Егінге орақ түсті

361

0

Бүгін Сырдария ауданындағы Шаған ауылының «Шаған Жер» серіктестігіне қарасты №2 өндірістік егіс бригадасындағы күрішке орақ түсті. Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, ауыл әкімі Нұғыман Жаңғабылұлы және шаруашылық директоры Жеңісбек Сыздықов пен еңбек ардагерлері қатысты.

– Біздің алдағы басты міндет – жерге егілген өнімді дер кезінде төкпей-шашпай, жауын-шашынға қалдырмай жинап алу. «Егінші – мәрт, жер – жомарт» демекші, өз нәсібін жерден алған диқан қауымы бұл жылдың айтарлықтай табыс­ты болатынына сенімді. Биылғы жылы диқандардың тынымсыз еңбектерінің арқасында жоғары өнім алынады деп күтеміз, – деді аудан әкімінің орынбасары Талғат Мейрамханұлы.

Шара барысында ауыл ардагерлері З.Тасбергенов пен Е.Балапанов ақжарма тілектерін айтып, еңбек майталманы Төлеп Мыханов дала диқандарына ақ батасын берді.

Мұнан соң шаруашылық директорының орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Әбдікәрім Серікбаев сөз сөйлеп, егін жинау маусымына сәттілік тіледі.

Айта кету керек, серіктестік биыл 3035 гектер алқапқа сыр салысын орналастырып, одан мол өнім алуға ниетті. Көктемгі дала жұмыстары кезеңінде күріштің янтарь және лидер сорттары орналастырылған болатын. Сонымен қатар 700 гектар алқапқа жоңышқа, 293 гектар бидай және 180 гектар алқапқа мақсары тұқымдары егілді.

Осы ретте шаруалар үшін техникалық база аса маңызды болып саналады. Ағымдағы жылы серіктестіктің базасы кеңейіп, жаңа техникалар алынды. Атап айтқанда, «Class Axion 820» маркалы – 6 трактор, «Zoomlion 1604» маркалы – 3 трактор, «Zoomlion 904» маркалы – 3 трактор, «Case 4099» маркалы – 1 комбайн, жаңа түрік соқасы, «Class Lexion 750» маркалы 2 комбайн, 3 лазерлік жоспарлаушы(лазерный планировщик), «Zoomlion 160» маркалы бульдозер – 1, экскаватор тиегіш(эксковатор погрузчик) – 1, телескоптық жүк тиегіш (погрузчик телескопический) – 1, дискілі тырма 4.5 метрлік (дисковая борона) – 1 және «MacDon» маркалы өздігінен жүріп шөп оратын машина(самоходная косилка) – 1 техникасы алынды.

Бүгінде серіктестік елді мекеннің 360-қа жуық тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып, өндірістік жаңа жобаларды іске қосуда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<