100 доллардан қашан асамыз?

2451

0

Жуырда әлем елдері биылға арналған ең төменгі жалақы мөлшерін бекітіп, жариялады. Осы рейтингте Қазақстан 88 доллармен яғни 42500 теңгелік көрсеткішпен ең соңғы орынға жайғасқан. Бір қызығы, тәуелсіздігімізді қатар жариялаған елдер бізден көш бастап тұр. Ал жалақының басым бөлігін тамақ алуға жұмсайтын елдер рейтінгісінде Қазақстан Африка елдерінің қатарында Нигерия, Кения, Камеруннан кейінгі 4 орында. Бұл да қуанатын жағдай емес. Себебі дамыған елдер жалақысының 7-12% ғана тамаққа жұмсайды. Ал біздің елде қымбатшылық шарықтау шегіне жетті. Бұлай қол қусырып отырсақ, ертеңгі күніміз не болады? 

42500 теңге бір ай өмір сүруге жетпейтінін билік білмейді емес біледі. Бірақ неге екені белгісіз бұл көрсеткішті көтеруге құлықсыздық танытады. Еліміздің Қаржы министрлігі «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңының жобасын әзірледі.

– 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап: жалақының ең төмен мөлшерi – 42 500 теңге; мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 18 524 теңге; зейнетақының ең төмен мөлшерi – 42 272 теңге; жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу, сондай-ақ ҚР заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдердi қолдану үшiн айлық есептiк көрсеткiш – 2 917 теңге; базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 34 302 теңге болып белгiленсiн, – делінген заң жобасында.

Бұл заң жобасы екі жылға бекітілгендіктен, 42500-ден әзір арылмаймыз. Ал Ұлттық экономика министрлігі жасаған статистикаға сүйенсек, елдегі орташа айлық 210000-нан асады-мыс. Ең төменгі жалақы мөлшері мен орташа жалақы мөлшерінің арасы жер мен көктей болып тұрғаны. Бір қызығы, еліміз ең төменгі жалақы мөлшерінің рейтінгісінде ең соңғы орында тұрғанымызбен, айыппұл салуда көш басында екенбіз. Мысалы, Испанияда ең төменгі жалақы мөлшері теңгеге шаққанда 525 000 теңге болса, ал бетперде тақпағандар үшін айыппұл мөлшері – 50 мың теңге. Сондай-ақ Франция мен Нидерланды елдерінде де төменгі жалақы 800 мың теңгеден жоғары, ал айппұл – 45 мың теңге. Әріге бармай-ақ көршілес Рессейді мысалға алар болсақ, ең төменгі жалақы мөлшері 58 мың болса, айыппұл мөлшері – 29 мың. Ал бізде ше? Ең төменгі жалақы 42500, ал айыппұл одан екі есе жоғары 83 мың теңге. Осы көрсеткішке қарап, елдегі айыппұл мөлшерін бекітетіндер ең төменгі жалақы мөлшеріне қарай емес, жоғары жалақы көлеміне қарай есептей ме деген ой келеді. Өткен жылы 3 айдың ішінде бетперде тақпағандар төлейтін айыппұл сомасы – 62 миллион теңгеден асқан. Одан кейін де бұл көрсеткіш көлемі артпаса, кеміген жоқ.

42 мың 500-дің жыры мұнымен бітпейді. 2011 жылы елдегі ең төменгі жалақы мөлшері 15999 теңге, яғни 100 доллар. 2021 жылы да ең төменгі жалақы 42500, тағы да 100 доллар. Қанша жыл өтседе 100 доллардан әрі аса алмай келеміз.

А.ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<