ЖИ көмегімен жасалған контент міндетті түрде таңбалануы тиіс

6

0

Елімізде «Жасанды интеллект туралы» заңның нормалары ресми түрде күшіне енді. Мұнда ерекше мән бере кететін мәселе, енді жасанды интеллект көмегімен жасалған контент міндетті түрде таңбалануы тиіс. Тиісті норма жасанды интеллект туралы заңда көзделген деп хабарлайды Stan.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Заңға өткен жылы қол қойған болатын. Аталған Заңның 21-бабына сәйкес, фото-видео, аудио немесе мәтін болсын егер ол жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өңделген болса, пайдаланушы бұл туралы анық әрі түсінікті түрде ескертуі тиіс.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының мәліметінше, жасанды интеллектпен жасалған контент таңба­лан­баса, ол адамдарды адастыруы мүм­кін. Сондықтан БАҚ, блогерлер мен плат­формалар жасанды интеллект қол­дан­ғанын ашық көрсетуі керек.

«Заң және тәртіп»: Сауаттылық айлығы

Еліміздегі білім беру ұйымдарында «Заң және тәртіп» құқықтық сауаттылық айлығы басталды. Бұл іс-шара білім алушылар арасында құқықтық мәдениетті көтеру, құқықбұзушылықтардың алдын алу және құқыққа деген құрметті қалыптастыруға бағытталған деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясындағы «Заң және тәртіп» құқықтық сауаттылық айлығы 8 қаңтардан бастау алды. Оған еліміздегі барлық білім беру ұйымдарының оқу­шылары мен колледж студенттері қатысуда.

Айлық аясында заң нормаларын түсіндіру, құқықбұзушылықтың сал­дары туралы ақпараттандыру бағы­тында білім беру ұйымдарында түрлі кездесулер, дәрістер, дөңгелек үстелдер, тренингтер және өзге де іс-шаралар ұйым­дас­тырылады. Өткізілетін шара­лар бары­сында уәкілетті орган­дардың өкіл­дерімен бірге білім алу­шыларға құқық­бұзушылық түрлері мен оған қатысты жауапкершілік туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Көкпар бағдарламаға қайта енді

Өткен жылы қазақ көкпары елімізде өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарынан кейін осы іс-шараның бағдарламасына енбей қалған болатын. Биыл Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қайта қосылды. Көкпар федерациясының президенті, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров күзге салым өтетін этноспорт аламанына ұлттық ойынымыз көкпардың енгенін айтты, деп жазады Egemen.kz.

Расында бұған дейін ойындар тізімінде көкпардың болмауы қоғам тарапынан біраз талқыға түсті.

«Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, қырғызстандық әріптестермен талқылай келе осындай шешімге қол жеткіздік. Көкпар да, көк бөрі де қазақ пен қырғыздың ұлттық болмысын айқындайтын негізгі спорт түрі. Бұл – тек ойын емес, ұрпақтар сабақтастығы, ортақ мәдени код. Сондықтан мұндай халық­аралық жарыстарда спорт достық пен бірліктің көрінісіне айналуы керек», деді А.Қожаназаров.

Бұл ұлттық ойын басқа қатысушы елдер үшін де маңызды. Себебі көкпар Қазақстаннан бөлек ойынға келетін Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ау­ған­стан сияқты бірқатар елдерде де кеңінен таралған.

Сонымен VI Дүниежүзілік көш­пелілер ойындары 2026 жылғы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғыз­станда өтеді. Жарыс бағдарламасында 43 ұлттық спорт түрі бар. Этноспорт аламанына шамамен 100-ге жуық елден спортшылар қатысады деп жоспарланып отыр.

«СБ» ақпарат