Елордада ақын Толқын Қабылшаның аудиокітабы жарыққа шықты

1785

0

Нұр-Сұлтан қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың ұйымдастыруымен ақын Толқын Қабылшаның «Осы бір сәт ұнайды» атты аудиокітабының тұсаукесері өтті.

– Бүгінгі тұсаукесерді ақынмен поэзиялық өлең кеші, оқырман мен автор арасындағы диалог және онымен фотосессия форматында өткіздік. Бұл – біздің «Дыбыстандырылған әлем» жобасы аясында жарыққа шығарып отырған екінші аудиокітабымыз. Біздің кітапханада өз студиямыз бар, аудиокітаптарды сонда жазамыз. Оқырмандардың сұрауы бойынша бұл жолы Толқын Қабылшаның «Осы бір сәт ұнайды» атты кітабын жазып шықтық, –дейді Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың басшысы Ғалым Нұрланов.

Белгілі саяхатшы-блогер, журналист, «Media-trend» мектебінің директоры Нұрбек Бекбау кітаптың тұсауын кесті. Театр актері Мұратбек Ілиястың орындауында ақын өлеңдері оқылып, кейін оқырмандарға автор қолтаңбасы бар аудиокітаптар таратылды. Тұсаукесер барысында автор мен оқырмандар емен-жарқын әңгімелесіп, шығармашылық турасында пікір алмасты.

Айта кетейік, «Дыбыстандырылған әлем» жобасы биыл басталған. Арнайы кітапхананың студиясында өзінің шығармашылығын аудиокітап түрінде тегін басып шыққысы келетін кез келген оқырман кітапхана басшылығына жүгіне алады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<