«Ағашта бұтақ көп, қамшыға сап болатыны біреуі ғана» деген халық сөзі ойға оралса сана толғанысқа түсіп, сағымға айналған сағыныш талай есті дүниені еске салады. Желкілдеп өсіп келе жатқан жігіттік шағымыздан бастап, кешеге дейінгі кезеңді көңіл көкжиегінде кестелей кетеді. «Өткеннің өнегесі өшпейді» деген бәлкім осы болар.
Ерге лайық мінезімен, ерен ерлік, еселі еңбегімен әулетіне ғана емес, аймақ халқына, қала берді республикадағы әріптестері арасында үлкен құрметке ие Серікбол Тұңғышбаевтың тұғыры мен тұлғасы көз алдымда көлбеңдей берді. Тәңір бойды да, озық ойды да қатар берген құрдасымның келбетті бейнесі, жымиған жүзі жүрекке жылы ұялап, онымен дидарласқандай болдым.
Пах шіркін десеңші, кімсің, Серікбол еді ғой. Мүсіні мен мінезі, ісі мен сөзі үйлескен атпал азаматты жігіт атаулының сұлтаны демеске шараң жоқ. Мейлінше мысы басып тұратын мықтының бірі болса, оның айбарлы абадан, қастерлі қазанаттай қасиеті тым бөлек-тін. Ал барша іске бірден бел шешіп кірісетін кәсіби шеберлігін айтсаңыз, біліктілігіне шәк келтіре алмас едіңіз. Оған, әрине, туа біткен мінез керек. Серікбол сондай саңлақ еді ғой.
Полицияның пәрменді қызметінде Серікболдың өмірде қандай адам, қандай маман, іскер басшы болғанын, қандай адамдармен араласып, қандай ортада өсіп, қызмет еткенін, еліне қандай еңбек сіңіргенін көріп, кейінгі ұрпаққа қалдырған аманатын бағамдауға әбден болады. Бұл азаматтың мына жалған фәниде тағылымға толы өмір сүргенін, ғибратты ғұмырында жақсы істерімен артына жақсы атын қалдырғанын, жан-жағындағы адамдардың барлығымен де жылы араласып, жұртқа қадірлі болғанын барлығымыз да білеміз. Қандай қызмет атқарса да, қай ұжымда, қандай ортада жүрсе де, сөйлеген сөзіне істеген ісі сай болып, жүрген ортасына қадірлі еді.
Серікбол Тұңғышбаевтың елге сыйлы болуының бір сыры оның адамгершілік қасиетінің жоғары деңгейде болғанынан деп түсінемін. Ол жайында кез келген адаммен сөйлесе қалсаңыз, оның мәдениеттілігін, қарапайымдылығын, ешкімге тәуелді болмай, жалтақтамай тіке жүретінін, өз ойын, пікірін ашық айтатынын, қасындағы жолдастарының айтқан ойларымен, пікірлерімен санасатындығын айтары анық. Негізінде, «мәдениетті адам өзін-өзі қарапайым, табиғи жағдайда ұстайды, кез келген жерде бірдей мінез көрсетеді, өзін қоршаған басқа адамдармен қарым-қатынас орнатқанда олардың қызметіне, лауазымына, туысқандық байланысына қарамайды, керісінше олардың кісілігіне, мәдениеттілігіне қарап қарым-қатынас жасайды. Ол өз-өзіне сын көзбен, өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Өз пікірін өткізуге тырыспай, басқаларды да тыңдайды. Жалпы алғанда, «басқа адамдардың өз пікіріне, іс-әрекетіне көзқарасын бағалау – адам мәдениетінің көрсеткіші» деген анықтама бар. Серікбол Қуатбайұлының өмір жолында жақын араласқан адамдарына қарайтын болсақ, бұл анықтама дәл өзі жайлы жазылған ба деп қалуға да болар еді. Тіпті бірегей тұлғалармен, ойлы, мәдениетті жандармен араласқанынан-ақ біраз нәрседен хабар алуға болады. Адам – қоғамның мүшесі, соның ішінде өмір сүреді, одан тыс қала алмайды. Адамды табиғат жаратқанымен, оны өсіріп, тәрбиелейтін – қоғам. Неміс ақыны И.Бехердің «Адамдар тек адамдар арасында ғана адам бола алады» дегені де бар. Десе де, біз адам әлемін тануды, тіпті қасымызда жүрген жолдасты, күнделікті қоян-қолтық қатынастағы әріптесті бағалай алмай, көп нәрседен кеш қалып жатамыз. Бәлкім, бір кем дүние деген осы болар.
Қазақта «Құрдастың құдайы бір» деген сөз бар. Сол сөз рас, біз түйдей құрдас едік. Екеуміз де 1959 жылы туғанбыз. Еңбек жолымыз да ұқсас. Салалық жүйесі бөлек болғанмен, жауапкершілігі бірдей қызмет.
Ол бүгінгі Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылынан. Қарапайым отбасынан шықса да әкесі Қуатбай мен анасы Ұмытшақтың тағылымды тәрбиесі арқасында бойын болашаққа тіктеген тізгін тартар азамат болып өсті.
