Ескі сарайды музейге айналдырған

157

0

Арал ауданында үйінің алдындағы екі бөлмелі ескі сарайды музейге айналдырған азамат тұрады.

Кейіпкеріміз Нұржан Іздібаев мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейді. Ескі дүниеге әуестігі екі жыл бұрын атасы мен әжесі тұтынған заттарды жинаудан басталған.

Бүгінде музей (бұл жерде біз «музей» деп шартты түрде атап отырмыз) қорындағы жәдігерлер саны мыңға жетті. Көбіне туған-туыс, дос-жаран, әріптестері қолға түскенін береді екен. Ал енді бір бөлігін әлеуметтік желідегі оқыр­мандары сыйға тартқан.

– TikTok парақшамда 24 мыңдай жазылушы бар. Тікелей эфирде хоббиім туралы айтып, көпшілікке қордағы дүниелерді көр­сетемін, таныстырамын. Плас­­тинка, кассетаға жа­зылған ретро әндерді тың­датып, кассета, DVD дискіге жазылған видео­лардан үзінді салып отырамын. Соған қы­зығушылық білдіріп, танымаса да қолында бар ескі дүниелерді сыйлыққа беріп жібер­гендер аз емес, – деді Нұржан Іздібаев.

Музей жәдігерлерінің ішіндегі ең көнесі – Ресей империясы кезінде қол­данылған, 1725 жылы шыққан тиын. Одан бөлек, 1973 жылы шыққан шаңсорғыш, 1978 жылы шыққан теледидар, шахтерлар қолданған 1950 жылғы телефон бар.

– Теледидарды үйдегілер атам бар кезде пайдаланған екен. Ал темір телефонды шахтада төтенше жағдай кезінде дабыл қағу, хабар беру мақсатында қолданған. Оны өзім сияқты кол­лекционерден 30 мың теңгеге сатып алдым. Ең қымбатқа сатып алғаным – әзірге осы, – деді музей иесі.

Мұнда майшам, магнитофон, үтік, үй телефоны, ұялы телефон, картинка, тағы басқа заттардың түр-түрі бар.

Әжесінің артынан келген сан­дықты, ол кісі тұтынған кебеже, аса­дал, диірменді де немересі көзінің қарашығындай сақтап келеді.

Кейіпкеріміз бұрнағы жыл­ғы еңбек демалысын жи­наған дүниелерінің шаңын сүртуге, оларды орын-орнына қоюға арнаған. Мұның өзі – көп уақытты қажет ететін жұмыс.

– Әлі әр заттың тұсына та­рихы, шыққан жылы, қайдан, кімнен алғаным туралы қысқаша мәлімет жазып қоюым керек. Оған көбіне мүмкіндік бола бермейді. Қызы­ғушылықпен бастаған ісіме әке-шешемнен бастап әріптестеріме дейін түсіністікпен қарайды, қолдайды. Қолға түскен құнды дүниелерді әкеп беріп, қорға үлес қосады, – деді коллекционер.
Жергілікті музейден хабарласып, жәдігерден үлес сұрағандар болыпты. «Өзімнен артылса, беруге дайынмын», – дейді Нұржан Іздібаев.

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»