Жылжымалы кешен ауруды ерте анықтауға жәрдемдеседі

2000

0

Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен аймақта бірнеше жоба іске асуда. Өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдары материалдық-техникалық жабдықтармен қатар, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтылды. Осы орайда, кеше облыстық онкология орталығына «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы алынған жылжымалы медициналық кешенді табыстау рәсімі өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мұндай медициналық кешен республика бойынша 3 өңірде ғана іске қосылғанын атап өтіп, қорға алғыс білдірді.

– Біз былтырдан бері «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен әріптестік байланыстамыз. Қор екі жылда аймақтың денсаулық сақтау саласына 2 млрд теңге қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылып, аса қымбат дәрі-дәрмектер алынды. Бүгін қор онкология орталығын республика бойынша 3 облыста ғана бар, 1,1 млрд теңгенің скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етуде. Жылжымалы кешен табысталатын 3 өңірдің бірі ретінде Қызылорда облысын таңдаған «Қазақстан халқына» қорына Сыр жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымызды білдіріп, алғысымызды айтамыз. Кешен Арал мен Жаңақорған аралығындағы халықтың денсаулығындағы кінәратты ерте анықтаудың мүмкіндігін ұлғайта түспек, – деді облыс әкімі.

Іс-шарада «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры директорының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева облыстық онкология орталығының бас дәрігеріне жылжымалы медициналық кешеннің кілтін табыстады. Бұл өз кезегінде шалғай елді мекендердегі тұрғындардың жоғары мамандандырылған медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға, орташа өмір сүру жасын ұзартуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, екі көліктен тұратын жылжымалы медициналық кешен томосинтез функциясы бар сандық маммографиялық жабдықпен, сарапшылық деңгейдегі ультрадыбыстық жүйемен және жоғары дәлдікпен зерттейтін компьютерлік томографпен жабдықталған. Құрылғылар Жапонияда жасалған. Мұндай кластағы және конфигурациядағы медициналық жабдық Қазақстанда алғаш рет қолданысқа берілуде.

– Бұл медициналық жабдықтар аудан, әсіресе, шалғай ауылдағы халыққа тиімді болады. Біз арнайы жоспар жасадық. Осы арқылы аудандардағы ахуалды бақылап, қай жерде аурушаңдық жоғары, сол елді мекендерге жылжымалы кешен қызмет көрсетеді. Қазір Байқоңыр қаласынан бастау жоспарлануда. Қай ауданға барса да жылжымалы кешен он күндей сонда аялдап, келген халық арнайы мамандар көмегімен тексеруден өте алады, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов.

Республика бойынша пилоттық өңір ретінде таңдалған Алматы, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында «QH Денсаулық жолы» жобасының іске асырылуы онкологиялық ауруға шалдыққандарды ерте сатыда анықтауға мүмкіндік береді. Халықты онкологиялық скринингпен қамту бойынша қазіргі жоспар 60 пайызды құрайды. Енді осы жобаны енгізу арқылы пилоттық өңірлер бойынша тексерумен қамту 70 пайызға дейін ұлғайтылмақ.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<