Жалпы, ол жастайынан зерек бала болып өссе керек. Нақтысы, сегіз қырлы, бір сырлы дегендей. Өйткені балалық шағынан заманның қиындықтарына қарамастан, өз әулетінің тірегі болуға тырысты. Өнерге жақын, өлеңге құмар қабілеті ауылдағы мәдени-көпшілік шараларда бесаспап шебер биігінде бағаланды. Қамбар атаның қасиетті төлі – жылқы малын жанындай сүйді, баптап бәйгеге қосты. Аламан шаршы топта тек қазақтың жақсы атын шығаруды көздеді. Жалпы, бекзат болмысында кіршіксіз көңіл болды. Қысылғанға қамқор, қиналғанға қол ұшын созды. Өзін өзгеден жоғары ұстамады. Кең адамның кем болмайтынын іс-әрекетімен, болмысымен дәлелдеді.
Өмір өзенінің ағынында оның тағдырында жаны жайсаң жақсы ағалар, ұлағатты ұстаздар көп кез болған. Сондықтан да олар Сәкеңнің сомдалып, қалыптасуына үлкен әсер еткен секілді.
Серікбол әскери борышын Әзербайжан елінде өтеген соң №3 АТП базасында жүргізуші болып жұмыс жасады. Ал 1980 жылы Қызылорда қалалық ішкі істер бөліміне қарасты №2 арнайы комендатурасында кезекші милиционер болды. Осында үш жыл тәжірибе жинақтап, Брянск қаласындағы арнаулы милиция мектебіне түсті, оны бітірген бойда қалалық ішкі істер бөлімі қылмыс іздестіру бөлімшесінің оперативтік уәкілі лауазымына орналасты. Біздің қызметтік қадамымыз осы жерден түйісті. Алғашқы таныстығымыз – жолдастыққа, одан достыққа айналды. Ия, «досты іздеп таппайсың, тағдыр өзі әкеліп қосады» деген рас сөз екен. Ол досқа адалдығын ісімен де, ізетті қатынасымен де, сыйластығымен де дәлелдеп кетті.
Милиция ішінде мүлгіген тыныштық болмайды. Тапсырма үстін-үстін түседі, содан үйдің бетін көрмейтін кезең басталады. Күндіз қылмыс іздестіруді жедел атқару міндеті атқарылады да кешкісін іс қағаздарымен айналысуға тура келеді. Ал түн мезгілі қылмыстың өршитін уақыты. Тағы тыным жоқ. Біздің жұмыс кабинетіміз кейде жатын бөлмеміз секілді, ол ешкімге таңсық емес. Серікболдың спортта шыныққан сергек қасиеті мен еңбекқор, ізденімпаз ерекшеліктері әрбір істе шұғыл шешім қабылдауына, күдіктіні ізін суытпай құрықтауына септігі көп тиді. Сонымен қатар ол сезімтал еді. Оқиға орнында әрбір детальға мән беріп, болмашыдан болымды мәселені аша алатын. Кісі өлімін үш тал шаш арқылы анықтаған кәсіби шеберлігі көп жылғы тәжірибесінің жемісі болатын.
Сонымен Серікбол қысқа уақытта қалалық ішкі істер бөлімінің аға оперативтік уәкілі, бөлімше бастығының орынбасары, бөлімше бастығы деңгейіне дейін өсті. Былайша айтқанда, қылмыс іздестірудің қырағы қызметкеріне, өз кәсібінің кәнігі маманына айналды.
Бір жағдайға әлі таңмын. Серікбол Қуатбайұлы қылмысты іздестіру бөлімшесінің, қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы немесе облыстық ішкі істер басқармасы криминалды полиция қызметінің бастығы кезінде аймақ көлемінде ауыр қылмыстар бірінен соң бірі орын алып отырды. Оның ішінде, облыста бірінші рет адам ұрлығы тіркелді. Әйтеуір қай қылмыстық іс болмасын, Серікболдың оперативтік жедел әрекеті мен ұтымды ұйымдастыруы арқасында қиюы қиын жағдайлардың лезде түйіні тарқатыла кететін. Анықталмаған қылмыс болған емес.
Оның қызметтік өсу жылдары жалғасып жатты. 2000-2007 жылдары Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары болды. Бастықпын деп кабинеттен бұйрық беріп, өзін өзгеден биік ұстаған емес, менменсіген мінез оған жат қасиет еді. Арнайы топпен ілесіп өзі жүретін. Білгенін үйретіп, жастарға ақыл-кеңесін аямайтын. Серікболдың осы әдебін басқарма басшысы болған әрбір тұлға жақсы бағалады, сондықтан оған көп сенім артатын.
