР Президенті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<