Жылумен қамту мәселесі назарда

416

0

Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен жиын өтті. Мәжілісте күн тәртібіндегі маңызды деген жылу беру маусымының өту барысы туралы қаралды. Жиынға дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері «ZOOM» платформасы арқылы қатысты.

Алдымен жылу беру маусымының өту барысы туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Ш. Есжанов баяндады. Бөлім басшысының мәлімдеуінше аудан көлемінде әлеуметтік-мәдени маңызы бар нысандарға жоспар бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілген.
«Бүгінгі күні жылу беру маусымына қажетті отын әлеуметтік нысандардың сиымдылығына қарай толық жеткізілуі қамтамасыз етілген.
Алдын-ала есептемелерге сәйкес, 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымында қатты отынға тұрғындардың қажеттілігі 27 560 тонна болса, әлеуметтік нысандарға 5620 тонна қатты отын және 3000 тонна сұйық отын қажет деп жоспарланды. Бүгінгі күні әлеуметтік нысандардың отын қоймаларында биыл тасымалданған және мердігерлермен жасалынған келісім шарттардың міндеттемесіне сәйкес 5633 тонна қатты отын, 2526 тонна сұйық отын қоры жасақталған»,- деді бөлім басшысы Ш. Есжанов.

Аудан әкімі С. Сермағамбетов көмір тапшылығы мен бағаның күрт өсуін болдырмауды және қала, кент, ауылдық округ әкімдері, сала басшылары, коммуналдық қызметтің жетекшілері жылу беру маусымын ешқандай кедергісіз өткізу қажеттігін айтты. Бұл жұмыстар бойынша ұдайы мониторинг жүргізіп, нәтижесі бойынша мәліметтерді аудандық штабқа тұрақты түрде ұсыну керек екендігін жеткізді.

Сондай-ақ Серік Сағитжанұлы аудандық төтенше жағдайлар бөліміне барлық әлеуметтік нысандарда өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы бойынша бақылау жасауды және тұрғындарға өрт қауіпсіздігі мен газды пайдалану ережелері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жалғастыру қажеттігін тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<