Бірде басқарма басшысы, полковник Тастемір Рахимов үлкен сенім жүктеп, өзіне орынбасар және қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы етіп екі қызметке бірден тағайындайды. Сонда Серікбол Қуатбайұлы не істеді дейсіз ғой. Ол кезде қалалық ішкі істер бөлімінің жеке ғимараты да жоқ еді. Бүгінгі күзет басқармасы орналасқан ғимарат қаңырап бос тұрған. Алқам-салқам нысанды бюджеттің бір тиынын шығын етпей, достары мен сыйластарының көмегімен қанттай етіп қатарға қосты. Ішін оргтехникамен қамтыды. Дәл осындай жағдай Тасбөгет полиция бөлімінде басшы болғанда да орындалды. Бұл өте сирек құбылыс, адамның адамы ғана істей алатын мүмкіндік болатын.
Өз саласының үздігі, талап пен тәртіпті жоғары қоятын Серікболдың соңғы қызметтері Қазалы, Арал аудандық ішкі істер бөлімдерінде жалғасып, 2008 жылы денсаулығына байланысты еңбек зейнетіне шықты. Зейнеткерлікке шыққаннан соң да ол Қызылорда облысы Ішкі істер органдары және Ұлттық Ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Полиция саласының ардагерлеріне барынша қамқорлық жасап, оларды әлеуметтік жағынан қолдауға еселі еңбек етті.
Серікбол Тұңғышбаев туралы тағылымға толы естелік баршылық. Ол полиция саласында қызмет етуді армандаған азамат ретінде өзінің қабілет-қарымын, біліктілік биігін, кәсіби шеберлігін, басшылық беделін жан-жақты көрсетті. Ерен еңбегіне сай бірнеше мәртебелі марапатқа ие болды. Тіпті оның қылмыстарды анықтап, ашудағы жинақы, шапшаң, сауатты әдіс-амалдарын ҚР Ішкі істер министрлігі алқалы жиындарда үлгі етіп ұсынды.
Ер деген қашанда елдік, ерлік істерге араласпай тұрмайды. Зейнеткер кезінде облыста қасақана жасалған қылмыс салдарынан адам өлімі болып, ол шұғыл араласуға тура келді. Мәселені созбалаңға салмай, өзінің әріптес зейнеткер достарын жинады да іске кірісті. Оперативтік іздестіру нәтижесінде күдіктілер бой тасалап кете алмады. Олар Жамбыл облысы Жуалы ауданының азаматтары болып шықты. Дереу құрықтап, ішкі істер департаментіне тапсырды. Міне, ол осындай азамат еді.
Өмір деген ертегі емес, елес те емес, бір сәттік дүние де емес. Өкініштісі, достарды ажал ғана айырады екен. Біз қапыда досымыздан айырылдық. Серікболмен қоштасуға аяқ жетер жердегі еліміздің құқық саласының бірталай тарландары жиналды. Жаназа намазына жиналған халықтың санына жету мүмкін болмады, жанашыр достары мен өмір жолында сыйласып өткен қарапайым халық көп болды, аза тұтты, абзал азаматтың артында қалған отбасымен бірге қайғырды, ағайын-туғандарына көңіл айтты.
Осылай жүрегі жырлы, көңілі нұрлы Серікболды қара жердің қойнына қидық. Амал қанша, бірі келіп, бірі кеткен дүние кезектің бұл – бұлжымас заңы. Керуен көші алға жылжып, өшпес естеліктер артта қалады. Бар білімі мен білігін сарқа жұмсаған есіл ердің есімі еңбегімен, ерлігімен ел есінде мәңгі сақталмақ.
Мұндайда хакім Абайдың «Адам өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі!» дегені еске түседі. Біз алдағы уақытта Серікбол Тұңғышбаев туралы естелік кітабын шығаруды ұйғардық.
Қандай да бір жетістікке жеткен ер адамның артында мықты әйел тұратындығын өмірден көріп жүрміз. Демек Серікболдың осындай елге сыйлы болып, құрметке бөленуінің арғы жағында Гүлнардың үлесі үлкен екені дау туғызбайтын шындық.
Шүкір, Гүлнар Қабдешқызының қазақ әйеліне тән табанды әрекеті бір мысқал да кем түспеді, қайратын қайрап, жігерін жанып келеді. Ноғай халқында зайыбын, жұбайын жас дос дейтін көрінеді. Демек, біз Серікболға дос болсақ, Гүлнар Қабдешқызын нағыз жас досы деп дәріптей аламыз.
Бүгінде досымыздың артында қалған тұяқтары – Ғалымжан, Әміржан, Сабыржаннан бес немере өсіп келеді. Демек, досымыз ұрпағымен мың жасайды деп ойлаймын.
Сыр полициясының саңлақ өкілі Серікбол Қуатбайұлының өшпес өнегесін, іргелі істерін көз алдымызға елестете отырып, оның осы өмірдегі жеткен жетістіктері мен жүріп өткен жолдарын азды-көпті ұсындық. Әлі де айтарымыз бар, есті естелік мұнымен шектелмейді. Ол көзден кетсе де көңілден кетпейтіні шүбәсіз.
Қанат ӘБЕНОВ,
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрлігінің
еңбегі сіңген қызметкері,
министрліктің құрметті ардагері, отставкадағы полиция полковнигі





